Түркістан облысында кәсіпкер үйіне басып кірген ұрыларды қуып шыққан

1062
Түркістан облысының Сайрам ауданында ұрылар кәсіпкердің үйіне басып кірген. Ер адам қарсылық көрсетіп, салдарынан ұрылар қашып кетіпті. Артынша үйдің иесі полицияға арызданған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекшілік 102 нөміріне жергілікті кәсіпкерден «үйіме қарақшылар шабуыл жасады» деген хабарлама келген. Оқиға орын алған жерге шұғыл басқарма бастығы мен жедел-тергеу тобы жетеді.
Жәбірленушілердің сөздеріне қарағанда, қаруланған және бетперде киген белгісіз адамдардың қарақшылық шабуыл жасаған кезінде үйдің ішінде, күйеуі мен әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы болған. Ер азамат қарсылық көрсетіп, үйдің ішінде айқай-шу шыққаннан соң, қарақшылар ештеңе алып үлгерместен көліктеріне, мініп іздерін суытқан.
«Аталмыш жайтты полиция басқармасының тергеушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша СДТБТ-ге тіркеуге алды. Түркістан облысының полиция департаментінде жасалған қылмыстың қатаңдығын ескере отырып, облыстың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен және Сайрам АПБ-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларының арасынан арнайы топ құрды. Қылмысты ашумен қатар, қылмыскерлерді ұстау үшін үш күн жұмсалды. Осы күн ішінде полицейлер көршілерден сұрақ жауап алып, маңайдың барлығын тегіс шолып шығып, қылмыскерлердің жолдарының барлығын зерделеді», — делінеді хабарламада.
Полиция жұмысының нәтижесінде жедел тергеу тобы қысқа мерзімнің ішінде ауыр қылмысты ашты.
Полицейлер бес күдіктіні тұрғылықты мекен-жайы мен Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Олардың екеуі Шымкент қаласының, ал қалғандары Түркістан облысының тұрғындары екендігі анықталды. Күдіктілердің төртеуі бұрын ұрлық пен тонау бойынша сотты болған екен.
Ұсталған азаматтардан екі газ тапаншасы мен «Сайга 410» аңшылық мылтығы, шолақ аңшы мылтығы тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтайды.