ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шымкентке жұмыс сапармен келді

1587
Шымкент қаласына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Дархан Мыңбай, Әбдіманап Бектұрғанов, Сәкен Қаныбеков, Уәлихан Қайназаров, Фахриддин Қаратаев келіп, бірқатар кездесулер өткізді.
Депутаттар тобы алдымен «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында Бадам өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің жұмысымен танысты. Бұл көпір – Қонаев гүлзарының жалғасы ретінде жүзеге асып жатқан жоба. Жоба 7 кезеңді құраса, қазір мұнда 3-кезеңнің құрылысы атқарылуда.
– Бұл — өте маңызды жоба. Қалада көлік кептелісін шешуден бөлек, Ташкентпен, Түркістан облысының оңтүстік аудандарымен байланысты жақсарту үшін керек. Халыққа осы стратегиялық нысанның маңызы зор екенін дұрыс насихаттау керек. Біз де жергілікті әкімдіктің ұсыныстарын Үкіметке жеткізуге, қаржы бөлуге қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Дархан Мыңбай.
Депутаттар бұдан кейін Сәуле шағынауданындағы №76 мектеп ұжымымен кездесті. Халық қалаулылары мектеп жанынан салынып жатқан қосымша 300 орынды оқу корпусының, спорт залының, шеберхана мен асхананың құрылысы барысын аралап көрді. Жаңа ғимаратты пайдалануға беру уақыты 2019 жылдың 25 мамыры деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 15 216 мың теңге.
– Мердігерлер мектепті уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте мектептің құрылысы жақсы болса дейміз. Сонымен бірге сапалы білім берілуі де қажет. Мұндағы оқулықтардың сапасы жақсы. Тағы бір назар аударатын жағдай, мектеп бүгінгі оқу стандарттарына сай болуы керек. Яғни құрал-жабдықтарға, зертханаларға, орындықтардың дұрыс орналасуын бақылау қажет, — деді Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ