Қырғызстанда қыз алып қашатындар енді 10 жылға дейін сотталады

1076
Қырғызстанда қыз алып қашуға байланысты жаза күшейтілді. Енді қыз  ұрлаушылар 7 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады. Бұл туралы “Әйелдер әлем банкі” үкіметтік емес құқық қорғау ұйымының төрағасы Гүлсана Абытова мәлімдеді.
“Отбасын құру үшін жас қыздарды өз еркінсіз алып қашу әлі де жалғасуда, тіпті, қыздар бұндай жағдайдан кейін  өзіне қол жұмсаған жағдайлар да болды”, — деп мәлімдеді Абытова. Сонымен қатар, құқық қорғау ұйымының төрағасы көп жағдайда ұрланған қыздардың ата-аналары мен туыстары орын алған жағдай туралы құқық қорғау органдарына мәлімдемейтіндігін, ал сотқа бірен-саран жағдайлар ғана жеткізілетіндігін жасырмады.
Құқық қорғаушылар күн сайын Қырғызстанда кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды ұрлауға қатысты 30-ға жуық оқиға тіркелетіндігін хабарлады. Олардың алтауы зорлықпен болатыны мәлім болды. Республика қалаларында әрбір бесінші неке қалыңдықты ұрлау жолымен қиылса, ал ауылдарда бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді, бұлай тұрмыс құрудың  үштен екісі қыздардың келісімінсіз болады.
Дереккөз:oinet.kz