ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

2264
                                             Алтын ұя мектебім
Кезінде заңғар жазушымыз М.Әуезов: «Адам мен адамды, халық пен халықты теңестіретін – білім», – деп айтқан екен. Сондай білім ордаларының бірі – Қазығұрт ауданы орталығындағы Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты №11 санаторий типтес арнаулы мектеп-интернатына биыл тұп-тура 55 жыл толып отыр. Ол 1964 жылы ақпан айында ашылған еді. Бұл мектептің алғашқы директоры соғыс және еңбек ардагері Әбден Төлепов болды. Содан кейін басшылық қызметті Пердеш Қыдырбаев, Файзулла Асқаров, Адам Клинк, Болат Қабылбеков атқарды. 2017 жылдан бері қарай Айгүл Жүсіпова директор қызметін атқарып келеді. Облыс көлемі бойынша, биылғы оқу жылында 350 оқушы тәрбиеленіп, білім алып, сауықтырылып шықты.
Тоғыз жыл бойы тәлім мен тәрбие алып, білім нәрін бойына құйған шәкірттердің, жас түлектердің мектебімен қоштасқан соңғы қоңырау мерекесі салтанатты түрде ашылды. Бұл салтанатты жиында 1-9 сыныптар аралығында үздік оқығаны үшін жалпы 53 оқушы мадақтамамен марапатталды. Мектеп директоры А.Жүсіпова оқу жылының аяқталуымен бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы Әжелер алқасының төрайымы Лескүл Жанысбековаға құттықтау сөз берілді. Ол кісі өзінің өмірлік жолдасы Ж.Жамаловтың осы мектепте ұстаздық қызмет етіп өткенін, қазір Ж.Жамалов атындағы кабинет барын айта келіп, сол кабинеттен 5 «а» сыныптың үздік оқушыларына (Інжу Жүсіпова, Бекболат Тасбалта, Алера Смайыл, Оразхан Рахматулла) Ж.Жамалов атындағы стипендияны табыс етті және бір топ екпінді 9 оқушыға сыйлықар беріп, жалпы ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады. Ардагер ұстаздар Р.Сарқұлова, Ш.Есенбекова өткен уақыттарды еске алып, өз тілектерін білдірді.
Бұл күн – мектеп тарихында, білім ордасын бітіруші 27 түлек есінде мәңгі өшпесі анық. Олар мектеппен, балалықпен қоштасып жатқан сәтте осыдан 20 жыл, 30 жыл бұрын және бүгінгі соңғы қоңырауға 40 жыл бұрын бітірген түлектер кездесулері болды. 20 жылдық кездесуді Шәкен Төребаев, Нұрмахан Қарабалаев, Айнұр Далиева, Лаура Сарымсақова сынды түлектер ұйымдастырса, 30 жылдық кездесуді Іңкәрбек Қабылов, Бекбол Жұманов, Қаламқас Төлтаева, Майра Алпысова ұйымдастырыпты. Олар мектепте өмірден өткен ұстаздарына, сыныптастарына Құран оқытып, ас берді. Мектепті аралап, жастық шақтарын еске алды. Мектепке екі дана су мұздатқыш (водный диспенсер) аппаратын, таза су ішетін ыдысын сыйлады.
Қырық жылдық кездесуді атсалысып ұйымдастырған Әкім Шалабаев, Ғалия Тастанова және Мелдехан Алдамжаров болыпты. Олар 29 бітірушіден осы соңғы қонырау салтанатты жиынына 22 оқушы түлектің басын қосып, бір-бірімен көрісіп, сағына қауышып, сынып тәрбиешісі болған ҚР білім беру ісінің үздігі Л.Жанысбековаға, ұстаздары Р.Сарқұловаға, Ш.Есенбековаға сый-құрметтерін білдірді. Салтанатты жиында Нұрлан Досов, Ғалия
Тастанова, Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, өздерінің қырық жыл бұрынғы барлық ұстаздарын еске алды. «Таза су – денсаулық кепілі» деп мектеп-интернатқа таза су ішетін екі дана ыдысын сыйлады. Қырық жылдық кездесу «Алтын» дәмханасындағы ақ дастархан басында жалғасып, мектептегі балалық бал күндерінен түскен суреттерін өткен күннің тарихындай етіп бейнеролик арқылы көрсетілді. Түлектердің ішінен Алматыдан келген Рысалы Шанкөзов көзіне жас алып, сағынышпен келгенін айтып, кездесуді ұйымдастырған кластастарына алғысын айтты. Ұстаздары Л.Жанысбекова, Р.Сарқұлова және Ш.Есенбекова апайларына сый-сияпат жасады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Омар Салыбеков сөз алып, оларға мектеп ұжымы мен әкімшілігі атынан алғыс айтты.
Күлімхан ӘБДІҚАСЫМОВА,
№11 санаторий типтес арнаулы мектеп-интернат тәрбиешісі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері,
Қазығұрт ауданы.