Ұлттық тестілеу орталығының басшылары ұсталды

1982
Үш жыл бұрын орталықтың бір басшысы 9 миллион теңгенің «Тойота-Камри» су жаңа автокөлігін пара ретінде алған
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара алған ұлттық тестілеу орталығының екі басшысын ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қоғаммен байланыс департментінің директоры Арман Бердалиннің айтуынша, осы аптада білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық тестілеу орталығының басшылығы жасаған сыбайлас жемқорлық схемасы әшкереленді. Мәселен, орталықтың 2016 жылғы басшысы мемлекеттік сатып алулар кезінде жеке меншік компанияға лобби жасаған. Сол үшін 9 миллион теңгенің «Тойота-Камри» маркалы су жаңа автокөлігін пара ретінде алған. Автокөлік тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жеделдетілген түрде жүргізіліп жатыр.
«Сондай-ақ, осыған ұқсас заңсыз әрекеттер үшін орталықты 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін басқарған тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ол 2017-2018 жылдар аралығында делдал арқылы жүйелі негізде аса ірі көлемдерде пара алып отырған. Сот санкциясымен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», — деді Бердалин елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде білім саласында 620 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды. Одан мемлекетке келген шығын 1,5 миллиард теңгені құрады.