Қостанай облысының театры Түркістанда «Мұңмен алысқан адам» драмасын сахналады

1065
Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры гастрольдік іссапармен Түркістан қаласына келді. Тарихи терең өнер ұжымы Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында «Мұңмен алысқан адам» драмасын сахналады.
Қойылымға шығарма авторы белгілі жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Нұржанұлы және облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Еркінұлы, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының басшысы Ержан Ибадуллаұлы мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Бүгінгі күннің тақырыбын қозғайтын бұл шығарма — XX ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайға байланысты тағдыр тәлкегіне ұшырап, елден көшіп, Франция топырағынан бір-ақ шыққан қазақ отбасының тағдырын көрсетеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Асан қарт туған жерін сағынып, тәуелсіз Қазақ еліне жеткенше асығады. Ал балалары болса, оның өтінішін орындай қоймайды. Үлкен ұлы Марат жеке кәсібін, жылы орнын тастап, өзіне бейтаныс өлкеге қоныс аударудан үзілді-кесілді бас тартады. Алайда, атасының жан-дүниесін терең түсінген Елжан болса, «қайтсем де әкемді туған жеріне апарамын» деп шешім қабылдайды. Бауырлар, әке және отбасы арасындағы тартыс шиеленісті, кейіпкерлер сөздері нанымды, оқиға мазмұнды болғандықтан, көрерменді бей-жай қалдырмады. Туған жері Түркістан жеріне оралғаннан кейінгі сәттер ерекше тебіреніс сыйлады.
Жиын соңында Түркістан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Нұржанұлы тарихи мекенге табан тіреген қостанайлық театр ұжымына алғысын білдіріп, қойылымның авторы Жолтай Әлмашұлы мен театр  басшысы Сабырәлі Байғазыұлына алғыс хат пен облыс басшысына сый-сияпат табыстады.
Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы