Қарыз болсаң, тырп етпе!

806
Тіпті, 1 теңге борышы бар азаматтың шетелге шығуына тыйым салу – тиімділігі дә­лел­денбеген «репрессивті» шара. Оның үстіне, бұл талап алдында барша азамат тең емес екені анықталды. Бұған Мақсат Үсеновтің 160 мың теңге салық берешегі бола тұра шетелге емін-еркін са­пар­лағаны дәлел. «Онсыз да ка­рантин мен шектеуден қа­жыған халықты кезінде әл­дебір топтардың лоббиімен енгі­зілген қажетсіз құрсаудан босатқан жөн», – дейді сарап­шылар.    
Жұртшылық өзге елге тек сая­хаттау үшін бармайды, ол маңызды іссапарға аттануы, отандық меди­цинаның қауқарсыздығынан озық дамыған елдің клиникасында емделуі, ота жасатуы, жетекші оқу орнында жасампаз білім алуы мүмкін. Осы мақсатта жұмыстың бабымен, сапардың қамымен жүріп, етегіне сүрініп, мұрнынан шаншылып, қарызының бар-жо­ғын тексеруді есінен тарс шығарып алуы мүмкін.
Жалпы, борышты тексеру де оңай емес. Біріншіден, Қаржы ми­нистрлігінің Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің ресми сайтына кіріп, салық бойынша берешекті көр­сететін сервисін табу керек. Айт­қандай, «Све­дения об отсутствии (наличии) задолженности, учет по которым ведется в органах гос­доходов» деп орысша аталатын осы сер­вистің мемлекеттік тілдегі атауы да қате: «Есебі мемкірістер орган­дарында жүргізілетін берешегiнiң жоқ (бар) екендiгi туралы мә­лімет».
Сервисті МКК сайтының басты бетіндегі «электрондық сер­вистер» бөлімінен іздейсіз. Онда ол неге екені белгісіз, «Салықтық берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер» деп аталған. Ашылған парақшада (http://kgd.gov.kz/kk/app/culs-taxarrear-search-web) тек салық және бюджетке төленуі тиіс өзге де төлемдерге қа­тысты берешектер паш етіледі. Азаматтың онда аты жоқ бол­ғанымен, бұл оның шетелге еркін шығуын кепілдендірмейді.
Сондықтан екінші қадам ретінде Әділет министрлігінің сай­тына жүгіну қажет. Онда «Қа­зақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың тізімі» (https://aisoip.adilet.gov.kz/public/faces/debtorsReestr.jspx_afrLoop=16898858189207622&_afrWindowMode=0&_adf.ctrl-state=kitprwnwy_4) бар. Бұл ақ­параттық жүйе атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындатуға арналған.
Салықшылар – сергелдеңнің шебері
Айта кету керек, Мемлекеттік кі­­рістер комитетінің электронды сер­висі де, Әділет министрлігінің жеке сот орындаушыларына кө­мек­­тесетін ақпараттық жүйе­сі де қан­шама адамға қия­нат жа­са­ды. Мә­селен, элек­трон­ды сер­вис­ке бар­лық салы­ғын уа­қы­тылы тө­­лейтін адамдар да кіріп кете бе­реді. Салықшы­лардың адам аты-жөнін жазуда жаңылысуы ке­сірінен бір адам­ның көлік не мү­лік салығы ешқандай «темір тұл­пары» не баспанасы жоқ аза­маттың атына жазылып, ол адам сырт­қа шыға алмай қал­ған жағ­дай­лар жиілеген. Бұл проб­лема Пар­­ламентте көтерілді. Сон­да Мем­­­кірістер органы ондай қате­ні мей­­лінше азайтуға тыры­са­ты­нын айтты.
Бұл ретте салық органдары­ның салық берешегі қалыптас­қаны туралы қазақстандықтарды хабардар ету ісінің жолға қойыл­ма­ғаны қынжылтады. Не дәстүрлі хат, не SMS хабарлама, не элек­тронды пошта арқылы хат кел­мей­ді. Салдарынан бұл туралы кеш білген тұлға немесе компания дереу бюджет алдындағы боры­шын жапқанымен, артынша оған есептелген өсімпұл мен айып­пұл шыға келеді. Базада бірден көрініс таппайтын осы қосымша берешектер де шетелге шығуға шек­­­теу қойылуына соқтырады. Сон­­дықтан кейбір қаржыгерлер ше­­к­арадан тыс жерлерге бет ала­тын азаматтарға мемлекет та­лап еткен алым-салықты 100-200 тең­геге болса да артық төлеуге ке­ңес бе­реді. Басы артық сома ізін­ше шы­ғуы мүмкін өсімпұлды жабуғ­а кетеді.
Дәл осындай мәселеге осы сараптама авторының өзі жо­лық­қан болатын. Екі жыл бұ­рын жазғы демалыста Еуропа елде­рін аралап қайтуға бекіндім. Бір апта бұрын берешектің жоқты­ғын барлық базадан тексеріп, көңіл тоқ жүрген. Сапар қарса­ңын­да қайта тексергенде, са­лық бойынша 18 тиын (0,18 теңге) қарыздың әлдеқайдан шы­ға қал­ғаны. Мемкірістер орга­­ны­ның маманы тіпті бір тиын болса да, кеденшілер шетел­ге шы­ғар­майтынын айтты. Қар­жы­­гер маманның кеңесімен «Қазпошта», сондай-ақ әртүрлі элек­тронды төлем жүйелері ар­қы­лы 100 теңгеден бірнеше тө­лем енгіздім. Соның бірі өтсе керек, ертесіне аты-жөнімді борыш­кер­лер тізімінен алып тастап, еш қиындықсыз ұшып кете алдым.
Борышсыз адамнан да ақы жинайды
Әділет министрлігінің ақпа­рат­тық жүйесі арқылы кез кел­ген адамның қозғалысын шек­теп тас­тай алатын жеке сот орын­дау­шыларының (ЖСО) бас­­сыз­дығы – халықтың ашу-ыза­сын тудырып отырған үлкен проб­ле­маға айналды. Өткен жылы елорданың «Байқоңыр» ауда­нының Мемкірістер бас­қар­масы ма­мандарынан сұхбат алу кезінде аза­маттарға қызмет көрсету за­лында туған дау-жанжал назар ау­дартты. Мән-жайын біл­сек, Людмила Кузнецова 3 бала­сымен Түркияда демалу үшін 1,5 миллион теңгеге турис­тік жол­­­дама сатып алады. Алай­да әуе­жайда кедендік бақы­лау қыз­мет­­керлері оның борыш­кер­лер ті­зі­мінде тұрғанын хабарлап, сыртқа шығармай қояды. Есінен тана жаздаған ол тексерсе, салық органы 3 теңге қарызы үшін осы­лай жолын кескен екен. Ашу­дың арғы­мағына мінген ол «шаң­да­ғын қағу үшін» басқармаға атта­ныпты.
Алматылық Гулназия Абдува­лие­ва сонау 2016 жылы то­лық өтел­ген қарызы үшін шетел­ге шы­ғуға шектеу сақтал­ға­нына налиды.
«Содан 2016 жылғы барлық төлем түбіртегін іздеп тауып, қарызды төрт жыл бұрын өтеге­нім­ді сот орындаушысы алдында дәлелдеуіме тура келді. 2019 жыл­ғы 20 желтоқсанда ЖСО әді­лет органына, Саменов деген қыз­мет­керге (Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орын­басары Берікбол Саменов) хат жазып, шектеуді алып тас­тауды сұрады. Одан кейін де­пар­таментке былтырғы 30 және 31 желтоқсанда және биылғы жылы бірнеше рет қоңырау шал­дым. Алдымен Сәменов қара­шадан бері демалыста деп, кейін сырқаттанып жатыр деді. Орнын­дағы Орынбаев жауап бермеді. Осы мәселенің шешімі сонша созбалаңға салынғаны өкінішті. Ал мен 15 қаңтарда Ташкентке емделуге баруым қажет болатын», – дейді ол. Абырой болғанда, дәл сапар қарсаңында шектеу жойы­лып­ты.
Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғы­ны Анастасия Брежнева был­тыр­ғы жылдың жазында шетелге шыға алмайтынын біледі.
«Тұрсынхан деген ЖСО со­нау 2017 жылғы сот шешімін орын­даймын деп маған осындай тыйым салып тастапты. Бұдан бейхабармын. Шекарадан әрі аттап баса алмайтынымды өткен жылғы шілдеде бір-ақ білдім. Біле сала хабарластым. Ол ком­му­­налдық қарызым барын, ты­йым сол үшін қойылғанын жет­кізді. Содан «Астана су арна­сы­на» барып, еш берешегім жоғын дә­лелдеп жүрсем, сот орын­дау­шысы банктегі салы­мым­ды бұғаттап үлгеріпті. Сол күні кешке қалалық су арнасынан берешектің қате есептелгені тура­лы анықтамасын ұсындым. Тұр­сын­хан өндірістің ашылғанын және оны тоқтата алмайтынын алға тартып, картамнан ақша алып қойды. Бірер күннен кейін ақшаны картама қайтарды, бірақ 14 668 теңге комиссия ұстап қа­лыпты», – дейді Анастасия.
Ол дереу сот орындаушысын тауып алып, қарыздың қате есеп­тел­генін, мемлекет қателігі үшін азаматтар жауап бермеуі тиісін айтып, комиссияны қайтаруды сұрайды. Сот орындаушысы беру­ден бас тартқан және сотқа жү­гінуге кеңес берген. 3 баланы асы­рап отырған жұмысбасты ана­ның сотты жағалап жүруге уа­қыты да, қаражаты да жетпей­ті­ні мәлім.
Нұр-Сұлтан қаласының Әді­лет департаменті осы оқиға­ны растады, оның дерегінше, 2017 жылғы 10 наурызда ЖСО Тұрсынхан Ж. атына атқа­ру қағазы келіп түседі. Онда А.Бре­жневадан «Астана су ар­насы» коммуналдық кәсіпор­ны пай­дасына 56 281 теңге өнді­ру керегі белгіленген. Соның не­гі­зінде атқару өндірісі қозға­лып­­ты. ЖСО борышкердің ше­тел­ге шығуына шектеу енгі­зіп, қаражатын бұғаттаған. Тұты­­нушы мұның қате екені тура­лы анықтама ұсынғасын шек­теу алып тасталды. Әділет департа­мен­ті жазықсыз жаннан ЖСО-ның өз қызметінің төлемі ретінде 14,6 мың теңге комиссия ұстауын заңды деп табады.
Борышкер қылмыскер емес!
«Жалпы, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыла­ры­ның мәртебесi туралы» заңы­ның 120-бабына сәйкес, егер атқа­ру­шылық құжат мәжбүрлеп орын­датуға ұсынылғаннан кейін орындалса, оны орындау бо­рыш­­керді ЖСО қызметіне ақы тө­леуден босатпайды. Үкіметтің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 қаулысы бойынша ЖСО өнді­ріл­ген соманың 3-тен 25 пайызы көлемінде, 10 мың АЕК-ке (27 млн 780 мың теңгеге) дейін ақы алу­ға құқылы. Егер азамат мұны­мен келіспесе, сотқа жүгінуі ке­рек», – дейді қалалық Әділет деп­ар­таменті.
Халықтың наразылығын ту­ғы­зып отырған шектеуді жою мә­се­ле­сін өткен жылдан бері Мә­жіліс депутаттары ұдайы кө­те­ріп келеді. Биылғы 17 ақ­пан­да депутаттар Ұлттық банк тө­рағасы Ерболат Досаевқа ке­зек­ті рет депу­таттық сауал жол­­дап, бо­ры­шы бар тұлға­лар­дың шетелге шы­ғуына тыйым салу тәжі­ри­бе­сі­нен бас тартуды сұрады.
Сарапшылар мұндай қатаң шектеу бұрын тек қылмыс­кер­лер­ге ғана қолданылғанын еске салады: Қылмыстық кодекс тала­бына сай шартты түрде бас бос­тан­дығынан айырылғандарға жа­­засын толық өтегенше ел ау­ма­­­ғын тастап шығуға рұқсат етіл­­­мейтін. 2018 жылдан бастап олар­­дың қатарына алимент, ком­мунал­дық төлемақы, әкім­шілік айып­пұл бойынша берешегі және банктерде төленбеген кре­ди­ті бардың бәрі қосылды. Әрине, банктер мен жергілікті би­лік ілге­рі­леткен бұл заңды депу­тат­тар­дың өзі қабылдады. Алайда оның елге қандай зиян әкелгенін енді түсі­ніп, Үкіметке оны жоюды ұсы­нуда.
Депутат Ирина Смирнова Ата заңға сай азаматтардың қоз­­ға­­лыс еркіндігіне тосқауыл қоюға бол­май­тынын, сол себепті ЖСО, ком­мерциялық банктер се­кілді жеке ұйымдар мүддесі үшін аза­мат­тардың барыс-келісін шек­теу дұ­рыс емесін айтады.
«Бұл банктердің мүддесі үшін енгізілген бап еді. Кейінгі 10 жылда банк секторына 20 мил­лиард доллардан астам көмек бе­­ріл­ді. Олар бәрібір тұрақсыз бо­лып қалуда. Демек, бизнес үшін қа­зақстандықтардың шетел­ге шығуын шектеу мәнсіз», – дейді депутат.
Азаматты мемлекет ішінде қа­мау – ел беделіне нұқсан кел­тір­мек. Кезінде Кеңес Ода­ғы өз азаматтарын солай жазалайтын. Мұндай жағдайда жас ұрпақ Қа­зақ­­станды «қамау орны» ретін­де қабылдап өсуі мүмкін.
Айхан ШӘРІП