«КИТАБ ТАСДИҚ» МҰСАННАФЫ ЖӘНЕ ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІ

2210
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ,
магистр-зерттеуші
Мүррсейіт Бекі ұғлы (1860-1917) – Абай мұсаннафларын, яғни әдеби
туындыларын қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа сақтап жеткізуге орасан зор
еңбек сіңірген, арабша сауаты бар, молда болған кісі. Оған кезінде Абайдың
өзі өлеңдерін жинап, жазып жүруді тапсырып, қалам ақысын төлеп
тұратынын айтқан екен. Мүррсейіт бұл тапсырманы бар ынта-ықыласымен,
шын берілген ыждағатымен орындапты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының иегері, ұлт зиялысы, Абайтанушы үлкен ғалым Мекемтас
Мырзахметұлы «Әуезов және Абай» деген кітабында Мұхтар Әуезовті:
«Абайтанушы ғұлама», «Абай мұрасының бірегей білгірі» деп атап, жоғары
бағалап отырады. Академик ғалым Мұхтар Әуезов тұңғыш рет 1933 жылы
Абайдың толық жинағын жарыққа шығарған болатын. 1909 жылғы жинаққа
небары 5399 өлең жолдары ғана кірген еді (оның 4309 өлең жолы төл туынды
болса, 1090 өлең жолы аударма шығармалар), міне, осы тұңғыш жинақты
М.Әуезов, біріншіден, Мүрсейіт қолжазбасында бар 17 өлең (626 жол), 45
қарасөз, 1 тарихи мақаламен толықтырды. Екіншіден, Абай шәкірттерінің
көмегімен М.Әуезов ізденістері арқылы тағы да тыңнан қосылған 1086 өлең
жолымен молықты. Сөйтіп, тұңғыш құрастырылған толық жинаққа 62 дербес
өлең немесе 1712 өлең жолы тыңнан қосылды (М.Мырзахметұлы. «Әуезов
және Абай». Алматы. 1996. 62-бет). Мекемтас Мырзахметұлы 1086 жолдан
тұратын 45 өлеңнің Мүррсейіт қолжазбаларына енбегенін, онда мүлдем
болмағанын, олардың толық жинаққа Абай мұрасының бірегей білгірі
Мұхтар Әуезовтің ізденісімен, ынта ықылас қойған ыждағаттылығымен
тыңнан қосылып, ұлық, бас ақынымыздың мұсаннафлары, яғни
шығармалары көлемі мен мазмұны жағынан да елеулі түрде молығып,
келешек зерттеушілер үшін мол қазына бір жерге топтастырылғанын айтады.
Академик ғалым Мұхтар Әуезовтің анықтауына қарағанда, Абай мұралары
жарық көрмей тұрып-ақ өзінің көрі тірісінде Мүррсейіт секілді көшіруші
кісілердің қолжазбалары арқылы баспаханадан шыққандай көбейтіліп, қазақ
жұртының төрт тарабына тарап үлгерген: «Мүрсейіт молда Абай ауылында
бала оқытқан кісі. 1916 жылға шейін Абайдың өлеңін көшіріп, ұқыпты жинап
жүрген. Өйткені, сол уақыттың «баспаханасы» Мүрсейіт болды, соңғы кезде
7-8 молда көшірген.
Мұның өзі кәсіпке айналды. Көшіргенде бір кітап үшін бір қойдың
құнындай ақы алатын болған. Көшірушілер – ақындар, елдің талантты
жастары. Елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын
көшіртіп, ұзатылғанда бір данасын ала кететін. Бұл қазақ жастарының
арасында Абайдың қандай бағалы болғандығын көрсетеді» (М.Әуезов.
«Абайтану дәрістерінің дерек көздері». Алматы. 1997. 150-бет).
Абайдың әдеби хатшысы қызметін атқарған молда Мүррсейіт Бекі
ұғлының қолжазба көшірмелерінде ұлық, бас ақынымыздың өлеңдері түгел
емес, едәуір бөлігі түспей қалған. Алайда шын мәнісінде Мұхтар Әуезов
негізін қалаған Абайтану ілімінің ғалымдары, әдебиет зерттеушілері
сүйенетін асылы түпнұсқа Мүррсейіт қолжазбалары болып қалғанын
барлығы да мойындайды. Абайтану саласына теңдесі жоқ еңбек сіңірген
үлкен ғұлама, ұлтымыздың ең зиялы өкілі, біз секілді көптеген шәкірттері
үшін адал да таза еңбек ете білудің үлгісі, ұстаздарымыздың бірі де бірегейі,
профессор Мекемтас Мырзахметұлы аталмыш кітабында академик Мұхтар
Әуезовтің ұлық, бас ақынымыздың өз қолымен жазылып қалған асылы
түпнұсқа қолжазбаларын шарқ ұра талмай іздестіргенімен, ешбірін де таба
алмағанын, қолына түспегенін айтады: «Абай қолымен жазылып қалды деген
автограф ретіндегі бір ғана хат пен «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны
туралы» деген шығармасының бір бөлігі ғана (2 бет) сақталған да, қалған
афтографтары түгелдей бүгінгі ұрпақ қолына жетпей қалды. Осы себепті де
М.Әуезов Абай шығармаларының асыл түпнұсқасы ретінде 1896 жылдан
бастап көшіріліп, қолжазба түрінде таратыла бастаған Мүрсейіт Бикеұлы
топтастырған көшірмелер алынатындықтан: «Абайдың басылып жүрген
таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, сол Мүрсейіттің
көшірмелері» (Әуезов М. «Әр жылдар ойлары». Алматы. 1959. 18-бет), –
болғанын тағы да атап өтеді. Бірақ Абай шығармаларын бастапқы асыл
түпнұсқа қалпына келтіріп жариялауға негіз ретінде ұстанып келген
Мүрсейіт көшірмелерінің өзі (қазір қолда бары 1905, 1907, 1910 ж.
қолжазбалар) көптеген текстологиялық ақаулықтарға жол беріп алған. Мұнда
біріншіден, Абай шығармалары толық қамтылмағандығы көрініп тұр.
Екіншіден, кейбір өлеңдер орынсыз біріктіріліп, кейбіреулері ретсіз бөлек
өлең ретінде берілетін жерлер де ұшырасады. Үшіншіден, қолжазбада Абай
қаламынан тумаған беймәлім өлеңдер де орын алған. Төртіншіден, ең
маңызды нәрсе – Абай шығармаларының жазылу мерзімі де, жылдары да
көрсетілмеген» (М.Мырзахметұлы. «Әуезов және Абай». 1997. 44-45
беттер).
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы
жылдың 9-қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетіне дана да ұлық, бас
ақынымыздың биылғы туғанына 175 толған мерейтойына орай жариялаған
«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында былай деп жазған:
«Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын
көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас»,
– дейді. Бұл ой-тұжырымға Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін
терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ал, отыз сегізінші қара
сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді».
Ұлық (ағзам) Абайдың: «Алланың өзі де рас», – дегенінің өзіндік мәнмағынасы бар, шын мәніне келгенде, бұл – иманның жеті шартының
алғашқысы ақиқаттықты қалаушы Аллаға сенудің нақ өзі. Ал, «сөзі де рас», –
деп отырғаны, растықты жақсы көруші бәрінен жоғары Раббымыздан келген
кітаптардың барлығының да ақиқат екенін меңзегені. Бұл иманның жеті
шартының үшіншісі – әділдікті ұнатушы Алланың кітаптарына сенуді
көрсетеді.
Қазақ халқының маңдайына жарқыраған жұлдыздай керемет бағы болып
біткен, бойына жоғары кемелділікті, ұлылық пен даналық қасиеттерін
жинаған, соңына негізінен ақылмандық, насихаттық, мұсылмандық адал да
әділ жолға және ізгі амал, игі іс, тазалыққа толы туындылар жаратып
қалдырған біртума, ұлық, бас ақынымыз Абай Құнанбайұлының ислам діні
мен оның сара жолдарынан мол хабардарлығын танытатын «Китаб тасдиқ»
мұсаннафы – шығармаларының арасындағы ең құнды, аса бағалы, шоқтығы
биігі болып саналады. Бұл шығарма көне түркі (ескі шағатай) тілінде
жазылған, арабша тақырыпталған. Оны қазақшалағанда, «Аллаға сенімді
бекіту кітабы» деп аталады.
Ағзам Абайдың осы аталған, «Китаб тасдиқ» деп тақырыпталған кітабы ол
1904 жылы өмірден өткен соң, 1905, 1907 және 1910 жылдары үш мәртебе
ұлық, бас ақынымыздың көзі тірі кезінде хатшысы қызметін атқарып,
шығармаларының көшірмелерін жасап, таратып жүрген Мүррсейіт Бекіұлы
деген арабша сауаты бар, бала оқытқан молданың тарапынан, сол кісінің
қолтаңбасымен араб әрпінің қадімше түрімен қағазға бітілген, яғни хатталып
жазылған нұсқалар күйінде кейінгі ұрпаққа сақталып жетіп отыр. Үш
нұсқаны салыстыра қарағанда, олардың мән-мағынасы, мазмұны жағынан
түбі бір түпнұсқадан көшіріліп алынғаны байқалады. Бір-бірінен оншалықты
жырақ кетпейтіні, анау айтқандай алшақтығы жоқтығы да көрінеді.
Дегенмен, үш нұсқаның мазмұнында бір-екі жерде бір-біріне кәдімгідей
жуымайтын, сәйкеспейтін жерлері де бар.
«Аллаға сенімді бекіту кітабы» («Китаб тасдиқ») – негізінен кешегі кеңес
дәуірінде сол кездегі қасаң, қитұрқы саясаттың ықпалымен, жойқын кері
әсерімен Мұхтар Әуезов негізін қалаған абайтану ілімінде өкінішке орай,
академик ғалымның өзінен бастап Абайтанушы көрнекті әдебиет
зерттеушілері тарапынан өз дәрежесінде толыққанды бағаланбай, ескерілмей
қалғаны рас еді. Шындығына келгенде, нақ осындай Абайдың
шығармашылық жолындағы шоқтығы биік дара туындыны жан-жақты
зерттеп, өз дәрежесінде толыққанды бағалаудың орнына, оған оң қабақ
танытпағандай ескерусіз қалдырған келеңсіз жағдайдың орын алуына сол
кезеңдегі қоғамымызда ислам дініне ашықтықтың мүлдем жоқтығы,
керісінше, оған қарсы атеистіктің үстемдік құруы, сондай-ақ, аталмыш
шығарма кітаптың араб графикасында қазіргі қазақ тіліне өте жақын түрде
жазылуымен бірге, екінің бірі тісі бата бермейтін араб, парсы сөздері
араласып-құраласып келетін көне түркі (ескі шағатай) тілінің элементтерін
молынан пайдаланып жазылу қалпы да себеп болды. Сөйтіп, өзінің
күрделілігімен, өзіндік әдемі қолтаңбасы, ерекшелігі бар соны соқпақ сорапжолымен, исламдық және имандылық жолда көтерген өзгеше үлкен
тақырыбымен, кейінгі қазақ баласына ғана емес, мұқым мұсылман жұртына,
одан қалаберді бүкіл адамзат әулет ұрпағына насихат, ғибрат түрінде
қасиетті жәдігерлік қалдырған аса ұлық мақсатымен, ауқымдылығымен
ерекшеленсе де, елеусіз күйге түскен таңғажайып аса бағалы, өте құнды
шығарма бір қарағанда, өңін айналдырғандай болып, сондай ұнамды, үлкен
мәнділігі мен маңызы бар, тауып қойылған әдемі тақырыбынан шеттетіліп,
жай ғана ұлық ойшыл ақынның «отыз сегізінші қара сөзі» деген атауды
иеленіп, тағдыр талқысымен «Китаб ғақлия» туындылары қатарындағы қара
сөздерінің бірі болып кете барды.
Қазіргі уақытта Алматыдағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Орталық
ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар мен ұлттық әдебиеті
бөлімінде сақталған, бас-аяғы 199-беттен тұратын, алғашқы бетіне араб
әрпінде: «Абай өлеңдері. Абайдың әдеби хатшысы Бекеұлы Мүррсейіт
көшіріп жазған. 1905 жыл» деп жазылған бума-кітаптың 179-194 беттерінен
араб әрпінің қадімше түрімен жазылған «Китаб тасдиқ» («Аллаға сенімді
бекіту кітабы») шығармасы шығып отыр. Шығарма соңында: «Йаз‘учы мулла
Муррсәиййд Бекі марҳум ұғлы» (сонда, 194-бет) деп хатқа түсіріп, көшірген
кісінің аты-жөні жазылған.
Біздің бір жаңалығымыз, һіжрәтнің 1324 жылы, миладий 1905 жылы молда
Мүррсейіт Бекі ұғлының көшірген қолжазбасы негізінен Абайдың
Әйгерімнен туған баласы Мекайылға арналып хатқа түсірілгенін анықтадық
(Құралбек Жолдасұлы. «Әл-Фараби және Абай». «Қазығұрт тынысы»
газеті, №14, 10 сәуір, 2020 жыл, 4-бет).
Әдеби хатшы, яғни мұсаннафатты (шығармаларды) хаттап көшіруші 1905
жылғы қолжазбасын мұсанниф Ибраһимнің (автор Абайдың) өлеңдерінен
бастаған. Өлеңдер аяқталған соң, әрі қарай И.Құнанбайұлының ғибратты,
тағылымды, насиҳатқа толы «Китаб ғақлия» туындылары, яғни қара сөздері
басталып кетеді. Біздің әлгі тапқан мағлұматымыз, айтқан жаңалығымыз осы
«Китаб ғақлияның» ең басында, қолжазбаның 129-бетінде былайша
жазылған:
مصنف ابراهم مرحوم قونانباى اوعلىننك قازاقننك منازالرى طوعرالى آيتقان سوزى و نصيحتى يادگ ار او ݘون
تيوشليدور ميكائل ابراهم اوعلينه يازيلدى
«Мұсанниф Ибраһим марҳум Құнанбай ұғлының қазақның мінәзлары
туғралы айтқан сөзі уә насиҳаты йадгар үчүн, тиүшлидүр: Микайыл Ибраһим
ұғлына йазылды». Мұсанниф – арабша сөз, ол – автор, шығарушы, ақын,
жазушы, құрастырушы деген мағыналарды білдіреді.
Біз «Абай өлеңдері. Абайдың әдеби хатшысы Бекеұлы Мүррсейіт көшіріп
жазған. 1905 жыл» деп жазылған, һіжрәтнің 1324 жылы хатқа түскен үлкен
бума қолжазба кітаптың 179-194 беттерінен Абайдың «Китаб тасдиқ» атты
мұсаннафын, яғни шығармасын араб графикасынан оқып, тұңғыш рет әрі
транскрипциялап, әрі қазақшалап шыққан болатынбыз. Көне түркі тіліндегі
мәтінінің транскрипциясы «Ардақ» (№10, 14 наурыз, 2020 жыл, 4-5 беттер
және №11, 21 наурыз, 2020 жыл, 5-бет) және «Сарыағаш» (№13-14, 3 сәуір,
2020 жыл, 8-бет және №15, 10 сәуір, 2020 жыл, 6-бет) газеттеріне
жарияланды. Қазақшасы «Айғақ» (№12, 25 наурыз, 2020 жыл, 1 және 4
беттер) газетіне шыға бастады, әлі жалғасы бар.
Алматыдағы қазіргі Мұхтар Әуезов ғылыми-мәдени орталығының,
бұрынғы әдеби-мемориалдық мұражай үйінің қолжазбалар қорында молда
Мүррсейіт Бекі ұғлының араб әрпінің қадімше түрімен хатқа түсіріп, жазып
қалдырған қолжазбаларының бірі сақталған. Ол бас-аяғы 232 беттен тұратын
№351-бума болып саналады. Қолжазба бума-кітаптың сыртқы мұқабасына
кирилше: «Кітап Ибраһимның «Қазақтың мінәзлары». (Мүрсейіт
көшірмесінде)», – деп жазылған. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының
мұсаннафаты, яғни әдеби туындылары Мүррсейіт молданың тарапынан
ұқыпты түрде көшіріліп құрастырылған бұл үлкен қолжазба кітапқа мұражай
үйіндегі бұрынғы ғылыми қызметкерлердің: «Қазақтың мінәзлары» деген
тақырыпты қойғаны тегін емес. Өйткені, бұл қолжазба жинақ Абайдың
«Китаб ғақлия» (351-бума, 1-бет), яғни ұлық, бас ақынымыздың қазақ
халқының мінездері мен белгі қасиеттері туралы айтқан сөздері арқылы
мұқым мұсылман қауымына, жалпы адамзат үрім ұрпағына тәлім боларлық
насихаты, ғибраты қастерлі жәдігер ретінде қалдырылған қара сөздерінен
басталады. Мүррсейіт Бекі ұғлы өз қолжазбасының алғашқы бетіне «Китаб
ғақлия» деп үлкен тақырыпты әдемілеп өрнектеп жазған соң, оның төменіне
араб әріптерімен: «Мұсанниф Ибраһим мархумның қазақның мінәзләрі
туғралы йазыб, йадгар қалдырған сөзін йаздым» (сонда, 1-бет), – деген екен.
Хаттап көшіруші кісінің жазып қалдырған анықтамасына қарағанда, өз
жанынан шығарушы Ибраһимның (Абайдың) бұл туындыларының хатқа
түскен уақыты һіжрәтнің 1325 жылы, миладий 1907 жылдың март (наурыз)
(сонда, 1-бет) айында екенін көреміз. Осы 351-бума қолжазба-кітаптың 57-
72 беттерінен Абайдың «Китаб тасдиқ» («Аллаға сенімді бекіту кітабы»)
атты шығармасының араб әрпінің қадімше түрімен жазылған 1905 жылғы
алғашқы нұсқасынан кейінгі 1907 жылғы екіншісі шығып, кейінгі ұрпаққа
сақталып жетіп отыр.
Қазіргі уақытта Алматыдағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Орталық
ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет
бөлімінде сақталған, бас-аяғы 219-беттен тұратын №1915-бума қолжазбаның
алғашқы бетіне араб әрпінде жазылған анықтамадан оны хатқа түсіріп,
көшірген кісінің аты-жөні «Муррсәиййд Бекі марҳум ұғлы» екенін көреміз.
Ол Абай шығармалары топталған бұл қолжазбасын Дайұрбай Хожан ұғлына
бастап жазғанын келтіре отырып, уақытын «һіжрәтнің 1327-сінде, миладий
1910-нчы йылында, апрелнің 20-нчы күнінде» (Құралбек Ергөбеков. «Көне
түркі тілінде жазылған Абай шығармасы». «Қазығұрт тынысы» газеті,
№13, 3 сәуір, 2020 жыл, 8-бет), – деп көрсетіпті.
Аталған №1915-бума қолжазба мұсанниф, яғни шығарушы автор Абай
Құнанбайұлының «Китаб тасдиқ» («Аллаға сенімді бекіту кітабы») деп
аталатын ең құнды шығармасымен басталады. Ол аяқталған соң «Китаб
ғақлия» туындылары, яғни қара сөздері келеді. Осы 1910 жылғы
қолжазбаның 19-бетінде былай делінген:
كتاب عقليه تيوشلى دايورباى حوجان اوعلينه
مصنف ابراهم حاجى الرحمين قونانباى اوعلىننك ايل منازين يمانالب عقل ايتوب يازعان نصيخت سوزين باشالب
يازديم هرتنك ۱۳۲۷ سنده
«Китаб ғақлия». Тиүшлі: Дайұрбай Хожан ұғлына.
Мұсанниф Ибраһим ҳажы әл-раҳмин Құнанбай ұғлының ел мінәзын
йаманлаб ғақл айтұб йазған насиҳат сөзін башлаб йаздим: һі[ж]рәт[н]ің 1327-
сіндә» (ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Орталық ғылыми кітапханасының
сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі, №1915, 19-
бет).
Біз үлкен бума қолжазба кітаптың 2-17 беттерінен «Китаб тасдиқ»
шығармасын кездестіріп, араб графикасынан оқып, тұңғыш рет әрі
транскрипциялап, әрі қазақшалап шыққан болатынбыз. Бұл нұсқаларды
«Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері, филология
ғылымдарының докторы, профессор, Абайтанушы үлкен ғалым Мекемтас
Мырзахметұлы жоғары бағалады.
1910 жылғы нұсқаның көне түркі (ескі шағатай) тіліндегі транскрипциясы
«Дөңгеленген дүние» газетіне (№15, 15 сәуір, 2020 жыл, 3-бет) жарық көре
бастады, әлі жалғасы бар. Ал, қазақшасы «Қазығұрт тынысы» газетінің үш
нөмірінде жарық көрді (№13, 3 сәуір, 2020 жыл, 8-бет; №14, 10 сәуір, 2020
жыл, 12-бет және №15, 17 сәуір, 2020 жыл, 8-бет).
Мүррсейіт Бекі ұғлы һіжрәтнің 1324 жылы, миладий 1905 жылы көшіріп
жазған, бүгінде Алматыдағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Орталық
ғылыми кітапханасында сақталып келген қолжазба кітабын Абайдың
Әйгерімнен туған баласы Мекайылға арнап хатқа түсірген болса, жазылған
уақыты «һіжрәтнің 1327-сінде, миладий 1910-нчы йылында, апрелнің
(сәуірдің) 20-нчы күнінде» деп көрсетілген қолжазба кітабы кезінде Абай
өлеңдерін көшіріп, халық арасына насихаттап, тарату мақсатында көп жұмыс
атқарған молда Дайырбай Қожан ұғлына арналып хатқа түскен екен. Ал,
көшіріліп жазылған уақыты һіжрәтнің 1325 жылы, миладий 1907 жылдың
март (наурыз) айында деп көрсетілген, Алматыдағы қазіргі Мұхтар Әуезов
ғылыми-мәдени орталығының, бұрынғы әдеби-мемориалдық мұражай үйінің
қолжазбалар қорында сақталған Мүррсейіт молда қолжазба кітабының кімге
арналып хатқа түскені әзірге бізге белгісіз болып қалып отыр. Өйткені,
қолжазбаның алғашқы беті бүлінгендіктен құрастырып оқуға мүмкін
болмады. Қолжазбаны парақтап қарағанда, бір беттерінде жолжиек шетіне
Шәкәрімнің аты жазылғанын байқадық. Сол Шәкәрім Құдайбердиевке
арналып хатталған болуы да әбден мүмкін деп болжалдаймыз.
Дана Абай өзінің даралығымен поэзиясында бірнеше рет сөз еткен толық
адам туралы ілімін «Китаб тасдиқ» мұсаннафының, яғни «Аллаға сенімді
бекіту кітабы» шығармасының өн бойына біртұтас өзек еткен. Айбынды да
құрметті және бәрінен жоғары Құдай құлы бұл жарық дүниеге пәк
періштедей іңгәләп сәби болып келіп, балалық дәуренге өткен соң, ең алғаш
ата-анасынан, екінші өзінің ортасынан, қатар құрбы-құрдасынан, үшінші
өмірінде жетелеп бағыттаушы ұстаздарынан – тумысынан, болмысынан,
табиғи жаратылысынан болған мінез-құлықтарын, белгі қасиеттерін әрі қарай
жетілдіріп, толықтырып, кемелдендіру жолына түседі. Мұсанниф Абай
«Китаб тасдиқ» туындысында, мұсаннафының аты айтып тұрғандай, Аллаға
сенімді бекіту жайын ғана емес, толық адам жөніндегі ойын, ілімін жүйелеп
келіп, әдемі қорытындылап, нақлий және ғақлий дәлел-дәйектермен шегелеп
тасдиқтайды. Мұның үшін әуелі толық адамның бірте-бірте шынайы
қалыптасуы оның бала кезінен бастау алатынына мән беріп, өзінің қастерлі
жәдігерлігін сол балғын ұрпаққа арнап қалдырады.
Асыл еңбек, қастерлі жәдігерлік былайша басталады: «Ай, жүрәгімнің
қуаты – фәрзәндләрім! Сізләргә адам ұғлының мінәзләрі туғралы біраз сөз
йазыб, йадгар қалдырамын. Ихласмәнән оқұб, ұғыб алұңызлар. Аның үчүн
муҳаббатның төләуі – муҳаббат. Әууәл адамның адам[чы]лығы – ‘илм, ғақл
дегән нәрсәләр бірлән. Мұның табылмақлығына сәбәблар 1-нчі хауасс сәлим
һәм тән саулық. Бұлар туысұнан болады. Қалмысы, өзгәләрі[нің бәрі] йахшы
ата, йахшы ана, йахшы құрбы, йахшы ұста[з]лардан болады. Талаб, ұғұм –
муҳаббатдан чығады. ‘Илм-білімгә муҳаббатләндірмәк әлгі айтылған
үчәуінән болады» («Ардақ» газеті, №10, 14 наурыз, 2020 жыл, 4-бет).
Біріншіден, ұлық, бас ақынымыз бұл арада: «Аның үчүн муҳаббатның
төләуі – муҳаббат» деп бекерге айтып отырған жоқ. Мұндағы айтылған қос
махаббаттың алғашқысы – Аллаға тән, кейінгісі Оның басқа тірі
мақұлықтарға ұқсатпай, ынтық сүйіспендігімен ақыл иесі етіп жаратқан
құлына, пендесіне тиесілі. «Аның үчүн» – түркінің сонау ғасырлар
қойнауынан, көнеден келе жатқан жәдігері, тұрақты сөз тіркесі, оны
қазақшалағанда, солай болғандықтан, сол себепті, сол үшін, бұл үшін, осы
үшін, сондықтан, бұған деген мағыналарды білдіреді. Сонда әлгі айтылғанды
толық қазақшалап шыққанда, былай болады: «Сондықтан (бәрінен жоғары
Алланың) сүйген махаббатының төлеуі, қайтарымы – (Оның құлдары
тарапынан) ынтық сүйіспеншілік (қарыз іс екенін біліңіздер)» («Қазығұрт
тынысы» газеті, №13, 3 сәуір, 2020 жыл, 8-бет).
Негізінде пенденің адамшылық қасиеті – ақылмен, іліммен қалыптасады.
Олардың пенденің бойында орнығып, табылуына себеп болатын түрткілер –
сол Құдай құлының сыртқы тән мүшелерінің ешбір нұқсан тимеген саулығы
және ішкі өзіндік жақсы қасиеттер, дұрыс мінез-құлықтар. Абайдың «хауасс
сәлим» дегенінің өзі осы. Балғын баланы ілім-білімге құштар етіп
махаббаттандыру, ынтық сүйіспеншілігін ояту – оның болашақта толық адам
болып қалыптасуының негізі. Сондықтан да Абай қазақ баласына, әулет
ұрпағына арнаған сөзін, қастерлі жәдігерін нақ осы әңгімені, мәселені қозғау
арқылы өрістетеді. Ұлық ойшыл ағзам Абайдың: «‘Илм-білімгә
муҳаббатләндірмәк әлгі айтылған үчәуінән болады» дегенінің сыры, біздің
ойымызша, біріншіден, қандай да бір нәрсені сүюден туған өзіндік талап,
екіншіден, ілімін, әр нәрседен хабардарлығын үстемелей түскен еңбегімен
келетін, бойында қалыптасатын ұғым-таным, үшіншіден, терең ойға
жетелейтін ақыл. Яғни дана да дара ақынның бес асыл іс ретінде ұсынатын
«талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» дейтін сөзі ойға оралып,
сол бесеудің алғашқы үшеуі осы арада астарлы көрініс тапқанын байқағандай
боламыз.
«Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлығының иегері, ұлтымыздың
зиялысы, Абайтанушы, үлкен ғалым Мекемтас Мырзахметұлы былай дейді:
«Абай дүниетанымы өз заманы үшін де, біздің заманымыз үшін де озық ойтанымның ұшар шыңы деп білеміз. Себебі, бұл қайталанбас рухани құбылыс
екеніне көзіміз жете түсуі – Абай дүниетанымының озық әрі енді өзіміз
ұстанатын мәні терең адастырмас темірқазық жұлдызына айналып отыруы –
біздің жаңа дүниетаным жолына түсуіміздің бұлжымас айғағындай.
Міне, Абай таратып отырған толық адам ілімінің іргетасы – ақыл, әділет,
рақымды оқырман терең танып, бойына құштарлана сіңіріп, біліп,
орнықтырмай толық адам қалпына келе алмайды. Өзін жаман мінез-құлықтан
арылтып, өзін-өзі рухани жағынан жаңартып, толыспай толық адам деңгейіне
жете алмайды» («Шәкәрімнің ар ғылымы – Абайдың толық адам ілімінің
жалғасы». «Оңтүстік Қазақстан» газеті, №6, 16 қаңтар, 2020 жыл, 3-бет).
Абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы айтып отырған толық адам қалпына
жету – Алланың құлына оңай емес, қиынның қиыны. Ұлық, бас
ақынымыздың айтуынша, одан өзге жолды қалаған пенде қиянатшылдыққа
шым батқан жарым адам қалпында қалып қояды. Қиянатшылдыққа,
опасыздыққа, екі жүзділікке шым батқан пенде тіпті адам деген атқа ие бола
алмайды. Абай былай дейді: «Әуел баста бала білім-ілімді өзі талаптанып,
ізденіп таппайды. Басында қатаңдық жасап зорлықпен жетелеп отырумен, не
болмаса түрлі амалмен, алдаумен үйір ету керек. Үйренісе келе өзі
талаптанып, ізденгендей болғанша (қадағалауды үзбеңіздер). Қашан сол бір
бала білім-ілімді ынтық сүйіспенділікпен, ұнатып қалаумен көксерлік болса,
сонда ғана оның аты – адам болады. Содан соң ғана бәрінен жоғары Алланы
тану, өзін танулық, дүниені танушылық, өзі адамдық қасиетін бұзбай ғана
пайда табу, олжа келтіру, табыс түсіру, береке кіргізулер (мен) залалды
тойтару, зиянды алыстату, кеселді жою, кемістікті жоқ қылуларды айыру
секілді білім-ілімді үйренсе білер деп үміт қылуға болады. Болмаса (мүлдем)
жоқ, ең болмаса шала (болып қалатынын біліңіздер).
Сондықтан көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылдыққа,
опасыздыққа жол беріп, салындырып алады. Соңынан (түзетемін деген
үмітпен) молдаға берген болады немесе ол балалары өздері барған болады.
(Алайда) ешқандай бір тиімді нәтиже болмайды. Ол екіжүзді болған
қиянатшыл балалары өздігінен талаптануға да, ілімге құштарлыққа да,
өмірдегі жетекшісі ұстазға да, тіпті Аллаға илану, сеніміне көз жеткізу,
мақұлдап растау жолына да опасыздығынан танбайды. Арамзалықты,
сатқындықты, залымдықты жанына жалау еткен бұл қиянатшылдар жарымжартылаған адам (йарым адам), кемел бүтіндіктен мақұрым қалған молда,
толық қалпынан жартылай немесе мүлдем ажыраған мұсылман (болады).
Олардың адамшылығының қосымша толығуы, үстеме табуы қиынның
қиыны.
Себебі ең жоғары мәртебелі Алла өзі шынайы ақиқаттық, әділетшіл,
турашыл, қалтқысыз адал да шыншыл, [растықты сүюшінің] жолы.
Ақиқаттық пен растықты қалаушы – қиянаттың жауы. Дұспаны (қиянат
бойды баурап алса, сол) арқылы ізденгенге, шақыртқанға дос, (яғни
ақиқатшылдық, растық) келе ме? Көңілде өзге (опасыздыққа,
қиянатшылдыққа деген) ынтық сүйіспеншілік тұрғанда, туралықты, әділдікті,
шыншылдықты, растықты, ақиқатшылдықты таппайды.
Адамның білімі, ілімі – ақиқатшылдықты сүюшілікке, растықты
қалаушылыққа құмар болып, әр[бір] нәрсенің түбін, негіздемесін, мағынасын
білуге ынтықтықпен, құштарлықпен табылады. Ол Алланың хабардарлық
емес, дегенмен бүтіндей барлығын білетұғын хабардарлыққа ынтықтық,
құштарлық өзі де адамға өзіндік ілім береді. Сондықтан Ол Алланың өзіне
ғашықтық (бойыңда орын алғаны мақұл). Ілім (хабардарлық) – Алланың бір
белгі қасиеті, сипаты, ол – шынайы шындық, ақиқат. Оған ғашықтық өзі де
туралық, шындық және адамшылдық (болып саналады). Болмаса малбайлыққа жету, мақтаншақтық жолға түсу, бос делбе дақпыртқа ұшырау,
атақ-даңққа құмарту, құры қадірін арттыру, сый-құрметке бөлену секілді
нәрсе мұрат-мақсаттардың қалауымен, ынтықтығымен білім-ілімнің
шынайылығы, ақиқаты табылмайды.
Мал-байлық, мақтаушылық, атақ-даңқ, сый-құрмет адамды өзі іздеп
табылса, адамшылықты бұзбайды, тіпті көрік болады.
Алайда егерде адам өзі оларға ынты-шынтысымен беріліп, табынып іздесе,
тапса да, таппаса да адамшылығы, шынайы ізгілік қасиеті жоғалады»
(«Қазығұрт тынысы» газеті, №14, 10 сәуір, 2020 жыл, 12-бет).
Мекемтас Мырзахметұлы айтқандай, Абайдағы толық адам ілімінің
іргетасы – ақыл, әділет, рақым болса, ол ұлық ақынымыздың кейінгі жас
өскінге ұсынған бес асыл ісі мен Алланың жолына берген анықтамасынан
көрінеді. Жалпы алғанда, шын мәніндегі мұсылманшылық жолы –
әділеттіктің, адалдықтың, тазалықтың ең жоғарғы үлгісі. Абайдың толық
адам ілімін жалғастырып, ар ғылымына үлкен ойлылықпен мән берген
Шәкәрім Құдайбердиев өзінің «Үш анық» деген еңбегінде: «Адамзат ұлын
бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол
– осы мұсылман жолы сияқты», – деп ой-байламға келуі де содан.
Дана (ҳәкім) да ұлық (ағзам), бас ақынымыз Абай Құнанбайұлы Алла
жолына өте тамаша анықтама жазып қалдырған. Оның айтуынша, Алла жолы
– ақиқаттық, растық, әділдік, шыншылдық, хақлық, туралық, адалдық, ізгілік,
адамшылық жолы. Айбынды да құрметті, бәрінен жоғары және
мейірімділердің мейірімдісі Аллаға иман келтірудің өзі – құры сөзден, тіл
арқылы сенім білдіруден ғана тұрмайды. Раббының құлдары (пенделері) шын
мәнінде Алла жолына мойынсұнып, пәк ділімен, таза жан-жүрегімен
қабылдағанда ғана ұлық ақынымыз баян етіп айтқан кәміл адам, яғни толық
адам үлгісіне жақындай түсетін боламыз. Өйткені, ең жоғары мәртебелі
Құдай ең бірінші кезекте әділдікті жақсы көреді, шын да хақ, растық жолын
ұнатады, адамшылықты қалайды, жүрек тазалығын сүйеді.
М.Мырзахметұлы өзінің «Абайдың толық адам туралы ілімі» еңбегін
былайша түйіндейді: «Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай
мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті, М.Әуезов ол
өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы және
програмдық бір өлеңі», – деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр.
Абайдың:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз», – деп адам бойындағы мінез-құлқындағы қарамақарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы»
дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып сырын ашсақ,
көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Осы өлеңде ерекше мән бере аталатын
Шығыстың озық ойлы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) атақты шәкірті Жүсіп
Қарабағи (XVIII ғ.) «Рисаласында» «жанның азығы» деген ұғымды еске
(память) байланысты қарап талдайтыны бар. Автор «жанның азығы»
(духовная пища) деген ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азығы
(шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік), екіншісі – жанның зиянды азығы
(күншілдік, жалған сенім) деп атайды.
Абай танымындағы «жанның тамағы» да жан қуаты арқылы біртіндеп
қорланатын рухани байлықты меңзейді. Өйткені, Абай: «…Құмарланып
жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», – деп көрсетуі
арқылы әрбір талапкер жас өзінің дүниетанымының қалыптасу жолында
жанның пайдалы тамағымен сусындауға саналы түрде бет бұрса ғана толық
адам жолына түсе алмақ, болмаса жоқ.
Ақынның «бес нәрседен қашық бол» деп таңбалап отырғаны адамды
аздыратын жанның зиянды тамақтары болып шығады. Адам болу туралы
ойлар, әсіресе, ақынның қара сөздерінде молырақ таратылған. Ондағы «адам
болу, адам, жарым адам, толық адам, адамның адамдығы, адамшылық,
адамшылығының кәмалаттығы, пенделіктің кәмалаттығы, инсанияттың
кәмаләттығы т.б. терминдік мәні бар сөздердің бәрі де толық адам жайлы
пікірлерімен сабақтасып жатады».
Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде, яғни «Китаб тасдиқ» мұсаннафында
толық адам туралы анықтама былайша түйінделеді: «Енді біліңізлар, әй,
фәрзәндлар! Құдай тағаланың жолы дегән жол Аллаһ тағаланың өзүндай
ниһәйәтсіз (өлшеусіз, шексіз) болады. Онұң ниһәйәтінә (жоғарғы шегіне)
һичким жәтбәйді. Бірақ сол жолға жүруні өзінә шарт (талап) қылыб кім қадам
басды, ол таза мұсәлман, толұқ адам делүнәді. Дүниәдә түбкүр мақсұдұң өз
файдаң болса, өзің ниһәйәтлысын (шектеулісің), ол жол Хұданың жолы емәс.
«Ғаламнан жиұлсұн, маған құйұлсұн, менің отырған орнұма ағыб келә
берсүн» дегән ол нә дегән инсаф (әділеттілік)? Сенән нә түрлі болса да, йа
дүниәңнан (дүниелік игілігіңнен), йа ғақлұңнан, йа малұңнан (малбайлығыңнан) ‘әдәләт (әділет), шафақат (мейірімділік, рахым) секілді
бірәуләргә йахшылық тигізбәк мақсұдұң болса, ол жол – Хұданың жолы. Ол
– ниһәйәтсіз (өлшеусіз, шексіз) жол. Сол ниһәйәтсіз жолға айағұңды берік
басдұң, ниһәйәтсіз Хұдаға тақарраба (жақын келу) ҳәсил болыб (қол
жеткізіп) хасс ізгү құлларұңдан болмақ үмід бар. Өзгә жолда нә үмід бар?»
(«Ардақ» газеті, №11, 21 наурыз, 2020 жыл, 5-бет).
Академик ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов Абайдың отыз сегізінші қара
сөзін 1997-1998-1999 жылдарда жазылған мұсаннафат, яғни туындылардың
қатарында қарастыратыны бар. Ол былай дейді: «…97-98-99 ж. қара сөзінде
айтылған пікірлер көбінесе Абайда адамгершілік, тәрбиелік желісі бар өнімді
ойының біріне айналады. Абайдың педагогикалық көзқарасы болғандықтан,
Абай философ деп алғаннан гөрі Абай педагог деп айтуға орынды. Жастарға
арналған тәрбиелік сөз – жүрегінен шыққан аталық мейірімде айтылған пікір.
Қоғам мен жеке адамның арасындағы қарым-қатынасты айтуы өлеңінен гөрі
қара сөзінде үлкен орын алған. Бұл – әлеуметтік тақырыбының ішіндегі ең
үлкені. Кейде өз пікірін халыққа түсіндіру үшін, дін тілімен айтады. Абайдың
діні сыншыл ақылдың шартты дініне айналады. Араб сөзін келтіріп, Құран
тілімен сөйлеуі тыңдаушы қауымға түсінікті болсын дегені. Оны адамды
адамгершілікке жеткізетін құрал есебінде пайдаланады» («Абайтану
дәрістерінің дерек көздері». Алматы. 1997. 181-182 беттер).
Ал, отыз сегізінші қара сөзі, яғни «Аллаға сенімді бекіту кітабы» туралы,
оның көтерген мәселесі жөнінде Абай мұрасының білгірі былай дейді: «Әр
алуан оқымысты философтардың сөздерін өзінше түйіп айтады. Бұл сөзі жас
буынға сырласу ретінде айтылған сөзі десе болады. Тілеулестік,
мейірмандық, достық жүрекпен емірене сөйлейді. Бұл өсиеттерін мұсылман
ғұламасы болып отырып, Құдай, иман, инсани, камили деген салаларға бөліп
таратып отырады… Адамның адамшылығын көтеріп айтқанда надан
молдалар жайында айтатын пікірлері өткір, актуалды. Дін иелерімен
дауласқан пікірінде шыншыл ақын болып сөйлейді. Мінегенде олар өз ойын
түсінбейтіндіктен, ескі кітап тілімен сөйлесіп отырып надандығын ашады.
Оларды сынауды тереңдете келе діннің сол кездегі үлкен ишандарын мінейді.
Абай өз ойын ешбір күшке табындырғысы келмеген данышпан екендігін
көрсетеді. Ишан, қожа, молдалар туралы өткір, шыншыл ойды сол кездегі еш
адам айта алмаған. Ишандар өздерін көпшілікке ақыл-тәлихат деп көрсетеді.
Абай адамның өз басын өзі қор ететін кемшілігін көрсетеді. Ол –
надандық, еріншектік, зұлымдық дейді. Мұның бәрі – педагогикалық,
адамгершілік пікірін тарата келіп, қорытқан жері осы десе болады» (Сонда,
183-бет).
«Китаб тасдиқ» мұсаннафында мынандай әдемі дерек келтіріледі (1907
жылғы нұсқадан): «Бұл ҳәким[лар] (данышпандар) ұйқұ, тынычдық, һәуәс
(көзсіз құмарлық), қызықның бәрін қойұб, адам баласына файдалы іш[лар]
чығармақлығына, йағни электрийаны (жарықты) тауыб, асиманнан жайды
бұрұб алыб, ғақлын тауыб жүргүзіб, дүниәнің бір четүнән ҳәзір жауаб алыб
тұрұб, от мәнән суға ҳиласин (айласын) тауыб, миң адам қыла алмас[дай]
хызмәтлар ішлатыб қойұб тұрғанлығы уә хусусан (әсіресе) адам [баласы]ның
ғақлийй (ақыл-парасатқа, даналыққа негізделген ойға қонымды) фикрін
ұстартыб, ҳаққ (шын) бірлән батилни (жалғанды) [қалай] айұрмақны
үйрәткәнлігі барчасы нәфғлік (олжалық) болған соң, бізнің оларға
міндәтдарлығымызға (борышты ризашылығымызға) дау жоқ» (М.Әуезов
ғылыми-мәдени орталығы, №351-бума, 67-бет).
Мекемтас Мырзахметұлы бізбен әңгімесінде: «Абай: «Бұл данышпандар
ұйқы, тыныштық, көзсіз құмарлық, қызықтың бәрін қойып, адам баласына
пайдалы істер шығаруына, яғни жарықты (электрияны) тауып, аспаннан
жайды бұрып алып, ақылын тауып жүргізіп» деген сөздерді бекерге айтып
отырған жоқ. ХХ ғасырдың басында бұл найзағайдан жарық алу жаңалығы
ашылып, дәлелденген еді. Дана Абай осы жаңалықтан хабардар болып,
«Китаб тасдиқ» шығармасына енгізіп отыр. Осыған қарағанда, «Китаб
тасдиқ» туындысы 1901 немесе 1902 жылдардың бірінде жазылып
аяқталған», – деп өз жорамалын бөліскен болатын.
Ғалымдардың арасында данышпандарының зерттеулеріне, ашқан
жаңалықтарына қарағанда, табиғат құбылысында аспандағы бұлтта электр
заряды жинақталып, нәтижесінде алып электр ұшқынынан – найзағай пайда
болады екен. Найзағайлар электростанциядан да мың есе күшті электр
жарқылын шығаратын көрінеді.
«Найзағай сағатына 96 шақырым жылдамдықпен қозғалатын және 30 мың
градус жылу бөлетін энергияның қайнар көзі болып саналады» дейді
данышпан ғалымдар. Тіпті бір найзағайдың энергиясы 3 ай бойы 100 ваттық
шамды жағу үшін жеткілікті екен.
Физик, инженер, электротехника және радиотехника саласында
өнертапқыш Никола Тесла аспан әлеміндегі найзағайдың, яғни жайдың
сәулелендіруші энергияны бөлетінін болжап, оны қайта өңдеп пайдаланатын
аппарат ойлап тапқан. Ол 1901 жылы 5 қарашада бұл ғылымдағы ашқан
болжамын, жаңалығын, өнертабысын растайтын №685,957 санды куәлік
(патент) те алған («Аппарат для утилизации радиантной энергии. Патент
№685,957, 5 ноября, 1901 года»). Айтылған мәлімет ғаламтордан алынды.
Абайтанушы үлкен ғалым Мекемтас Мырзахметұлының әлгі бізбен бөліскен
болжамын растайтын дәлел-дәйек те осы.