Еліміздің Батысында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты 2 қаңтарда жаппай наразылық акциялары басталған еді. Наразылық акциялары Жаңаөзен қаласында басталып, өзге аймақтарда қолдау тапты. Наразылық 4 қаңтарда өршіп, Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Семей және басқа қалаларға ауысты. Бейбіт сипатта басталған акцияның соңы жаппай тәртіпсіздік пен тонау, кісі өлтіру мен мемлекеттік мүлікке зиян келтіруге ұласты.
Сарапшылар бұны «мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылу» деп атауда. Нақты шығын саны әлі толық есептелген жоқ, алайда алғашқы мәліметтер бар.
Алматы және өзге де қалалардағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан қираған банктер, талқандалған банкоматтар мен өртенген көліктер, ғимараттар мен бизнес субъектілерінің қазіргі уақыттағы шығыны 212 млн долларды құрайды. Бұл әлі де өсетіні анық, себебі барлық шығын толық есептелуі үшін бірнеше апта керек. Шығындарды арнайы комиссия есептеп шықпақ, ал зардап шеккен бизнес өкілдеріне мемлекет көмектесуге дайын. Шығын 92 млрд теңгені құрады, оның 90 млрд теңгесі Алматы қаласына тиесілі. «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдеріне көмектесу үшін қазіргі уақытта ақпараттарды жинауда. Алматы қаласы бойынша арнайы қор ашылды. Еліміздің тоғыз аймағында 1319 бизнес субъектісі зардап шеккен, оның ішінде 1234 субъект Алматы қаласында орналасқан. Оларды қалпына келтіруге кететін млрдтарды есептей беріңіз.
Жаппай бүліктен зардапты криптонарық та шегуде. Еліміз криптовалюта өндіруден алғашқы бестікте. Бүлік салдарынан ең құнды биткойн бағасы бірнеше есе түсіп кетті. Ал алғашқы отандық криптовалюта KZ Cash болса бірден 300 есе құлдыраған. 2021 жылы құны 0,3 долларға жетіп, шарықтаса, қазіргі таңда құны бар-жоғы 0,003 доллар болып қалыпты.
Интернетті бұғаттаудан да орасан зор шығын келуде. Нақтылап айтсақ экономика млндаған доллардан айырылуда. NetBlocks компаниясының мәліметінше интернетті бұғаттаудан келген шығын 189 млн долларды құрайды. Алдағы уақытта қытайлық майнерлер интернет нашарлығынан Қазақстаннан кетуі мүмкін деген де болжамдар бар.
Forbes тізіміндегі бай-бағландар да млрдтарынан айырылып жатыр. Бүлік салдарынан қазақстандық төрт млрдер 3 млрд долларынан айырылған екен. Оның ішінде Вячеслав Ким бірден 1,4 млрд долларын жоғалтқан. Михаил Ломтадзе де әп-сәтте 1,4 млрдынан айырылыпты. Қаржысы ортайғандар арасында Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева да бар. Олар да акциялардың құлауынан зардап шегіпті.
Қазақстандағы жағдай ресей рубліне де кері әсерін тигізген. Салдарынан Ресей рублі позицияларын жоғалтып, ресейлік компаниялардың акциялары он пайызға дейін түсіп кеткен.
Асхат Қасенғали
Abai.kz