Жүрек операциясы АҚШ-тан 80 есе арзан – Қазақстанға 7 мың науқас ем алуға келген

758

Шетелдік пациенттер арасында кариохирургия, нейрохирургия, стоматология және экстракорпоральді ұрықтандыру қызметтері сұранысқа ие. Бұл туралы «Астана даму орталығы» ЖШС медициналық туризмді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Дарина Демян айтты, деп хабарлайды Kazinform

Kazakh Tourism дерегінше, 2021 жылы Қазақстанға 5 мыңнан астам медициналық турист келген.

Ал 2022 жылы шамамен 7 мың адам келген.

«Шетелдік келушілердің 90% – Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары, қалған 10% — Қытай, Иран, Беларусь елдерінен келген. Қазақстандық медицина ұйымдарының негізгі артықшылықтары – заманауи медициналық технологияларға және жаңа технологияларға қол жеткізу, сапа стандарттары, медициналық қызметтердің қолайлы құны, ТМД елдерінің азаматтары үшін тілдік кедергінің болмауы, дамыған туристік инфрақұрылымның болуы», — деді Д. Демян Астана қаласының коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қазақстандық медицина туралы жергілікті халық пен шетелдіктер арасында әлі де ақпарат аз, бұл пациенттер ағынын арттыруға кедергі болып отыр.

«Баға бойынша салыстырмалы талдау жасасақ, жүректі шунттау хирургиясы АҚШ-қа қарағанда 80 есе арзан, Сингапурға қарағанда 11 есе арзан. Жамбас ұршығын ауыстыру – АҚШ-қа қарағанда 19 есе арзан, Сингапур мен Тайландқа қарағанда бес есе арзан. ҚР ДСМ мәліметінше, елде бағасы арзан болғаны үшін 5 бағыт сұранысқа ие: кариохирургия, нейрохирургия, буын протездері, стоматология және экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКО)», — деді спикер.

Бүгінгі таңда Қазақстанда медицинада «алтын стандарт» саналатын JCI халықаралық аккредитациясын алған 9 клиника бар, оның жетеуі Астанада орналасқан.

Бұл клиникаларда диагностикадан бастап, жоғары технологиялы медициналық қызметтер мен күрделі оталарды жасауға болады.

«ҚР Тіс дәрігерлері қауымдастығының хабарлауынша, біздің елге ем алуға еуропалық елдердің азаматтары жиі келеді. Өйткені стоматологиялық қызметтер құны Еуропамен салыстырғанда 10-15 есе арзан және сапасы еш кем түспейді. Әсіресе шетелдіктер арасында пломбалау, импланттау, протездеу және балалар стоматологиясы бағыттары жиі сұралады», — дейді Дарина Демян.

Тағы бір перспективалы бағыттардың бірі — экстракорпоральды ұрықтандыру.

«Әлемде дәл осы медициналық қызметке сұраныс артып келеді. 2022 жылы астаналық емханаларға ЭКО жасатуға Қырғызстаннан 900 адам, Өзбекстаннан 254 адам, Ресейден 92 адам келген. Өйткені біздің елде бұл қызмет шамамен 2-2,5 мың АҚШ доллары болса, Еуропада 15 мың доллар, АҚШ-та 19 мың доллар тұрады», — деп түсіндірді «Астана даму орталығының» өкілі.

Бұған дейін Дарина Демян жыл сайын 50 мың қазақстандық ем алу үшін шет мемлекеттерге баратынын айтқан еді.

Салдарынан Қазақстанның медициналық қызметтер нарығы жылына 200 млн АҚШ долларына дейін экономикалық пайдасын жоғалтып отыр.