Қазақстанда енді қылмысқа оқталғандар да жазаланады

1017
Жаңа заң қабылданған жағдайда қылмыстың жеңіл түрін жасағандарға да ірі көлемде айыппұл салынады
Қылмыстық кодексті жетілдіруге арналған заң жобасының тұжырымдамасына тағы бірнеше өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, бұған дейін қылмыстың жеңіл түрін жасаған адамдар жазадан оп-оңай құтылып кететін. Жоғарғы соттың өзі ондай адамдарды бірнеше рет ақтап шықты. Себебі қылмыстық кодексте тиісті жаза қарастырылмаған. Енді, қылмыстың жеңіл түріне, тіпті, теріс әрекетке оқталғаны үшін жауапқа тартылады.
«Бүгінде сауда орталықтарында ұрлық жиі болып тұрады. Мәселен, адам күртесіне бір бөтелке арақ немесе виски тығып, ұрлап кетуге оқталады. Бірақ оны кассада, я болмаса, дүкеннен шыққанда ұстаса, ондай тәртіп бұзушылық үшін адамды жауапқа тарту қиын. Себебі ол ұрлаған затын пайдаланып үлгерген жоқ. Ондайда қылмыстың құрамы анықталмай қалады. Сөйтіп, ұсақ ұрлық жасағандар жазадан құтылып кететін. Бұндай фактілер көп. Әсіресе, елордада осы санаттағы тәртіп бұзушылықтар баршылық. Ал заң бұзғандарды жауапқа тартпаса, зардап шеккендер наразылық білдіріп жатады», — дейді Дембаев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде заңның осы бір олқылығын жақсы білетін ұрылар бар. Осы уақытқа дейін олар ұсақ ұрлық үшін 10-15 рет ұсталған. Бірақ жазадан құтылып кетті. Жаңа норма бойынша ондай қылмысқа оқталғаны үшін айыппұл салынады.
«Бүгінде қылмыстың жеңіл түрі бойынша айыппұл бар. Енді, осы қылмысқа оқталғаны үшін де айыппұл салынады. Оның көлемі – 20-200 айлық есептік көрсеткіш (50 500 – 505 000 теңге)», — деп атап көрсетті Дембаев.
Айта кеткен жөн, бүгінде қылмыстық кодексте теріс әрекеттің 67 түрі бар. Соның ішінде 5-7-сі жиі қайталанады. Осы топта ұсақ ұрлық та бар.