Шымкенттегі кондитерлік фабрикада жаңа өндірістік желі ашылады

1206
Шымкент қаласындағы «Рахат-Шымкент» ЖШС-нде 2020 жылы жаңа өндірістік желі іске қосылады. Бұл жобаға компанияның басты акционері – кореялық LOTTE Confectionery компаниясы 5 миллиард теңге инвестиция құймақ. Мармелад пен қантты печенье шығару желісін жүзеге асыру нәтижесінде өндірістік қуат жылына 14 мың тоннаға дейін арттырып, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Шымкент әкімдігі мен «Рахат-Шымкент» ЖШС арасында жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеген ынтымақтастық меморандумы түзілді. Меморандум Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды механизм болып табылады. Сонымен қатар тығыз коммерциялық байланысты дамыту арқылы екі жақты инвестициялардың көлемін ұлғайту және технологиялардың трансферті үшін негіз болмақ.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Д.Жумин индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында іске қосылған «Рахат-Шымкент» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, фабриканың қала өнеркәсібін дамытуда айрықша үлесі бар екенін атап өтті.
«2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан фабрика ТМД, Еуропа, Қытай және Моңғолия елдері үшін өнім өндіреді. Бұл отандық өнімнің әлемдік стандарттарға сай екенін көрсетеді», — деді Д.Жумин.
Толықтай соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған зауыт бүгінде 30-дан астам атаумен 4 түрлі өнім өндіреді. Фабрикада 2018 жылы 9 млрд теңге болатын 21 мың тонна өнім шығарған.
Дереккөз:ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ