Жайдарлы жаз – 2020 !

1687
Міне, жайдары жаз да келіп жетті. Жаздың келуіне балалардың қуанышы ерекше. Өйткені, қашан да жаз маусымы демалысымен қызықты. Сондықтан елімізде балалардың жазғы демалысын пайдалы ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Биылғы оқу жылы балаларымызға оңай болған жоқ. Әлемде болып жатқан пандемияға байланысты қашықтықтан оқып, үйден шықпай отыруға мәжбүр болды. Алайда, жазғы демалыстарын үйірмелерде өткізуге мүмкіндік бар. Балалар көркемсурет мектебіне қарасты «Шұғыла» аула клубында балалардың бос уақытын қызықты өткізу, жаңа әсерлер сыйлау, шығармашылық өсу, өзара қарым-қатынас, ойын, таным, өнер – барлығын біртұтас қамтып, демалысты қызықты өткізу жоспарға алынған. Осыған орай музыка, бейнелеу, спорт, экология бағытында түрлі үйірмелер жұмыс жасауда. Мұнда балалар түрлі өнер түрлерін меңгерумен қатар, денсаулықтарын да нығайтады. Таза ауада «Көңілді мәре», «Шертпе асық» сияқты спорттық ойындар ойнап демалыстарын қызықты өткізуде. Сонымен қатар қала күніне орай «Саяхат уақыты» деп аталатын Шымкент қаласының көрнекі жерлеріне виртуалды саяхат жасап, сол жерлердің мән-маңыздылығын түсіне білді. Осы мереке қарсаңында өткен «Шымкент – балалар көзімен» атты қалалық онлайн байқауында аула клубымыздың балалары Мирабдуллаева Гүлсанам мен Нұржан Нұржамал 20000 теңгелік сертификат пен дипломға ие болды. Осындай мазмұнды, қызықты іс-шаралар балаларымыздың демалысын пайдалы етіп өткізуіне ата-аналар өз ризашылықтарын білдіруде.
Жиделі мөлтек ауданының тұрғыны Байжанова Гүлнардың қызы Маржан үш жылдан бері осы аула клубының домбыра үйірмесіне қатысып, бірнеше байқаулардың жүлдегері атанып келеді.
— Қызымның жарты күні осында өтеді. Домбырадан сабақ алып, қызықты шараларға қатысады. Мұнда достары да көп. Қазір жазғы демалысын аула клубында өткізуде. Бала үйренетін, танымын кеңейтетін үйірмелердің үйдің маңында болғаны қандай жақсы!- деген ойымен бөлісті Маржанның анасы.
Ата-аналардың алғысы көптеп келуде, ал жылы лебіздер біздің ұжым үшін жаңа серпіліс!
Елімізде болып жатқан жағдайға байланысты кішкентай болса да балаларымыздың көңіліне күн шуағын сыйлай білсек, бұл да бір біздің жетістігіміз деп есептеймін.
Мараимова Ақбота
Балалар көркемсурет мектебіне
қарасты аула клубтардың меңгерушісі