ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ТАРЫҚҚАНДАРҒА ТАРТУ-ТАРАЛҒЫСЫ

1010
Көрнекі сурет
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы аппараттық кеңестің 2019 жылғы 15 шілдедегі №29 хаттамасының төртінші тармағына сәйкес қарттар мен балалар үйлеріне, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына, сондай-ақ халықтың тағы басқа да әлеуметтік қорғалмаған топтарына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында Шымкент қаласындағы төтенше жағдайлар департаментінде халықтың қауқарсыз топтарының жоғарыда көрсетілген санаттарына қамқорлық ұйымдастыру мәселесін пысықтау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда, 2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған кезде көпшілік қатары қолдан келген көмегін көрсеткен. Оқыс оқиғадан кейін ұйым қызметкерлері ақылдаса келе өздерінің бір күндік еңбекақыларын арнайы есепшотқа аударуды жөн деп шешкен.
Департамент қызметкерлері тарыққан, зарыққан жандарға қол ұшын созуды өздерінің азаматтық борышы деп санайды. Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол», тағы басқа қайырымдылық акцияларына да белсене атсалып келеді.
Бұл бағытта осы департаментке қарасты Қаратау аудандық төтенше жағдайлар бөлімі нде де бірқатар тындырымды тірліктер атқарылуда. Аталмыш бөлім бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерғали Бақторазовпен сұхбаттасқанымызда ол бізге былай деді:
—Қиналып, қысылғанға қол ұшын беріп, көмектесу — ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүр. Қазіргі нарық заманында да бұл үрдіс өзінің жарқын жалғасын табуда. Бөлімде бес адам жұмыс істейміз. Соған қарамастан, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге қашанда әзірміз. Арыстықтардың басына күн түскенде де алғашқылардың бірі болып көмек көрсетуге асықтық. Бұған қоса-қабат бір күндік еңбекақымызды аудардық.
Қалалық аудан көлеміндегі көмекке мұқтаж оншақты отбасына қолдан келген көмегімізді көрсетудеміз. Мәселен, бар болғаны орта білімге ие Қ.Б. есімді азаматшаның күйеуі М.-пен ажырасып кеткеніне бес жыл болған. Қырғы базарда арба сүйрейтін жұбайы алимент төлеуден қашқақтайтын көрінеді. Қаладан тұрғын үй алудың кезегіне тіркелмеген. Бозарықтағы жалдамалы үйлердің бірінде тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ жесір келіншек күнделікті науқандық жұмыстарға шығып, нәпақасын тауып жүр екен. Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақыны алып жүрген көрінеді. А. және Н. есімді екі баласы бар. №131 жалпы орта мектебіне қатынап оқиды екен. Үлкені сегізінші, кішісі екінші сыныпта оқиды. Күнкөрістері нашар. Жақында өзім бас болып азаматтық қызметтің аға лейтенанты Мұратжан Мұхамедов, инженер Үмітжан Убайдуллаев үшеуміз сол шаңырақа барып, көмекке мұқтаж жанның екі баласына қөйлек, шалбар, галстук, сөмке, дәптер, қалам, тағы басқа да оқу құрал-саймандарын апарып, оларды бір қуантып қайттық.
Иә, айтса айтқандай-ақ, жақсылық жасағанға не жетсін! Төтеншеліктердің тарыққандарға тарту-таралғы таратып жүргенін көріп, бір сүйсініп қалдық. Осындай пайда, байлықтан гөрі обал-сауапты көбірек ойлайтын ізгі жүректі жандар арамызда көбірек болса, қанекей!
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.
Шымкент қаласы.