Путин Назарбаевтың ұсынысы туралы не ойлайтынын айтты — видео

1501
Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Украина басшысымен  кездесу ұйымдастыру туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді
Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевтың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесу ұйымдастыру туралы ұсынысына қатысты сұраққа жауап берді.
«Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан Украина бақытты теңіздің ар жағынан іздемеу керек дегенге сүйенеді. «За морем телушка полушка, да дорог перевоз» деген орыс мақалын білесіздер ме? Бақытты теңіздің, мұхиттың ар жағынан іздемей, көршілермен келісімге келу керек. Бұл да дұрыс шешім», — деді Путин бейсенбі Бразилияда өткен БРИКС (Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай, ОАР) саммитінен кейін.
Путиннің сөзін RT-ның Telegram-каналы жариялады.
Сондай-ақ Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бәріне құрметті адам екенін, екеуі жақын достық қарым-қатынаста екенін атап өтті.
«Ол өте тәжірибелі саясаткер. Айтпақшы, ол көп жыл Украинада тұрды. Ол бұл елді өте жақсы біледі және жақсы көзбен қарайды. Украинаға деген осы қарым-қатынасын маған үнемі көрсетіп отырады. Сонықтан мен үшін таңғалатындай ештеңе жоқ», — деді Путин.
Айта кетсек, 12 қарашада  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Путин мен Зеленскийдің келіссөздерін өткізуді ұсынды. Бұл туралы ол  Astana Club отырысында айтты.
«Мен Зеленскийдің жүзбе-жүз кездесуге келісімін алдым. Бұл туралы Ресей президентіне айттым. Бейтарап алаңқай керек болса, кездесуді Қазақстанда өткізуді ұсындым», — деді Назарбаев.
Кейін Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Украина мен Ресей басшыларының кездесуін ұйымдастыру туралы Қазақстаннан әзірге ресми ұсыныс түспегенін мәлім етті.

Дереккөз:sputniknews.kz