Тіл – ұлттың жаны

2976
Тіл – ананың ақ сүтімен бойға сіңген асыл қазынамыз, халық тарихымен, оның қалып­тасуынан бастап өмір сүруінің әр кезеңдерімен, бастан кешкен тағдырымен тығыз байланыста дамып, өсіп келе жатқан, тереңге тамырлаған құндылық.
«Тіл ақылдың өлшемі» деп халқымыз бекер айтпаған. Елбасымыз
Н. Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген сөзінде түсінген адамға көп мағына жатыр. Тілдің көмегімен өнер – білімді, ғылымды игереміз, өткен – кеткенімізді саралап, сабақ аламыз. Біз өз тілімізді құрметтей отырып, дініміз бен салт дәстүрімізге, тарихымызға көптеп үңілетін болсақ және оны өзіміз танып қана қоймай, сол асыл қазынамызды әлемге танытсақ келешек ұрпақ үшін көп жұмыс атқарған болып саналамыз. Өйткені өз тілін, дінін, тарихын жақсы білмеген адам басқа тілдің қадірін білу мүмкін емес. Қазақ халқы өзінің шешендігімен шеберлік және даналығымен ерекшеленеді.
Соңғы жылдары ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, халықтық педагогиканың асыл қазынасын пайдалануға,әдебиетіміз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жетілдіруге мүмкіндік туғызғаны еліміз үшін зор қуаныш. Қазіргі заман талабы-халықтық дәстүрді кеңінен пайдалануды көздеп отыр. Ол үшін халқымыздың ата-бабадан келе жатқан ұлттық асыл мұраларын, тұрмыс-салтын, үлгі-өнегесін жүзеге асыруымыз қажет. Елімізді басқа ел танып жатқанда, тәуелсіз ел тірегі-білімді ұрпақты тәрбиелеу басты міндеттердің бірі. Тәрбиенің негізгі құралы тіл, ол ұлттың тарихи көрініс белгісі.
Ұлттық қасиет пен ұлттық сана ана тілі арқылы бойымызға дариды. Тәуелсіз ел, әлем мойындаған жұрт қатарына қосылам десең әуелі тіліңді сақта, істі тілден баста. Тілін таныған ел өзін таниды,өзін таныған ел өзгелерге танымал бола алады.
Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай ойға қонбайтын, солақай сорақыларды көбен көріп, қолмен ұстай отырып қазақ тілі мәселесі жөнінде толғанбай тұра алмаймыз.
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық
асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” — деген. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады.Қазақ тілінің шұбарланып,қолданыста азайып кетуін алдын алуға байланысты іс-шаралар жиынын жүргізіп отырған
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін айрықша атап өткім келеді.Себебі бұл оқу орнында қазақ тілін қастерлеген өзге ұлттың балаларына қазіргі таңда қазақ тілін білу, үйренудің қажеттілігі жайлы орасан зор жұмыстар, іс-шаралар жүргізіліп, студенттермен қоса тәлімгерлер ат салысады.
Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін, ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. Болашағымызды баянды етер қаруымыз тіліміз. Ана тілімізді құрметтейік, елдігіміздің нышаны болған тіліміздің туын жоғары ұстайық!
Айнаш ЕСЕКЕЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің аға оқытушысы,құқық магистрі.