«Мемлекет бұған жол бермеуі қажет»: Назарбаев ең үлкен қауіпті атады

1480
Елбасы мәлімдегендей, Тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгенін білмейтін жастар азат Отанынан айырылып қалатынын түсіне бермейді
Қазір еліміздің байлығына қызығатындар ішімізге іріткі салу үшін қолжаулық болатындарды іздейді. Өкінішке қарай, ондайлар табылады. Қазақстанға төнетін ең үлкен қауіп осы. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 21 маусымда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтты, деп хабарлады Ақорда. 
Назарбаев атап өткендей, қазақ халқы бірліктің арқасында жауларын жеңіп, елі мен жерін сақтап қалған.
«Қазақты бағындырып, бодан ету үшін хандығын тартып алып, жүзге, руға бөлінуін айлакерлікпен пайдаланған. Қазір де еліміздің табыстарын көре алмайтын, байлығымызға қызығатындар аз емес», — деді ол.
Елбасы олар ішімізге іріткі салу үшін қолжаулық болатындарды, жетекке еретіндерді іздейтінін жеткізді.
«Өкінішке қарай, ондайларды табады. Бұл баяғы «бөліп ал да, билей бер» дейтін жымысқы саясат. Бізге төнетін ең үлкен қауіп осы. Тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен келгенін зерттемейтін, білмейтін жастар бүгінгі еркін күнінен, азат Отанынан айырылып қалатынын түсіне бермейді», — деп толықтырды ол.
Тұңғыш президенттің пікірінше, мемлекет бұған жол бермеуі қажет. Бүкіл халық болып бірлікті, тыныштықты қолдау керек.
«Қазақ дәл бүгінгідей өмірді ешқашан көрген жоқ. Айырылып қалмайық. Менің еліме айтатын негізгі өсиетім осы. Ұлы Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең – істің бәрі бос» дегені де осы болар. Ұмытпайық», — деп атап өтті Елбасы.
Назарбаев халық пен президент әрдайым бірге екенін айта келе, алдыңғы толқын – аға буынға сөз арнады.
«Сіздер пайым-парасаттарыңыз бен көрегендіктеріңізге сүйеніп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берулеріңіз керек. Олар Отанды сүюдің, мемлекетті нығайтудың, Тәуелсіздікті қорғаудың және жарқын болашақ үшін жұмыс істеудің маңыздылығын жете түсінуге тиіс», — деп түйіндеді Назарбаев.