Армения ҰҚШҰ-дан шығады – Пашинян

498

Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян парламент отырысында мәлімдеді.

«Мұның бәріне одақтың құрушылары, Әзірбайжанмен бірге бізге қарсы соғыс жоспарлаған мүшелері кінәлі», – деді Пашинян.

Бұл сөздерге жауап ретінде оппозициялық депутаттардың бірі: «Олай болса, одақтан шығып кетіңіз» деп ескерту жасады.

«Біз шығамыз, мені қорқытып жатырсыз ба? Біз қашан шығатынымызды шешіп жатырмыз», – деді Армения премьер-министрі.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің бітімгершілік күштері Әзірбайжан мен Армения арасындағы даулы Таулы Қарабақтан шығарылған еді.

Өткен жылдың қыркүйек айында Әзірбайжан Таулы Қарабақта ресейлік бітімгершілік күштерінің болуына қарамастан, аумақты күшпен қайтарып алды. Бұдан кейін Таулы Қарабақта тұратын этникалық армяндардың жаппай қоныс аударуы басталды.

Ресей бітімгершілік күштерінің Таулы Қарабақтан кетуі Әзірбайжанның аймақтағы егемендігін қайтару мақсатына жеткенін білдіреді.

Олар Қарабаққа 2020 жылдың 10 қарашасында – Әлиев, Пашинян және Путин соғыс қимылдарын тоқтату туралы құжатты келіскен кезде келген.

Келісімге сәйкес, армян күштері өздеріне тиесілі аумақтарды Әзірбайжанның бақылауына беруге міндеттенді, ал Ресей бітімгерлері мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының армян халқын және Қарабақты Армения территориясымен байланыстыратын Лачин дәлізін өз бақылауына алған еді.

Еске салсақ, бұған дейін Армения билігі 2024 жылы ҰҚШҰ қызметін қаржыландыруға қатыспау туралы шешім қабылдағаны туралы жазған едік.