ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ 1100 ТОННА ШОКОЛАД ӨНІМІ ӨНДІРІЛЕДІ

1149
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Төлеби ауданына барды. Ол алдымен Бірінші Мамыр ауылындағы «Балмұздақ» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын жылына 3000 тоннаға жуық балмұздақ, 15 тонна тұшпара өнімін шығарады. Сондай-ақ, серіктестікке қарасты былтыр іске қосылған шоколадты глазурь және шоколад өңдейтін цехының жобалық құны – 800 млн. теңге.  Алдағы уақытта цехта жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өнімдері өндірілетін болады.  
Бұдан соң өңір басшысы Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Газпромнефть-Битум Қазақстан» ЖШС мұнай өнімдерін өңдейтін зауыттың жұмысын көріп,  «Шымкент Құс» ЖШС құс етін өндіретін цехының жаңа құрылыс жұмыстарымен танысты. 2019 жылдың қазан айында іске қосылатын жобаға 896 млн. теңге инвестиция тартылған.  Мұнда жылына 2500 тонна құс етін өндіру жоспарланған. Өмірзақ Шөкеев аудан басшысына құс етін өндіруді арттырып, кәсіпкерлерге қажетті жер телімдерін бөлуді жүктеді.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Қазығұрт бақтары» ауылшаруашылық өндірістік копперативінде де болды. Егіс алқабында бүгінгі таңда 265 000 көшет отырғызылған. 140 га аумақтың 110 гектары алма бау, ал қалған 28 гектардың құрылысы жүргізілуде. Көшеттің барлығы Италиядан әкелінген.  Соның ішінде Гренин Сит сорты – 50 мың, Айдаред – 50 мың, Голден делишес – 115 мың түп.  Сонымен бірге, Гала сорты 50 004 түп егілген. Жалпы егіс алқабына 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Онда Өмірзақ Естайұлы жауапты сала басшыларына қарқынды бау көлемін арттыру жөнінде тапсырма берді. Мол өнім алуда тамшылап суғару әдісінің тиімділігін айтты.
Аудандағы өндіріс орындарын аралаған өңір басшысы кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу жөнінде тапсырмалар беріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартатын жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі