ШЫМКЕНТТЕ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНЕ 100 КӨЛІК БЕРІЛДІ

1655
Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні қарсаңында Шымкент қаласының жедел жәрдем қызметінің автопаркі 100 жаңа санитарлық автокөлікпен толықты.  Көлік кілттерін қала басшысы Ерлан Айтаханов табыстады. Денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан жасаланынып  жатқан жағдайдың орасан екенін айтқан қала әкімі Қазақстанда бір мезетте мұндай көлемде жедел жәрдем көлігін беру алғаш рет Шымкентте орын алып отырғанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда қала тұрғындары тарапынан жедел жәрдем қызметінің уақтылы келмеуіне байланысты көптеген сын ескертпелер айтылуда. Сондықтан, бүгінгі сыйға тартылған автокөліктер осы қиындықтарды жойып, азайту мақсатында беріліп отыр. Жалпы, жедел медициналық жәрдем станциясында жедел жәрдем қызметін көрсететін 87 көлік болса, оның жартысынан көбі  бүгінгі күнде тозығы жеткен деп айтуға болады. Сол себепті, оларды рет-ретімен азайтып, орнын жаңа көліктермен алмастырып отыратын боламыз» деді Ерлан Қуанышұлы.
Жедел жәрдем қызметін автокөлікпен қамту мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы Шымкент жедел медициналық жәрдем станциясын жаңғырту жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жедел жәрдем автокөлігі инновациялық технологиялар қолданылған, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, сыртқы кардиостимулятор мүмкіндігі бар дефибриллятор, өкпені жасанды желдендіру,  реанимациялық портативті рюкзактар, 12 каналды электрокардиографтар (ЭКГ), стационарлық және портативті оттегі беру жүйесі, 4 реанимациялық бригадаларға жүрек массажына арналған автопульс, педиатриялық бригадаларға жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 4 инкубаторлармен жабдықталған.
Сонымен қатар, осы жоба аясында түрік жедел жәрдем қызметінің түрі бойынша колл-орталық әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, жергілікті кадрларды шұғыл жағдайларда симуляциялық макеттерде жұмыс істеуге оқытудан өтіп, біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Түрік компаниясы тарапынан инвестицияның жалпы сомасы 6,3 миллиард теңгені құрайды.
Бұдан басқа, аталмыш түрік инвесторларымен қаладағы индустриалды аймақта жедел жәрдем қызметін құрал-жабдықтармен қамту бойынша кәсіпорын ашу да көзделуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі