ЖАБАЙ АТА ӘУЛИЕ ӘПСАНАЛАРЫ

6397
Алғаш жеті жасында даңқы шыққан
Жабай әулие – негізінде Сіргелі тайпасының Батыр руынан өрбіп шыққан. Ойсыл бабадан – Бораш, одан – Құбасай (лақабы – Сіргелі), одан – Райыс би, одан – Ақсиық, одан – Таңатар, одан – Тәжімбет, одан – Әжімбет молда, одан – Алыбай батыр (лақабы – Батыр), одан – Есназар, одан – Шорман, одан – Қараша, одан – Қазыбек қажы, одан – Жабай әулие.

Жабай Қазыбекұлының атақ даңқы өте ерте, алғаш жеті жасында шыққан. Әкесі Қазыбек палуан ханның шақыртуымен кеңес өткізуге жолға шыққанда, жеті жасар баласы Жабай көштің соңынан жасырын ілесіп шығыпты. Жарты жолда көш аялдаған сәтте әкесі Жабайды байқап қалып, одан жауап алғанда, жас бала өзінің ханмен дидарласқысы келетін тілегін айтыпты. Қазыбек палуан оны кері жолға қайтара алмай, өзімен бірге ханның алдына бірге алып барыпты.
Хан кеңесі бірнеше күнге созылыпты. Сонда ханның назарына палуанның жанында жанары нұр шашып отырған жеті жасар бала іліне беріпті. Әсіресе ханға баланың кім сөйлесе де соның аузын бағып, ұйып тыңдап қалатын қалпы өте ұнапты. Кеңес аяқталуға жақын қалғанда хан көпшілікке қарап:
– Біздің осы ортамызда кім әулие? – деп сұрапты. Барлығы да жапа-тармағай:
– Тақсыр хан ием, әрине, сіз әулиесіз, – деп жауап беріпті.
Хан «жоқ» дегендей басын шайқап, қадамын еппен баса келіп, балаға жақындап:
– Балам, орныңнан тұра ғой, жүр, – деп қолын созып, жетелеп алып бара жатқанда, оның сол құлағында тілікке ұқсас белгі бар екенін байқап қалыпты. Іштей: «Бұл бала тегін емес екен», – деп ойлап, өз жанынан орын нұсқап отырғызыпты. Сөйтіп, жиналған көпшіліктің бәріне қарап, былай депті: – Міне, шын мәнінде періштедей таза бала әулие. Бұл баланың тазалығы соншалық, бірнеше күн бойы кім сөйлесе де соның аузын бағып, шын ықыласымен тыңдап отырды.
Барлығы да ханның орынды сөзін мақұлдағандай бас изепті. Хан:
– Балам, атың кім? – деп сұрапты.
– Жабай, – деп жауап беріпті бала.
– Қандай қалауың бар? – дегенде, жеті жасар бала хан жылқысындағы араб тұқымынан шыққан арғымақ жүйрікті таңдап алыпты.
Осылайша Жабай Қазыбекұлы жеті жасында ханның назарына ілігіп, ел-жұрт аузында сөз болып, даңқы шығыпты. Кейін ол өсе келе шынымен-ақ керемет қасиеті жоғары, тілегі қабыл әулиелік мақамға, дәрежеге жетіпті.
Жабай әулиенің қос жолбарысы
Жабай әулиенің қорғаушы піріндей, киесіндей болып жанында еріп жүретін қос жолбарысы болады екен. Ілгеріде қазақтар бір хандыққа бағынышты болып, салық төлеп тұрыпты. Салықты ел билеген ханның өзі алатын көрінеді. Үлкен кісілер ханның алдына барып кірген кезде, ол тек басын изеп қойып отыра беріпті. Жабай тоғыз жасқа енді толған бала екен. Сол бала кіріп барғанда, хан орнынан ұшып тұрыпты да, қолынан жетектеп келіп:
– Отыр, балам, – деп өз жанына отырғызып қойыпты. Сөйтіп, одан көп нәрсені сұрапты. Жас бала Жабай барлық сауалға орнықты жауап беріпті. Хан баланың
ақыл-парасатына разы болып, өте құрмет етіп, оған бір емес, шапанның екі түрін жауыпты.
Бала өз жөніне кеткен соң, нөкерлері ханнан:
– Тақсыр хан ием, сіз неге олай еттіңіз? Неге жас бала келгенде, орныңыздан ұшып тұрдыңыз? – деп сұрапты.
– Қалай орныңнан тұрмайсың? Алдында екі басты айдаһар кіріп келді. Шабайын дегендей екі иығында екі арыстан отыр. Екі жанында қорғаушыдай қос жолбарысы келе жатыр. Артында тағы от шашқан айдаһар кіріп келгенде, қалай орныңнан тұрмайсың? – деп жауап беріпті хан. Сонда басқа нөкерлеріне көрінбеген қос жолбарыстың ханның өзіне көрінгенінің де өзіндік сыры болғаны емес пе? Бұл – ханның тегін адам емес, негізінде оның да бойында жоғары керемет қасиеті болғанын көрсеткені ғой.
Түйелі бай атанған жиен
Жабай әулиеге дәулет қонып, өзі өте бай, төрт түлікке сай, бақуатты болыпты. Оның жақын бір қарындасы Кіші жүз Рамадан еліне түсіпті. Сол қарындасынан туған жиені Жабайға келіп:
– Нағашы, қанша маңдай терімді төгіп, еңбектенсем де, Құдай құрамаған соң бірім екі бола алмай әурешілікте жүрмін. Өзіңіз ақ батаңызды бересіз бе, әйтеуір бір амалын қылыңызшы, – деп оған жақындай бергенде, нағашысы:
– Жақындама, жақындама, – деген екен. Сол сәтте жақындап келіп қалған жиенінің маңдайына Жабай әулиенің қолы тиіп кетіпті.
Бабаның керемет қасиетінің жоғары болғаны соншалықты, нәйеті осы маңдайға тиген қолының өзінен жиеніне үлкен дәулет қонған екен. Сонда оны лезде көріпкелділік қасиетімен білген Жабай әулие:
– Е-е, түйенің бәрі Рамаданға кетті, – депті. Содан көп ұзамай-ақ жиеннен тараған Рамадан елі түйелі бай атанып, өте күшейіп кетіпті.
Қоңыратқа ауған бақ
Жабай Ата әулиенің қартайған шағында екі көзі көрмей қалыпты. Бір кісі оның алдына келіп:
– Түйелерімнің жаңа туған боталары қоскіндік болып, біреуі де тұрмай, қырылып жатыр. Бұл індеттің қандай емі бар? Түйелеріме дем салып бересіз бе? Бір амалын жасаңызшы, – деп өтініш айтыпты.
Әдетте жаңа туған ботаның кіндігінің қалдығы 4-8 күнде түсіп, орны тыртық болып жазылады екен. Алайда қараусыз қалса, тазалық сақталмаса, кіндік қалдығы дымқылданып, қоскіндік ауруына ұшырайтын көрінеді. Жабай әулие:
– Мал баққанға емес, қарағанға бітеді. Ең бірінші, малға қарап, тазалық сақтаған мақұл. Осыған абай бол. Негізі сенің түйелеріңнің боталары қоскіндік емес, маңдайың қоскіндік, – деп әлгі кісінің маңдайына өз-өзінен түйіліп кеткен жұдырығымен қойып жіберіпті. Мұндайды күтпеген мал иесі тіксініп қалып:
– Ата, мұныңыз не? – депті. Оған Жабай қария:
– Болды, балам, тек өзіңнің бойыңдағы жалқаулық қырсығыңнан арылсаң, тазалығыңды сақтасаң, қоскіндік ауруы да, бәрі де сытылды, ұшты-күйлі кетті. Енді үйіңе қайта бер, – деген екен.
Ол кісі кеткен соң, Жабай әулие кемпірінен:
– Жаңағы келген кісіні көрдің бе, қай елдің адамы? – деп сұрапты. Кемпірі:
– Қоңырат еді, – депті.
– Әттең, бақ Қоңыратқа кетті. Соларға ауды, – деп Ата опынып қалыпты.
Содан кейін расымен де түйелерден арылмай жүрген қоскіндік ауруы сап тиылып, әлгі Қоңырат кісіге төрт түлік бітіп, бай болып кетіпті.
Төле би мен ер Жабай
ХVII-ХVIII ғасырларда ғұмыр кешкен, жалпы қазақтың төбе биі, Алаш жұртының ардақтысы болған Төле қазіргі Ташкент қаласын қоныс етіпті. Амал кіріп, көктем келіп, жер көк майсаға оранғаннан ол нөкерлерімен түпкі бабалары Майқы мен Бәйдібек жайлаған қазіргі Қазығұрт ауданындағы Ордақонған, Әулиетас, Бесіктас, Ақбұрқан, Қырық қыз, Сүлікті, Қарасай және Алмалық алқабына, жайлауға шығып кетеді екен.
Ескі аңыз әпсаналардың бір парасында Төле бидің қасиетті Қазығұртты қоныс еткенін, осында төрт тараптағы бүкіл елді жинап, әз Наурызды айрықша тойлап отырғанын баян еткен.
Ата-бабаларынан келе жатқан салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа және ұлттық ойындарға ерекше құрметпен қарап, жандандыра білген әзіз Төле тау баурайындағы Ақбура ата әулиеге түнеп, таудың ұшар биігіндегі Қазығұрт атаға зиярат етіп, елге тыныштық, құт-береке тілеген. Әділдікті ту еткен баба Қазығұрт ауданының Жігерген ауылы округіндегі Ордақонған мен Ақбұрқанда, жаз жайлауда отырғанда көз жұмып, өзінің көзі тірісінде айтқан өсиетімен қазіргі Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына жерленген.
Сіргелі тайпасының Батыр-Жайдақ руынан өрбіп шыққан ер Жабай да Тәңіртау сілемдеріне, осы күнгі Қазығұрт ауданының Жігерген ауылы округіндегі Өгем тауы мен Көктен ата бұлағының айналасына, сол атырапқа жаз жайлауға шыққан. Өзінің замандасы әзіз Төле бимен жүздесіп, сұхбат құрып, ел ішіндегі түйінді мәселелерді шешкен. Екеуі де батырлықтың үлгісін көрсетіп, сыртқы жауға бірге аттанған.
Осы жайлауға шыққан жолында Жабай батыр үнемі қазіргі Тұрбат елді мекеніндегі Һәзірет Ысмайыл Ата мен Қарабау ауылы округінің Жұмысшы елді мекеніндегі Бұлбұл әулиеге соғып, оларға зиярат етіп отырған. Бұлбұл – лақабы, шын әсілі аты ұмытылған. Өзі Харзиян шаһарындағы (Тұрбаттағы) Ысмайыл Ата әулиенің замандасы, әрі шәкірті болған. Аңыз әңгімеге қарағанда, оған Бұлбұл есімін берген де сол ұстазы екен. Өз заманында ер Жабай аталмыш қос әулиенің жоғары керемет қасиеттерін әңгімелеп жүріп, оларға шын ықыласымен беріліп: «Мен дүниеден өткен соң, сүйегімді не Тұрбатқа, не Бұлбұлға қойыңдар», – деп өсиет етіпті. Тұрбаттағы Ысмайыл Ата да, оның шәкірті Бұлбұл әулие де өте керемет адал, таза адамдар болыпты. Әсілінде Жабай батырдың оларға ықыласпен берілуінің өзі, негізгі себебі – сол адалдық пен тазалыққа байланысты болса керек.
Кейіншелік қандай да бір себептермен Жабай Ата әулие (1728-1810) ХІХ ғасырдың басында Ташкент қаласындағы Көкше зиратына жерленіпті.
Жұпар ана туралы хикаят
Жабай Ата әулиенің бәйбішесінен – Алдияр, Мамадияр, Дәулетияр, екінші әйелінен – Айдарбек, кіші әйелінен – Айша, Шоңғар.
Шоңғар да әулиелік дәрежеге жеткен. Шоңғардың қызы Жұпар бой жетіп, қазіргі Сарыағаш ауданының Әлімтау ауылы округіндегі Тасқұдық елді мекеніне, Қоңырат руынан өрбіп шыққан Қарсыбай деген жігітке ұзатылыпты. Өте сұлу, сол көркіне ақыл-парасаты сай жас келінге бәрі разы болып, жақсы көріпті. Елдің көңілін тапқан Жабай Ата немересі алғаш күліп-ойнап жүріпті. Бір күндері шалықтап ауырған жандай нілдей бұзылыпты. Қолына кейде сыпырғы алып, кейде әншейін-ақ түн қараңғысында үйден шығып, кетіп қала беріпті.
Жұпарды ағасы іздеп келіпті. Қарап отырса, қарындасының жүзі сынық екен. Ағасына Қоңырат елі:
– Бізден болды ма, әлде төркіні жақтан келді ме, келініміз осындай болып қалды. Қыздарың тентек, қаңғыбас екен, айдалаға лағып кетіп қала береді. Егерде өз елі жақтан болса, онда ауру қыздарыңды бізге алдап өткізіпсіңдер, – деп жаман ойларын ашық айтыпты.
Содан ағасы ішінен: «Өз көзіммен көрейінші» деп ойлап, Тасқұдық ауылында қонып қалыпты. Қарындасын аңдып жатыпты. Сөйтсе, түннің бір уағында Жұпар орнынан тұрып, қолына бір сыпырғы алып, жолға түсіпті. Содан қарындасы ақырын кете беріпті, ағасы да соңынан қалмай, ілесіп жүріп отырыпты. Ауылдан бес-алты шақырымдай ұзап шығыпты. Бір жерге келгенде, Жұпар сол төңіректі тазалап сыпырыпты. Содан кейін келген ізімен ауылға қайтыпты. Ағасы сол сыпырған жерді белгілеп қойыпты. Екеуі де оралып келіп, орындарына жатыпты.
Таңертең ағасы қарындасынан:
– Түнде қайда бардың? Шыныңды айт, сені аңдып жүрмін, – деп сұрапты. Сонда Жұпар:
– Бір ұзын бойлы, қаба сақалды Ата келеді. Қолымнан жетектейді, кете беремін. «Мына жерді сыпыр» дейді, сол жерді сыпырамын. Қайтадан орныма әкеліп тастайды, – деп жауап беріпті.
Ағасы бар болған жағдайды бүге-шігесіне дейін әкесі Шоңғарға баян етіпті. Ол қызы Жұпардың сыпырған жерін көріп:
– Бұл – әкем Жабайдың жуғысының орны. Қызымды әкемнің рухы жетелеп жүр екен, – деген екен. Содан Қоңырат еліне барып: – Сіздер келіндеріңізді қайтармаңыздар. Ол өзіне-өзі ем тауып қайтады, – деп өтініш етіпті.
Көп ұзамай-ақ Жұпар сыпырып жүрген жеріне ошақтың орнындай топырақты үйіп-үйіп, соны құшақтап жатып, өзіне-өзі ем тауып, дертінен тап-таза айығып кетіпті. Бала-шағалы болып, өсіп-өніпті.
Міне, осылайша дүрбелең уақытта ұмыт қалған Жабай Ата әулиенің жуғысының орнын қайтадан немересі Жұпар тауып ашқан екен. Сөйтіп, ол арада төмпешік пайда болыпты.
Жабай әулие жуғысының кереметі
Жабай Ата әулие жуғысының кереметі көп екен. Солардың бірі ел арасында былайша сақталып келеді. Бірде қоңыраттардың көкпарға шауып, бәйге алып жүрген екі атын ұрлап кетіпті. Иесі аттарды іздеп-іздеп әбден шаршапты. Сөйтіп, төмпешік болып жатқан Атаның жуғысының орнына келіп жатыпты. Сонда көзі ілініп кетіпті. Ата әлгі Қоңыраттың түсіне кіріп:
– Балам, орныңнан тұр, атың кетті ғой, – депті.
– Қайда барамын? – деп сұраса:
– Сырдарияға, өткелге бар, – деп жауап беріпті.
Сырдарияда судан арғы бетке өткізетін паром (сал) бір жерден, Жалғыз кетіктен ғана өтеді екен. Жалғыз кетікке барса, ұрылар бір атын паромға салып, бір атын сала алмай тұрыпты.
Міне, осындай Жабай Ата әулие кереметінің арқасында қоңыраттар қос жүйрігін тауып алыпты. Содан ескерілмей аяқ асты болып кеткен жуғы орнын алғаш қоңыраттар қолға алып, әулие қылып, зиярат етіп отырыпты. Қазіргі уақытта төрт тарапқа әйгіленіп, бүкіл иісі мұсылман жұртының қадір тұтатын, Алладан перзент сұрайтын, кез келген тілегін айтатын орынға айналып үлгерген жайы бар.
Аян немесе Жабай әулиенің түйесі
Жабай жуғы белгісінің алғашқы шырақшысы Әлімтау ауылы округіндегі Тасқұдық елді мекенінің тұрғыны, Қоңыраттың Құлшығашынан өрбіп шыққан Құлмырза екен. Ол бабаның басында 1996 жылға дейін қызмет етіпті. Содан соң Жылғадан Өмірбай, одан кейін Шеңгелдіден Беркінбай шырақшы болып келіпті.
Жабай жуғысының қазіргі шырақшысы Ғұламрашид Түменұлы Досанов 2013 жылы 17-шілдеде, нақ Пайғамбар жасына толған күні бекітіліп отырыпты. Ол Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылынан шыққан. Шырақшының әкесі Түмен баба кезінде өте білімдар, үлкен молда болған кісі екен.
Ғұламрашид атаның негізінде осы әулие орынға шырақшы болу мәртебесі мүлдем ойында болмапты. «Мен 63 жасқа келгенде жұмысқа кіремін. Ақ үйге барып отырамын», – деп әңгімелейтін екен.
Бірде екі кештің арасында атаның үйіне екі жас жігіт келіпті. Сөйтіп, Ғұламрашид атаға:
– Ата, біз сізді Жабай бабаға шырақшылыққа ұсынып келдік. Сіз шырақшы боласыз, – депті. Оларға ата ойланып жатпай-ақ:
– Жоқ, мен ондай мәртебеге дайын емеспін, ол жерге бара алмаймын, – деп жауап беріпті.
– Сіз бірден жауап беруге асықпаңыз. Қабырғаңызбен кеңесіңіз. Біз сізді лайықты деп таңдадық, шырақшылыққа ұсынып келдік, – дейді әлгі жігіттер.
Ата енді сәл ғана ойланып:
– Жарайды, ағайындарым бар, солармен ақылдасып көремін, – дегенде, екі жігіт бұл жауапқа қанағаттанғандай:
– Ата, біз екі күннен кейін келеміз, – деген екен.
– Жарайды.
Сөйтіп, екі жігіт өз жөніне кетіпті.
Жасыратыны жоқ, ата кәдімгідей толқып қалыпты. Мұқым Сіргелінің, оның ішінде бүкіл Батыр-Жайдақтың керемет қасиеті жоғары, төрт тарапқа атақ даңқы шыққан Жабай әулиенің жуғы белгісіне шырақшы болу – ең үлкен мәртебе ғой. Толқып жатып, көпке дейін ұйықтай алмапты. Бір уақытта азанға жақын көзі ілініп кетіпті. Қасиетіңнен айналайын, жарықтық Жабай әулие түсіне кіріпті. Өзі ұзын бойлы, қос жанары нұрлы шұғыла шашып жарқыраған, мұрны ұзын, құлағы үлкен, аппақ қаба сақалды қара кісі екен. Жабай әулие:
– Тұр, балам, нағып жатырсың? Сен маған шырақшы болып келесің, басымда отырасың. Дереу кел де, осы жерді жөнде. Басымды тазала. Мен саған екі баланы жібердім, шақырдым ғой өзім, – депті. Ата орнынан атып тұрыпты. Бұл кереметті қара, әлгі екі жігіт емес, Жабай әулиенің өзі мұның шырақшы болғанын лайықты деп қалаған екен. Жан-дүниесі тебіреніп, жүрегі атқақтай соғып, аузына
тығылыпты. Өзінің бүкіл арғы ата-бабаларын және үлкен молда болған әкесі Түменді, барлығын да ойға алып, олардың ұстанып келген һәм үрім ұрпағына үлгі-өнеге еткен таза жолына іштей шүкірана етіпті.
Бағына қарай, өмірлік қосағы Жамал Сембайқызы да адалдықтың туын биік ұстаған аппақ жүректі болып шықты. Отбасын берекеге толтырып, айналасын шұғыламен нұрландырды. Екінші жағынан, сол Жамалының өзі сіңлісі Раузаны серік етіп алып, «Жабай баба» деп әулиенің басына 1996 жылдан бері көп баратын-ды. Ата өзінің көрген түсін жұбайына айтып бөлісіпті. Содан кейін одан:
– Жабай бабаң қандай? – деп сұрапты.
– Жабай бабам ұзын бойлы, үлкен қара кісі, – деп жауап беріпті Жамал апа.
Ата:
– Мұрны да ұзын, құлағы да үлкен екен, – депті.
– Иә, сондай баба.
Атаның жаны енді тыныштық таппаған көрінеді. Сол Дербісек ауылындағы ағасы Сайфуддинға барыпты. Оған өзін мазалаған жайды баян етіп айтыпты. Ақыл-кеңесін сұрапты. Үлкен бауыры:
– Біздің әулеттің тазалық жолға жақын екенін жұрттың бәрі мойындайды. Алайда біз Жабай әулие жуғы белгісіне шырақшылыққа тура келмейміз. Оған барма, – деп әңгімесін түйіндепті.
Шын мәнінде, Жабай әулие – Сіргелі тайпасының Батыр-Жайдақ руының Қарашасынан, Ғұламрашид ата Байтоғынан тарап шығады. Алайда олардың арасындағы бір жақындық, Қараша мен Байтоқ екеуі еншілес болып келеді.
Ата үйіне оралып келіпті. Зайыбы Жамалға:
– Бабаға бармайтын болдым, – депті.
– Жарайды, өзің біл. Бірақ бабаға бару керек. Баба тектен текке шақырмайды, – деп жауап беріпті Жамал апа.
Ленгірде Ержан деген бойына көріпкелдік қасиет қонған емші бар екен. Ғұламрашид ата:
– Онда Ержанға барып көрейін, – деп емшіге баруға жолға шығып кетіпті. Ержан емші бірден он бес-жиырма адамды қабылдайтын көрінеді. Ата емшінің үйіне барып, есіктен оның алдына кіріп барған сәтте, Ержан мұны көргеннен алдындағы көпшілікке:
– Орындарыңнан тұрыңдар. Жабай әулиенің шырақшысы келді, – деген екен. Сол сәтте Ғұламрашид ата «Әлі шырақшы болған жоқпын» деп айта алмапты.
Ержан емші лезде бұл кісінің жүзіне көз тоқтатып қарап:
– Нағып жүрсіз? Бабаға тез жетіңіз. Бабаның жабулап қойған түйесі есігіңіздің алдында тұр, – депті.
Ғұламрашид ата Ленгірден үйіне жетіп, өмірлік серігі Жамалға барлығын да баяндап:
– Енді не істеймін? – деп ақыл-кеңес сұрапты.
– Енді барасың. Бармасаң болмайды. Айналайын, бір бала (Бақтиярын айтқаны), бір қызым (Жанарын айтқаны) бар, перзенттеріме кесір тиіп кетпесін, – деген екен Жамал апа.
Екі күн өткен соң әлгі қос жігіт келіп, атаны алып кетіпті. Бабаның басына барса, Беркінбай шырақшы отыр екен. Ол:
– Мен кетпеймін, – деп байбалам салыпты.
– Мені қайда алып келдіңдер? Бұл жерде шырақшы отыр екен ғой. Маған керек емес, мен біреудің орнын тартып алмаймын. Мені қайта апарып тастаңдар, – депті Ғұламрашид ата.
Екі кештің арасында әлгі екі жігіт атаны үйіне жеткізіп салыпты.
– Әй, не болды? – деп сұрапты зайыбы Жамал апа. Ата Жабай әулие жуғы белгісінің басында шырақшы барын, көргенінің бәрін де баян етіп айтыпты.
Содан не керек, екі жігіт тағы да Ғұламрашид Түменбаласын алып кетіпті. Жылғада үлкен басқосу жиыны болыпты. Сол жиында атаны сайлап шырақшылыққа қойыпты.
Осылайша бұдан алты жыл бұрын Ғұламрашид ата шырақшылық қызметке аянмен келіпті. Күндіз-түні осы жерде екен. Атаға жұбайы мен балдызы, апалы-сіңлілі Жамал және Рауза Сембайқыздары жәрдем беріп, бар ықыласын салып жатқанын көріп, дән риза болдық.
Жанарына сәуе берген
Сарыағаш ауданының Әлімтау ауылында бір кейуана апа бар екен. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген баласының екі көзі көрмей қалыпты. Содан ауылға келіпті. Ташкент пен Шымкент қалаларындағы жақсы көз дәрігерлерін тауып көрсетсе, бәрі де:
– Болды, балаң көрмейді енді, – деп бір ғана жауап беріпті.
– Енді не істеймін? Әбден шаршадым, – деп анасы күдерін үзе бастапты.
Бір күндері кейуана апаға бір ой келіпті. Сөйтіп, баласына қарап:
– Бабаға барайық, шын ықыласпен түнейік, – деп Жабай әулие жуғы белгісіне келіпті. Осында түнеп қалыпты. Азанда қасына баба келіпті:
– Шырағым-ай, әбден шаршадың-ау, – депті. Кейуана апа оянып кетіпті.
Баласын тұр-тұрлап оятып алған ол:
– Қайтайық, – деп далаға шығыпты. Бабаның жуғы белгісінен қарағанда, шығыста жеті шақырым қашықта орын тепкен Әлімтау ауылы көрініп тұрады. Бір уақытта баласы анасына:
– Апа, анау көрініп тұрған Әлімтаудың жарығы емес пе? – деген екен.
– Иә, балам.
– Апа, мен сізді көріп тұрмын ғой, – депті тағы да. Сөйтіп, кереметті әулие баланың жанарына сәуе беріпті.
Өртті сөндірген кереметі
2014 жылы шілде айында Әлімтау атырабындағы Жабай әулие жуғы белгісіне жақын маңайда үлкен өрт шығыпты. Өрт мал жайылымын да, бәрін де жайпап, қып-қызыл өңешіне салып, одан бетер күшейіп лапылдап жаныпты. Қып-қызыл шоқ ендігі жерде әулиеге, жуғы белгіге қарай қозғалып, жақындай беріпті. Оны көрген шырақшы атаның өмірлік серігі Жамал апа:
– Айналайын баба, қаншама мал жайылымы, барлығы да өрттің құшағында қалды. Енді қызыл жалын осы жаққа келе жатыр. Өзіңіз септігіңізді тигізіп, жәрдем бере көріңіз. Айналайын баршаға қайырымды, ерекше мейірімді Құдай-ау, кінәміз болса кешіріп, көмегіңізді беріңіз. Сіздердің жәрдемдеріңізге мұқтажбыз, кешірімшіл Алла, жалынамын, айналайын баба! – деп жалыныпты.
Аспан ашық, күн шығып тұрған екен. Лезде бұлт келіп, шелектеп тұрып жаңбыр құйыпты. Сол бір баба кереметімен келген жаңбыр қып-қызыл өртті сөндіріпті.
Жеті айдан соң жүріп кеткен
Бір жігіт аяқ-қолы жансызданып, жеті ай төсек тартып жатыпты. Анасы шырақшыға жолығып, жылап тұрып, өтініш айтыпты:
– Машинамен Атаның алдына апаруға бола ма? – деп. Ол кезде Атаның жуғы белгісі қазіргідей қоршалмаған, айналасы ашық екен. Шырақшы Ғұламрашид Түменұлы:
– Әрине, болады, апарыңыз, – депті.
Машинамен Атаға апарып, барған соң екі інісі қолтықтап сүйеп, жуғы белгіні үш рет айналып, зиярат етіпті. Кесенеге кіріп, жатыпты, аунапты, зияраттың барлық жолын жасапты.
– Құда қаласа, жүресің енді, – депті шырақшы. Зиярат етушілер сонда қалыпты. Шырақшылар қайтып келіпті.
Бір уақытта қараса, әлгі жігіт балдақпен келе жатыр екен. Шырақшы тобының қасына келіп, өзі де, келіншегі де, барлығы қуаныпты.
Шырақшының жанындағылар:
– Атаға тағы да бар, балдақты тастайсың, – депті. Жігіт енді зияратқа балдақпен кетіпті. Әлден уақыттан соң қараса, ол балдақсыз келе жатыр. Екі балдақты қолына ұстап алған. Жеті ай төсек тартып жатып қалған жігіт кәдімгідей қадам басып келе жатыр екен.
Атаған малдың өз иесі бар
Жабай Ата жуғы белгісіне екі кештің арасында ерлі-зайыптылар кіріп келіпті. Олар шын мәнінде Атаның кереметін сезініпті. Оқиға былай болыпты.
Бұл ерлі-зайыптылар ниет етіп Атаға бір малды атап қойыпты. Алайда қу тіршіліктің әуресімен жүріп, оны әкеле алмапты. Бір күні әйелі еріне:
– Мал сойсаңшы, үйде ет таусылды, – депті. Ері қораға барса, Жабай Атаға атаған малы алдында әдемі болып көрініпті. Лезде басына: «Жабай әулиеге басқасын апара саламын, осыны соя салайын» деген ой сап ете қалып, сол атаған малды союға кірісіпті.
Сөйтіп, малды сойып болған соң әйелі екеуі етті турап, енді қуырдақ істеп жатқанда, есік алдында көшеде тұрған газель машинасы гүрс етіп оталыпты. Содан соң жүріп кетіпті. Ері: «Біреу машинаны айдап, ұрлап бара жатыр» деп ойлап артынан жүгіріпті.
– Ішінде қаншама құжаттарым бар ғой, – деп айқайлапты.
Көршісі көшенің бойында телефонмен сөйлесіп тұрыпты. Ол машинаның жүріп келе жатқанын көріп, ішіне қараса, ешкім де жоқ. Бұл ғажайыпқа не сенерін, не сенбесін білмей таңданып:
– Мына кісі қызық па? Машинаны жатып айдағаны несі? – депті. Сол көрші кісіге жақындап қалғанда, газель машинасы солға бұрылып тоқтапты. Арқасынан айқайлап иесі жетіпті. Зуылдап жүгіріп, кілтін әкеліп ашса, ішінде ешкім жоқ екен. Сонда барып, атаған малдың өз иесі барын, оны басқа ниетке жаратуға болмайтынын түсініпті. Бұл – Жабай Ата әулиенің ерлі-зайыптыларға көрсеткен кереметі еді. Ері әйеліне:
– Дереу жина, – депті. Сөйтіп, сойылған малдың бір кесек етіне де тиіспей жинап алып, сол күйінде Атаның жуғы белгісіне жетіп, таратып кетіпті.
Айтушылары: Бостан Байқожаұлы, Жамал Сембайқызы, Мақпал Марқашқызы, Ханшайым Оспанқызы және Рауза Сембайқызы.
Аңыз әңгімелерді жазып алған: Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.