Шымкентте биыл 13 елді мекеннің ауызсу мәселесі шешіледі — қала әкімі

48
Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе. Оның бірнеше себебі бар. Халық саны жедел өсуде. Жаңадан 41 елді мекен қалаға қосылды. Осының салдарынан магистралды жүйелердің қуаты жетіспеуде. Бұл туралы Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халық алдындағы есепті кездесуінде осылай деген қала әкімі биылғы жылы 140 мың халқы бар тасымал арқылы су ішіп отырған 8 елді мекен және жартылай сумен қамтылған 5 ауылдың мәселесі шешілетінін айтты.
«Ауыз су бойынша қаладағы 81 елді мекеннің 63-і толық қамтылған, 10-ы жартылай, 8-і тасып ішеді. Халықты ауыз сумен қамту үшін өткен 3 жылда 31 мыңнан астам тұрғыны бар 9 елді мекенге ауыз су құбыры тартылған. Қазіргі таңда қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағынаудандарды дамытуға ауыз судың қуаты жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін 3 магистралды құбыр салуымыз қажет. Биылғы жылы қалалық бюджеттен 8 елді мекенді сумен қамтитын 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғайдағы 5 елді мекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Алдағы 3 жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекенге су құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз»,- деді М.Әйтенов.
Бұдан бөлек, қала басшысы осы жылы 100 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекенді қамтитын Арғынбеков — Жібек жолы магистралды кәріз жүйесінің құрылысына 850 млн теңге бөлінгенін және 3 жылдық жоспар бойынша 26 км кәріз коллекторының және қуаты 150 мың текше метр тазарту қондырғысының құрылысын кезең-кезеңімен салу жоспарланып жатқанын мәлім етті. Яғни, алдағы уақытта 13 елді мекен кәріз жүйесіне қосылып, коллектордың қабылдау қуаты артпақ Осылайша, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 49 пайыздан 59 пайызға жетпек. Ал, қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамту мақсатында биылғы жылы республикалық бюджеттен қуаты сағатына 250 мың шаршы метрді құрайтын №3-ші АГРС құрылысы басталмақ. Оның құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарлануда.
Соңғы 3 жылдың ішінде тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту мақсатында 10 ауылға электр желісі және 2 шағын стацияның құрылысы салынған. Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамту деңгейі 93 пайызды құрайды. Қазіргі таңда, қаланың солтүстік бөлігіне электр энергиясының қуаты жетіспеуде. Осы мәселені шешу үшін қуаты 220 кВ Бозарық шағын станциясының құрылысы жүргізілуде. Оны биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, екі шағын станцияның құрылыстары жүргізілуде (қуаты 110 кВ «Ақжар» және «1-М-1»). Олар келесі жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, қуаты 110 кВ құрайтын төрт («Астана-1», «Астана-2», «1-М-1», «Ақжар») шағын станциясы іске қосылып, электр қуатымен қамту 180 МВт-тан 300 МВт артады. Бұл қаланың қажеттілігін шешуге мүмкіндік береді. Осының арқасында 90 мың халқы бар 30 елді мекеннің мәселесі шешіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз