ЕРЛАН АЙТАХАНОВ: «БАЛАЛАРДЫ СӘБИ КЕЗІНЕН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАУЛЫП ӨСІРУІМІЗ ҚАЖЕТ»

1141
«Алты алаш бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген сөзді тегін айтпаса керек. Алаштың көшін өрге сүйрейтін қайыспас қажырлы мұғалімдер біздің болашағымыз – балаларды тәрбиелеп, елдің ертеңін қамтамасыз ететін ең қадірлі жандар». Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов «BILIM jane GYLYM» тақырыбында өткен тамыз конференциясында кіріспе сөзін Мағжан Жұмабайұлының қанатты сөзімен бастады.
Балаларды сәби кезінен рухани құндылықтарға баулып өсіру қажет екенін айтқан қала басшысы оқушылардың рухани дамуын жетілдіру, ұлтжандылыққа, мәдениетке тәрбиелеу мақсатында  үшжылдық «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды айтты.
Сонымен қоса, ұстаздың мәртебесі мен білімнің сапасын көтеру жайын қозғаған әкім ең алдымен мектеп айналасын пайдакүнем бизнесмендерден арылтуды атап өтті.
«Жасыратыны жоқ, мектеп формасы жылда жаңа оқу маусымы басталғанда, үлкен шудың басы болып келеді. Себебі, біздің тұрмысымызда әлеуметтік шиеленістер, жағдайы төмен отбасылар бар екенін жақсы білесіздер. Мектеп оқушыларының формасы әр мектепте әр бөлек. Мектептердің әрқайсысы өз формасын бекітіп алған. Мәселен, ата-ана үйінің жанындағы лицейге баласын оқытқысы келсе, ол лицейдің оқушы формасы тым қымбат тұрады. Әлеуметтік наразылық осындайдан туындайды. Бұл жерде мектеп оқушыларының да формасын бірыңғай жүйеге көшіру керек. Мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек»,-деді Е.Айтаханов.
Конференция барысында жаңа оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалды. Шымкент қаласы биылғы 2019-2020 оқу жылын 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымдарындағы 294 мыңнан астам білім алушылармен бастамақ. Сонымен қатар, білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар министрліктің және қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ