Сингапурлық инвесторлар Шымкентте бірнеше балабақша мен мектеп салмақ

1378
Сингапурлық инвесторлар Шымкентте бірнеше балабақша мен мектеп салмақ. Шетелдік  KinderWorld білім беру тобы аталған жобаны «Шымкент сити» шағын ауданында жүзеге асырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
Жобаның  іске асырылуымен  «Kazakh invest» АҚ айналысатын болды.  Ал, серіктес ретінде бірлескен «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ӘКК құрылыс жұмыстарын қолға алмақ. Корпорацияның басқарма төрағасы Рашид Аюпов XII-ші Астана экономикалық форумына қатысып, KinderWorld International Group Ltd компаниясының асқарма төрағасы Рики Тэнмен кездесіп, жаңа жобаны талқылады.
«Біз бұрыннан-ақ Шымкент қаласында танымал шетелдік мектептер мен университеттердің филиалдарын ашу үшін шетелдік инвесторларды  білім беру саласына тартқымыз келетін. Жаңа кластерде, мектепте де, университетте де алынған академиялық білім Кембридждік мектеп білімі туралы Халықаралық жалпы аттестатты қоса алғанда, бағалаудың халықаралық өлшемдеріне сәйкес келетін болады. Біз жер учаскесін анықтадық, жақын арада жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу басталады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 3 жыл, ал жалпы құны — шамамен 20 млн доллар, бұл сома өсуі мүмкін», — деді Рашид. Аюпов.
Айта кетейік, Kinder World білім беру тобы 1986 жылы Сингапурда құрылған. Бүгінгі таңда Вьетнам, Малайзия және Тайландта 20 кампусы жұмыс істейді.