Шымкенттегі керамогранит зауытының өндірісі кеңеюде

1424
Шымкент қаласындағы «Зерде Керамика» зауыты өз өнімінің түрін кеңейтті. Қазақстан бойынша керамогранит өндіретін бірден-бір зауыттағы өнім түрі 6-дан 30-ға дейін жетіп отыр.
Қала әкімінің орынбасарлары Д.Жумин мен Б.Мамыталиев кәсіпорынның жұмысымен танысуға арнайы барды. Өнімдері барлық европалық стандарттарға сәйкес келетін зауыт басшылығы жергілікті құрылыс компанияларының өкілдеріне өз өнімдерін таныстырды.
Қала әкімінің орынбасарлары зауыт мемлекеттің жалпы сұранысының 40 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отырғанын айтып, салынып жатқан құрылысқа отандық өнімді қолдануға шақырды. Сонымен қатар қаладағы тұрғын үй құрылысында отандық құрылыс материалдарын пайдалану назарда екенін жеткізді.
Айта кетейік, «Зерде Керамика» зауыты жылына 2 млн шаршы метр керамогранит тақтайшасын шығарады. Қазақстанда баламасы жоқ. Кәсіпорында 140 адам жұмыспен қамтылған. Құрылымдарды араластырудан бастап дайын өнімді қаптауға дейін жұмыс істейтін итальяндық жабдық толық автоматтандырылған.

Дереккөз:ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ