Басты Әлем Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 23-ке жетті
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 23-ке жетті. 19 наурызда күндіз тағы бес адамнан коронавирус табылды. Парижден келген науқастың үш туысынан вирус анықталған. Бұған қоса, Стамбул және Лондоннан келген екі жолаушының диагнозы расталды деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі.
Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бесеуі де медициналық бақылауда болған.
Өзбекстанда коронавирус жұққан бірінші адам 11 наурызда анықталған еді. Парижден Ташкентке ұшып келген мамандығы дәрігер өзбек азаматынан табылған. Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде науқас бірден дәрігерге көрінген. Оның диагнозы расталғаннан кейін онымен араласқан 10 адам карантинге жатқызылған. Сол күні Түркия, Ұлыбритания және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген азаматтардан да коронавирус табылды. Ізінше үкімет мектептер мен жоғары оқу орындары, балабақшаларды карантинге жауып, Наурыз бен жаппай қоғамдық шараларға тыйым салды.