Сапарбаевтың кезіндегі 6 миллиардтық жобадан заң бұзушылық анықталды

904
Ақтөбеде прокурорлар құны 6 миллиард 700 мың теңге тұратын жобадан заң бұзушылықтарды анықтады. Қазір қала айналасындағы сегіз өзеннің арнасын тазартуға тапсырыс берген екі мемлекеттік мекеме мен үш мердігер компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлар өзен арналарын кеңейту барысында қызыл кітапқа енген ағаштардың кесілгенін айтып отыр. Келтірілген залал құны алты миллион теңге екен. Алайда әкімдіктегілер құнды ағаштардың кесілгенін білмедік деп ақталып отыр. Жоба Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде әкім болып тұрған кезде мақұлданып басталған болатын.

Ақтөбеде су тасқыны қайталанбас үшін сегіз өзеннің арнасын кеңейтеміз деп сүйіншілеткен әкімдіктің жобасы о бастан тұрғындардың қарсылығына ұшыраған еді. Алайда халықтың сөзіне құлақ аспаған әкімдік өкілдері сметалық жобаны мақұлдап республикалық бюджеттен алты миллиард жеті жүз мың теңге бөлдіріп алған. Ақыры өзеннің табанын кеңейту жұмыстары дұрыс жүргізілмеген болып шықты. Қазір уақытша тоқтатылған жобадан прокурорлар экологиялық заңнаманың бұзылғанын анықтаған. Жеті іс бойынша алты миллион теңге залал келді деп, сотқа дейінгі тергеп тексеру басталыпты.

 «Мердігерлерге қатысты ҚР ҚК 339-шы,  340-шы бабымен яғни ағаштарды заңсыз кесу соның ішінде қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды кесу бойынша бес қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сонымен қатар өкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты өз өкілеттерін асыра пайдаланғандары үшін және қызметтеріндегі әрекетсіздіктері үшін тергеу басталып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде,» — дейді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Азамат Құспанов. 

Ал әкімдіктегілер өзен арнасын кеңейту барысында қызыл кітапқа енген ағаштардың кесілгенін білмедік деп ақталып отыр. Алайда әу баста емес, прокурорлардың тексерісінен кейін ғана өзен айналасындағы кесуге болатын және болмайтын ағаштарды санауды бастаған сыңайлы. Осылайша қазір уақытша тоқтатылған жобаға қайта түзетулер енгізіліп жатыр екен.

«Нақты шешім емес, нақты бағыт бар бізде. Сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Қанша тал бар бізде, қанша талды кесуге болмайды. Қаншасын кесуге болады деген сияқты. Осы жөнінде жұмыс жүріп жатыр. Соның бәрін жинақтап ертең бір қорытындыға келеміз,» — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жандос Өтеулин. 

Жарты жылдан бері жыр болған жобаны өз көзімен көріп, құлағымен есту үшін Ақтөбеге экология министрінің өзі де келіп кеткен болатын. Алайда министр басталған жұмыс тоқтатылмайды, жалғасады деп кеткен. Ал тұрғындар өзен арнасын кеңейту жұмыстарынан кейін  айналасындағы жасыл желек түгел оталып, өзендердегі су тартылып, батпаққа айналғанын айтады. Осылайша олар «артық қыламыз деп тыртық қылған» биліктен жобаны толықтай тоқтатуды сұрайды.
Дереккөз:zhasalash.kz