Қазақи дарақылықтың құны қанша?

1008
Неге екенін бір Құдайдың өзі білсін, біздің елде өзге мерекелерден гөрі христиандардың жаңа жылына деген ықылас тым ерекше. Көк шыршалы сол датаны қарсы алу мерзімі жақындаған сайын бір шашылып қаламыз. Оны әсемдеп безендіруге асыққанымыз соншалық, ұлттық мерекеміз — Тәуелсіздік мейрамымызды мүлдем ұмытып кетеміз. Оның үстіне бұл мерекеге деген мырзалығымыз да шексіз. Әсіресе, «корпоративтік кеш» деген бір керемет шыққалы бұл «ауру» тым асқынып кетті. Ал оған міндетті түрде шетелден әнші алдырып, айды аспанға бір шығармасақ, арманымыз орындалмайтын секілді.
Сол «сырқат» биыл да асқынды. Жақында елдегі ақпарат құралдары жазғандай, біздегі байшыкештер жаңа жыл кешіне Украинаның шын мәнініндегі күміс көмей әіншісі София Ротаруды шақырыпты. Ол үшін анау-мынау емес, 100 мың доллар шамасындағы қолақпандай 43 миллион теңгені қиналмай ұсына салыпты. Әрине, еңбексіз келген, жанын қинамай жинаған дүниенің қаншалықты қадірі болсын, біздің қалталылар да сараңдық танытпапты.
Алайда, миллионерлер мен миллиардерлердің тауы шағылып қалған сыңайлы. «Бәрін ақшаға сатып алуға болады» деп келте ойлайтын біздің «aтымтай жомарттардың» маңдайы тасқа тиіп, тауы шағылыпты. София ханымның жауабы қысқа болған. Оның концерт жөнініндегі директоры Сергей Лавровтың Ресей баспасөзіне берген сұхбатында 72 жастағы әншінің кез-келген шақырған жерге бармайтындығын, алдымен өзінің денсаулығын күтететіндігін ашық айтқан. Ол тіпті бір кезде немістер 100 мың евро ұсынғанда да бас тартқан көрінеді.
Міне, осылайша біздің байшыкештеріміздің Ротарудың әндеріне бір сусындап және оны қомақты сыйақымен жарылқап, оңаша бір рахатқа батамыз деген қулықтары іске аспай қалған көрінеді.
Олардың мұндай «мырзалығын» Софияның әлгі продюсері айдай әлемге жария қылып, беттерін шиедей етіпті. Әйтсе де, біздің жуанбет байлармыз мұны тіпті, шыбын шаққан құрлы көрмеген болар…
Айтпақшы, София ханымды көрші Ресей де қолқалаған көрінеді. Тіпті, біздікілер ұсынған сомадан екі есе аз қаражат ұсыныпты. 23 миллион теңге.
Түйін. Бұл далақбайлық, дарақылық емес немене?.. Осы біз қазақи дарақылықтан қашан құтылар екенбіз?.. Әлде бұл біздің «ұлттық ерекшелігіміз» бе екен?
Жайберген Болатов
Abai.kz