Ұлттық кеңестегі өзгеріс: Кеңестің ескі һәм жаңа мүшелері не дейді?

1308
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы өзгергені белгілі болды. Ақорданың Facebook парақшасы таратқан хабарламаға қарағанда, кеңес құрамынан Эльвира Әзімова, Аружан Саин, Болат Палымбетов, Арман Шораев, Бақытжан Бұқарбай, Азаматхан Әміртаев шығарылып, олардың орнына жаңадан алты адам алынған.
Олар: депутат Бақытбек Смағұл, заңгер Марат Башимов, «Мазмұндама» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков, «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметова және заңгер Айнұр Сәбитова.
Ақорда таратқан хабарламада кеңес мүшелерінің не себепті өзгертілгені айтылмаған. Алайда бұған дейін баспагер Бақытжан Бұқарбай Ұлттық кеңестен шығатынын мәлімдеген еді. Ол Қоғамдық даму министрлігі әзірлеген «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы президент тапсырмасына сай болмай шыққанын айттып, кеңес жұмысын сынаған.
Бұдан бөлек, кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан да Ұлттық кеңес мүшелерін заң жобасын жасау ісіне араластырмайтынын, отырыста көтерілген мәселелерді жүзеге асыру барысы белгісіз екенін, кеңестің келесі отырысының қашан өтетіні, онда қандай мәселе күн тәртібіне қойылатыны анық еместігін айтып, сынаған.
Қамшы тілшісімен сөйлескен қоғам белсендісі Арман Шораев Ұлттық кеңестен өз еркімен шыққанын айтады.
– Ұлттық кеңеске кірмес бұрын мен өзімнің талаптарымды қойдым. Негізгі талабым – Мұхтар Жәкішевті жедел түрде бостандыққа шығару болды. Енді Құдайға шүкір, Мұхтар Жәкішев кеш те болса шартты түрде бостандыққа шықты. Бұдан басқа да қойылған талаптар орындалып жатыр. Ұлттық кеңес мүшесі деген өмір бақи берілетін атақ емес, сол себепті кеңес құрамы жарты жыл сайын жаңартылып отыру керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Шораевтың айтуынша,, Ұлттық кеңес алдағы парламент сайлауынан соң тарайды.  – Ұлттық кеңес қоғамға өзінің жақсы әсерін тигізді деп білемін. Бұл ұйым негізінен біздегі парламенттің әлсіздігінен құрылды. Менің ойымша, Ұлттық кеңес алдағы парламент сайлауынан кейін тарайды. Мүмкін тағы бір жарты жыл өз жұмысын атқарар.
Ал мен Ұлттық кеңестен өз миссиямды орындағаннан кейін өз еркіммен кетуді жөн санадым, – дейді Шораев.  Ал Шораевпен бірге кеңес құрамынан шығарылған Азаматхан Әміртай кеңес құрамынан өз еркімен емес, президенттің шешімі бойынша шығарылғанын айтады.
– Президент ротация бойынша Ұлттық кеңестен бірнеше адам шығарылды деп айтқан болатын. Мұндай жайттар болып тұрады. Бұл ротацияға біз іліндік, орнымызды босаттық. Жұмыс істегенімізге шамамен жарты жыл болды. Осыған дейін шама шарқымызы жеткенше ұлтқа, елге пайдамызды тигіздік. Енді басқа да адамдар жұмыс істеп көрсін. Сондықтан мұны қалыпты құбылыс деп санаймын, – дейді ол.
Азаматхан Әміртай Ұлттық кеңестің осыған дейін атқарған жұмысына оң баға берді.  – Ұлттық кеңесте біз көтерген мәселелердің барлығы дерлік орындалды. Президентпен кездесу кезіндегі айтылған мәселер орындалды. Нақтырақ айтсам экологиялық кодекс парламентке кірді, шағын-орта кәсіптің дамуындағы жергілікті әкімдердің жауапкершілігін арттыру туралы мәселер орындалды, «Самұрық Қазына» ұлттық холдингі әлемдік стандартқа сәйкес жұмыс істейтін болды.  Ұлттық кеңестегі басқа азаматтардың атынан ештеңе айта алмаймын. Ал жалпы өз басым халықпен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырыстым, – дейді ол.
Азаматхан Әміртай Ұлттық кеңес жұмысын сынап, өз еркімен шығып кеткен Бақытжан Бұқарбайдың кеңес отырысында ашық айтқан ойларын естімегенін айтады.
– Ұлттық кеңестің құрамында болған кезде Бақытжан Бұқарбайдың даусы естілмеді. Ашық айтқан ойларын мен байқамадым. Шыны керек басқа топта болғандықтан Бақытжан Бұқарбайды танымайды да екенмін. Тек Ұлттық кеңестің құрамында бар екенін ғана білемін. Біз барынша белсенді болып, халықтың мәселесін президентке жеткізуге тырыстық. Оны әлеуметтік желіден де көре аласыздар. Аллаға шүкір, артымыз таза. Жалпы мені өздері кіргізді, өздері шығарды. Енді мен кез келген жайтқа дайынмын. Алдағы уақытта да алған бағыттан қайтпаймыз. Ұлттық кеңесте қалай жұмыс істесек, сол жұмысымызды дамытып, жалғастырамыз. Қазір экологиялық партия құруға жұмыс істеудеміз. Сол жұмысты ары қарай жалғастырамыз, – дейді Азаматхан Әміртай.
Ал кеңес құрамына жаңадан қабылданған Шыңғыс Мұқан бұрынғы мүшелердің кеңес жұмысын сынауын «қалыпты құбылыс» деп бағалайды.
– Бақытжан Бұқарбайдың Ұлттық кеңесті сынап, шығып кетуі – ұйымдағы пікір алуандығының көрінісі деп ойлаймын. Егер Ұлттық кеңесті ешкім сынамаса, барлығы мақтап-мадақтап отырса, қарапайым ұйым болып қалады. Сол себепті сын айтылуға тиіс. Талай адам шығып, талай адам кіруі мүмкін. Сол себепті оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдаған жөн, – дейді ол. Шыңғыс Мұқан кеңес құрамына мүше болуға ұсыныс кеңес тарапынан болғанын айтады.
– Маған президент кеңесшісі Ерлан Қарин ұсыныс жасады. Мен қабыл алдым. Негізі менің Ұлттық кеңеске кірудегі мақсатым көп. Жалпы бірнеше жыл бойы қазақ «Мазмұнын» арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмын. Осыдан 20 жыл бұрын осы мақсат пайда болды. Сол кезде өзіме қай жерде жүрсем де қазақ тілін дамытамын деп уәде бердім. Ұлттық кеңеске кіруімнің де негізгі мақсатым – қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазір кітап дүкендерінде көбіне орыс тіліндегі кітаптар сатылады. Кинотеатрға барсаңыз да орыс тіліндегі фильмдер көп.
Бұл мәселелер Ұлттық кеңессіз де шешіліп жатыр. Дегенмен Ұлттық кеңес осы мәселеге байланысты тіл жанашырларын тартып, мәселені жедел шешуге әсер етеді деп үміттенемін, – дейді ол.

Дереккөз:qamshy.kz