ШЫМКЕНТ МАҢАЙЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК БЕЛДЕУІНЕ АЙНАЛАДЫ

1216
Бүгін Шымкентте жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу зауыты ашылды. Жылына 10 миллион банка консервіленген өнім шығаратын зауыттың жұмысымен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып танысты. 
Отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн айтқан қала басшысы қазіргі экономикалық жағдайда нарықта бәсекеге қабілеттілік өте маңызды екеніне тоқталды.
«Дары Сайрама» ЖШС-нің жобалық құны 350 млн. теңге болса, мемлекет бюджетінен 70 млн. теңге субсидия берілген. Мұнда тұрақты 120 адам жұмыспен қамтылса, маусым кезінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, серіктестік жанында 5 гектар болатын қарқынды жүзім плантациясы мен 1 га жылыжай кешені бар.
Зауытта шырын құю желісі, тосап өндіру, лечо, томат пастасы, консервіленген қияр, қызанақ, түрлі салаттар сынды басқада өнімдер шығарылады.
Сондай-ақ, қала әкімі күніне 3 тонна сүт өндіретін «Зертас» шаруа қожалығын аралап көрді. Мұнда 128 бастық асыл тұқымды сүтті-етті бағыттағы ірі қара мал  шаруашылығы құрылған. Тауарлы сүт фермасында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сүт өндіруді арттыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған салалық басқарма басшысы А.Қаныбеков қалада «Бәйтерек» ШҚ 100 бастық тауарлы сүт фермасының қуаттылығы 400 басқа ұлғайтылғанын және осы сынды бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, шаһарда 15 шағын отбасылық сүт фермалары құрылған.

«Қала тұрғындары мен қонақтарын жергілікті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, еліміздің өзге өңірлеріне өнімдерімізді тұрақты түрде жеткізуге жағдай жасау, азық-түлік бағасын бір жүйеге келтіру, жылыжай мәселелері мен Шымкенттің сауда инфрақұрылымын дамыту біздің негізгі міндеттеріміздің бірі» деді аралау барысында Ерлан Қуанышұлы.

Ауыл шаруашылық бағытындағы нысандарды аралау барысында қала басшысы «Ильяев» серіктестігінің жылыжай кешенімен танысты. 2018 жылы жұмысын бастаған кешеннің көлемі 2,2 гектар. Жылыжай заманауи құрылғылармен қамтылған. Ал, серіктестік қожайындары елімізде бұл саламен айналысқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі болып табылады.

Шаруа қожалықтың иелерімен сөйлесу барысында Ерлан Айтаханов ауыл шаруашылық саласын дамыту бойынша мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтып, шаруалардың ұсыныстарын тыңдады.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласы өнеркәсіптік жылыжай жобаларын іске асыруда республикада бірінші орында тұр.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.