Қызметінен кемшілік анықталған ЖОО басшылары Үкіметте есеп берді

127
Бердібек Сапарбаев жоғары білім беру саласының кемшіліктерін атады, олар: оқыту сапасының төмендігі, сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғарылығы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының және кәсіпорындармен арадағы байланыстың нашарлығы, оқытушылар жалақысының төмендігі және мемлекеттік білім беру тапсырысының ашық орындалмауы.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР Үкіметінің жанындағы жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке “дипломдарды басып шығарып беретін кеңселерге” айналған жоғары оқу орындарына қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Бүгінде елімізде 132 ЖОО жұмыс істейді, оның 43%-і жекеменшік. Оларда 600 мыңнан астам студент оқиды, оның 191 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алады. Өкінішке қарай, білім беру сапасы туралы біз еңбекке орналасу деңгейі бойынша ғана тұжырым жасай аламыз, әрбір төртінші түлек жұмыссыз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биыл жоғары оқу орындарында 34 рет тексеру жүргізілді, оның 22-сі жоспардан тыс тексеру болды.
Талдау жоғары оқу орындарының көбі заңнама талаптарын бұзуға жол беретінін көрсетті. Кең тараған проблемалар – штат саны мен оқытушы-профессорлар құрамы дәрежесінің төмендігі, түлектердің еңбекке орналасу деңгейінің төмендігі, білім алушылардың ең аз контингентіне қатысты талаптың сақталмауы, оқу алаңдары мен жатақханалардың жеткіліксіздігі. Бұл проблемалар ЖОО-лар потенциалының төмендігіне тікелей байланысты, осы себепті олар жоғары білім берудің белгіленген стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді, – деді министр.
Сонымен қатар шекті балл алмаған және білім туралы құжаттары, ҰБТ тапсыру сертификаттары жоқ талапкерлерді бейінді пәндерді ескермей оқуға қабылдау және басқа да заңсыздықтар болған. Тексеру нәтижесінде бес жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылып, әкімшілік айыппұл салынды, тағы бес ЖОО бойынша шешім қабылданып жатыр.
Қазір Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-лардың лицензиясын қайтарып алу құзыретін беру мәселесі пысықталып жатыр, жоғары білім беру сапасын жақсарту бойынша нормативтік-құқықтық база жетілдіріледі.
Бірақ мұндай практика барлық жоғары оқу орнында байқалып отырған жоқ. Елімізде шетелдік оқу орындарынан кем түспейтін мықты ЖОО-лар жеткілікті, – деді Асхат Аймағамбетов.
Отырыста “Қайнар” академиясы, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, Каспий қоғамдық университеті, “Алматы” университеті, Орталық Азия университеті, Алматы экономика және статистика академиясы және Қазақ жол қатынастары университеті ректорларының баяндамасы тыңдалды, тексеру кезінде осы оқу орындарында заң талаптары бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты министрлік ЖОО басшылығымен бірге оқу орындарын біріктіру немесе оларды колледж ретінде қайта құру мәселесін қарастырып жатыр. Заңсыздықтар жойылмаса, оқу орындарының лицензиясы алынады және оларды жабу мәселесі сот тәртібімен шешіледі.
Кеңесті қорытындылаған Бердібек Сапарбаев жоғары білім беру саласындағы проблемаларды жоюды тапсырды. Олардың қатарында оқыту сапасының төмендігі, сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғарылығы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының және кәсіпорындармен арадағы байланыстың нашарлығы, оқытушылар жалақысының төмендігі, мемлекеттік білім беру тапсырысының ашық орындалмауы және басқалар бар.
Жоғары білім беру сапасын арттыру – бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселе. Сондықтан біз оған барынша байыппен қарауымыз керек. Бізге құзыреті төмен, сұранысқа ие емес мамандарды даярлайтын университеттер не үшін қажет, жұмыссыздар қатарын кезекті рет көбейту үшін бе? Оларға лицензиясын қайтарып алуға дейін өте қатаң шаралар қолданылады! – деді Бердібек Сапарбаев.
Еске салайық, Жастар жылының жабылуы мен Волонтер жылының басталуына арналған салтанатта Қасым-Жомарт Тоқаев “диплом басып шығаратын мекемеге айналған” жоғары оқу орындарына қатысты шара қабылдауды талап еткен еді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз