ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ ОЙШЫЛДАР

2939
Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасында биыл аталып өтетін әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған ұлы ойшылдар» және де Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Қазақ мемлекетінің бесігі» атты кітап көрмелерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт, Александр Сергеевич Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Шәрбану Әлмаханбетқызы Дінәсілова, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Закира Сембекқызы Парымбекова, Шымкент қалалық көзi көрмейтiн және әлсiз көретiн азаматтарға арналған арнайы кiтапханасы директорының орынбасары Ұлбике Мүтәнқызы Тұранбаева, Шымкент қалалық Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы Қарабекова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдениет қорық-музейінің баспасөз хатшысы Мадина Сабыр қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнағанЖолдауындағы 2020 жылы екі ірі дата: Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын кең көлемде атап өту болатын. Ғұлама ғалым Әл-Фараби мен дана ойшыл Абайдың тағылымдарын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғалардың ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу мұрат етілген.
Көрме қонақтары үшін №42 «Толағай» және №65 «Балбұлақ» бөбекжай балабақшаларының бүлдіршіндері, сондай-ақ Абай Құнанбаев атындағы, №78 жалпы орта мектептерінің оқушылары, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері өнер көрсетті.
Ұлтымыздың Ұлы тұлғаларына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған ұлы ойшылдар» және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ мемлекетінің бесігі» атты кітап көрмелерінің экспозицияларына Отырар жазирасында дүниеге келіп, ортағасырлық ғұламалардан оқ бойы озып шыққан ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің орасан зор шығармашылық мұрасы, дана да дара Ұлы Абай Құнанбайұлының ұлтымызды рухани жаңа биіктерге көтерген керемет құнды дүниелері, сондай-ақ жарты әлемді иелігіне қаратқан Алтын Орда тарихынан тұтастай мағлұмат беретін әдебиеттер кеңінен ұсынылды.
Кітап көрмесінің ашылу салтанатында белгілі қаламгер Мархабат Байғұт Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Өзінің жүрекжарды сөзімен төрткүл әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған ұлы ойшылдар» және де Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Қазақ мемлекетінің бесігі» кітап көрмелерін ұйымдастырғаны үшін зор алғыс сезімін білдірді.
Көрменің салтанатты ашылуын Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының директоры, «Мәдениет саласының үздігі», «Кітапхана ісінің шебері», «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Зоя Оралбайқызы Бегежанова қорытындылап, алтын уақытын бөліп ізгілікті де игілікті іс-шараға келген қадірменді қонақтарға алғысын білдіре отырып, кітапхана оқырмандарын кітаппен дос болып, көбірек кітап оқуға шақырды.
Әсия Досыбекқызы СӘБДЕНҚҰЛОВА,
Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының
кітапханашысы.
Шымкент қаласы.