Қазақстанда армениялық нөмірі бар көлік иелеріне 11 мың теңге төлеп уақытша тіркеу ұсынылды. Енді олар машинаны толық тозғанға дейін пайдалана алады
Президенттің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов Армениядан келген машиналарды тіркеу мәселесін шешетін жаңалықты егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Экономист пікірінше, Армениядан әкелінген көліктер үшін аса тиімті болмаса да, автокөлік иелерінің 85 процентіне оңтайлы шешім қабылданған.
«Армяниядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген сол жақ рөлді көліктерді уақытша тіркеуге қойып, нөмір алу үшін бар-жоғы 11 мың теңге төлеу жеткілікті. Оларды биыл 1 қыркүйекке дейін уақытша тіркеуден өткізу керек. Осы уақытша тіркеу – бастапқы тіркеу мен баж салығы және утилизациялық алым төлемей-ақ, машинаны толық тозғанға дейін пайдалануға мүмкіндік береді», – деп жазды Олжас Құдайбергенов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бірақ бұл шешім автокөлік иелеріне оны өз атынан шығаруға құқық бермейді. Яғни, көлікті өз атыңнан шығару үшін, тек Арменияға кері сатқан жағдайда ғана мүмкін болады. Немесе барлық алымдар мен төлемдер төленіп, тұрақты тіркеуге қойылады.
«Уақытша тіркелген көліктегі армян нөмірлерінің бәрі сақтауға тапсырылады. Елден кеткісі келген жағдайда бастапқы нөмірлерін қайтарып алады. Сондай-ақ, уақытша тіркеуге алынған көліктердің бәрінде 18-ші аймақ нөмірі көрсетілмейді, тек сары түсті нөмір беріледі. Көлік иесінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген техникалық құжатпен өзгеге сенімхат беріп, шетелге де саяхаттай аласыз. Жалпы алғанда бұл ымыралы шешім болды», – деп түсіндірді экономист.
Олжас Құдайбергенов мұндай шешімге көптеген автокөлік иелері қанағаттанғанымен, кейбіреулер әлі де күмәнданатынын айтады. Біршама уақыттан кейін барлық төлемдерді төлетуге мәжбүрлейді деп санайтындар да жоқ емес.
Армян көліктерінің иесі салықты қалай төлейді
Құдайбергенов кейбір көлік иелері екі елге де салық төлеймін деп ойлайтынын атап өтті.
«Шын мәнінде, армениялық көлік иелері 2020 жылға арналған салықты Арменияға, ал Қазақстанда тек келесі жылдан бастап төлейді. Өйткені жыл соңына қарай тиісті қаулы қабылданады деп күтілуде», – дейді ол.
Армеяниялық «оң жақ рөлді» көліктердің мәселесі қалай шешіледі
Армениядан әкелінген автомобильдердің 15 проценті, яғни «оң жақ рөлді» көліктердің мәселесі шешілмеген күйі қалды.
«Бұл мәселеде үш шешім бар – рөлді сол жаққа ауыстырып (бұл көлікті қауіпсіз ететініне сенім жоқ) уақытша тіркейді, шетелге қайта сатады немесе қосалқы бөлшек үшін бұзып сатады. Қалай болғанда да, мәселенің толық 100 процент шешілмеуі, оны қайта қарауға мәжбүрлейді», – деп жазды Олжас Құдайбергенов.
Армениядан қанша көлік әкелінді
Экономист Армения ЕАЭО құрамына 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгеннен кейін армяниялық нөмірмен автомобильдер импорттала бастағанын еске салды. Өйткені, 2019 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған өтпелі кезеңге байланысты бағаның айырмашылығы болған.
«Арменияға автокөліктерді өз бажымен импорттауды жалғастыру үшін бес жыл уақыт берілді. Бұл бағаның айырмашылығын тудырғандықтан Қазақстан азаматтары сол жақтан көліктерді импорттай бастады. Алғашқы кездерде бірлі-жарым болатын. Ал 2019 жылы көлікті импорттау белсенділігі артты (бірінші жартыжылдықта 20%), ал екінші жартысында 70%)», – деді Құдайбергенов.
Оның айтуынша, 14 мың қазақстандыққа берілген техникалық сертификатпен елге 22 мың көлік әкелінген.
ЕАЭО елдеріндегі автомобильдерді тіркеу проблемасы
Жыл басында ішкі істер министрлігі Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автомобильдердің иелерін көлік құралын тіркеуге шақырды. Бұл автокөлік жүргізушілерінің наразылығын тудырды. Кейін мемлекет басшысы Бас прокуратураға жағдайға құқықтық баға беруді тапсырды.