Қазақстандағы жаңа көлік бағасы 14-20 пайызға дейін қымбаттады

1435

Теңгенің әлсіреуі, Ресей-Украина арасындағы қақтығыс Қазақстан автосалондарындағы көліктердің бағасына әсер етуде. Kolesa.kz көпшілік жиі сатып алатын жаңа автокөліктердің қаншалықты қымбаттағанын есептеп шығарды.

Мәселен, Hyundaі Accent-тің бағасындағы өзгеріс ақпан айынан басталған. Жыл басында 6,4-7,5 миллион теңге арасында саудаланған су жаңа автомобиль наурыз айында 7,1-8,2 миллион теңгеге бағаланған.

Ал Hyundaі маркасының басқа модельдерінің бағасы сәл кейірінек қымбаттапты. Elantra моделінің бағасы 8,4-12,2 миллион теңгеден 9,2-13,5 миллион теңгеге дейін көтерілген. Сондай-ақ қазақстандықтар жиі мінетін Hyundai Sonata-ның бағасы бұрынғыдан 1,4 миллион теңгеге өсті.

Ал Kia-ның барлық моделінің бағаларында өзгеріс бар. Мұндай маркалы темір тұлпарлар салондарда қазір, бұрынғы бағаға қарағанда, 500 мың-2,2 миллион теңгеге артық саудаланып жатыр.

Ресейден шыққан Lada-маркасының бағасы да басқа көліктерден қалыспай шарықтап барады. Lada Granta тура 1 млн теңгеге қымбаттаса, Vesta моделінің бағасына 400 мың теңгедей қосылыпты.

Ал барша қазаққа арман болған жапондықтардың Toyota Camry 70 моделі қазір 14,9 миллион теңгеден сатылып жатыр. Ал бұл модель осы жылдың басында 12,6 миллион теңге болған.

Сонымен қоса, Toyota Land Cruiser-дің құны комплектацияларына сәйкес 14-20 пайызға дейін өскен.