Тұманды Альбион елінде…

2899
Ұлыбритания (ағылш. Great Britain), толық атауы Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігі (ағылш. United Kingdom of Great Britain and Northern Ireland) – Еуропаның солтүстік-батысында, Британ аралдарында (ең ірісі – Ұлыбритания), Ирландия аралының солтүстік-шығыс бөлігі мен ұсақ аралдарда орналасқан мемлекет. Құрлықтан Ла-Манш (Ағылшын каналы) және Па-де-Кале (Дувр) бұғаздары арқылы бөлінген. Аумағы – 244, 11 мың км². Халқы – 62,6 млн. (2004), астанасы – Лондон (8,6 млн.). Халқының 80%-ына жуығы ағылшындар, 15%-ы шотландтықтар, уэльстіктер (валлиялықтар) мен ирландықтар, 5%-ға жуығын Британ Достастығы елдерінен келген иммигранттар құрайды. Ағылшындар англикан мемлекеттік шіркеуі нанымдарын ұстанса, шотландтықтардың басым бөлігі – пресвитериандар, ирландықтар, негізінен католиктер, қалғандары ислам, т.б. діндерді ұстанады. Ұлыбританияда халықтың 89,4%-ы қалаларда тұрады.
Ұлыбритания 4 әкімшiлік-саяси бөліктен (тарихи ұлттық облыстардан): * Англиядан (45 графтық пен ерекше әкімшілік бірлік – Үлкен Лондон, әкімшілік орт. – Лондон); * Уэльстен (8 графтық, әкімшілік орт. – Кардифф); * Шотландиядан (12 облыс пен 186 арал, әкімшілік орт. – Эдинбург); * Солтүстік Ирландиядан (26 округ, әкімшілік орт. – Белфаст) тұрады. Ал, Мэн аралы (әкімшілік орт. – Дуглас) мен Норманд аралдары (әкімшілік орт. – Сент-Хелиер) дербес әкімшілік аймақтарға жатады. Ұлыбритания Біріккен Корольдігі атауына қарамастан федерация емес, унитарлық мемлекет – парламенттік монархия болып табылады. Елдің жеке Конституциясы жоқ. Ұлыбритания заңдары көп ғасырлық конституциялық дәстүрлер мен Жоғарғы сот органдарының шешімдеріне (прецеденттердің) негізделген. Мемлекет басшысы – монарх, сот жүйесінің басшысы, жоғарғы бас қолбасшы болып табылады. Қазіргі патшайымы (королева) – Елизавета II (1952 жылдан). Жоғары заң шығарушы органы – екі палатадан (қауымдар және лордтар) тұратын парламент. Парламент құрамына патшайым да кіреді. Атқарушы билік Премьер-министрдің қолында. Ресми тілі – ағылшын тілі. Ақша бірлігі – фунт-стерлинг. Ұлттық мерекесі – патшайымның туған күні (маусым айының екінші сенбісі).
2018-жылдың 3-10-қараша күндері ҚР «Мемлекеттік және жергілікті басқару институты» ректоры А.Тоқтыбаевтың ұйымдастыруымен Лондон қаласында «Мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің Европалық тәжірибесі және жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру» атты тақырыпта семинар өтті. Осы семинар жұмысына қатысу бақыты маған да нәсіп еткен екен. Семинар жөнінде аудан әкімі Т.Телғараевқа кіріп пікір алмасқанымда, ол кісі: «мұндай мүмкіндік бола бермейді, сондықтан, міндетті түрде қатысып қайтыңыз», – деп, бірден қолдау көрсетті.
Сонымен қарашаның 3 күні Алматыдан жергілікті уақыт бойынша сағат 09:45-те ұшып шығып, «Шереметьево» әуежайына Мәскеу уақытымен 11:35-те келіп қондық. «Шереметьеводан» жергілікті уақыт 14:50-де Лондон қаласына ұшып, «Хитроу» халықаралық әуежайына жергілікті уақыт 16:05-те келіп қондық. Уақыт айырмасы Қазақстанмен 6 сағатты құрайды екен.
«Хитроу» халықаралық әуежайы Европадағы ең тығыз кестемен жұмыс істейтін, тәулігіне 190 мың жолаушыға қызмет көрсететін әуежай екен. Оған біздің көзіміз әуежай аумағынан шықпай жатып жетті. Ұшып келгеннен кейін төлқұжатымызға белгі соғу үшін екі жарым сағат кезекте тұрдық. Семинардың ұйымдастырушылары әуежайдан күтіп алып «Royal National Hotel» қонақ үйіне орналастырды.
Жалпы семинарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарынан барлығы жетекшімізбен 13 адам қатыстық. Біздің күнделікті таңертең 9:00-13:00 дейінгі алған дәрісіміз бен пікір алмасуымыз жергілікті өзін-өзі басқару мен оны жетілдіру, демократияландыру төңірегінде болды. Сағат 14:00-ден кейінгі бос уақытты қаланың көрікті жерлерін, музейлер мен галереяларды, тарихи архитектуралық ескерткіштерді, парктер мен скверлерді, спорт алаңдарын, Лондонның символына айналған екі қабатты (даблдекер) автобустар, әлемдегі тұңғыш жер асты темір жолы метрополитенді, бір кездері бас киімді (целиндр шляпа) шешпей отыруға арнап жасалған, Лондонның «кэб» деп аталатын таксилері мен басқа көптеген біз үшін белгісіз, жұмбақ Лондон қоғамының қыр-сырын білуге тырысып бақтық.
Келген беттегі біздің көрген басты қиыншылығымыз әлемнің 106 елінің 372 миллион халқы сөйлейтін ағылшын тілін білмейтіндігіміз болып шықты. Сонымен бірге көзге ерекше түскен нәрсе – біз орналасқан қонақ үй төңірегіндегі көшелердің ластығы, күл-қоқыстардың шашылып жатуы еді. Оның себебін семинарды ұйымдастырушы «Inteconference» компаниясының өкілі Наталия Дороднова да, 2008-жылғы бүкіләлемдік қаржы дағдарысы салдары екендігін, Лондон қаласының әрбір өзін-өзі басқару муниципалиттері көше тазалығына жауап беретін мекемелер мен жұмысшылар санын күрт қысқартуға мәжбүр болғандығымен түсіндірді. Бірақ, қазіргі уақытта қаланың орталық бөлігіндегі тазалық мінсіз екендігін айтып ақталғандай болып жатты.
Әрине, Англия – тарихы терең және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрге бай мемлекет. Англия – Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің әкімшілік-саяси бөлігі. Англия халқы Ұлыбритания халқының жалпы санының 84 % құрайды. Англия ежелгі герман тайпалары англдердің V-VI ғасырларда Ұлыбритания аралдарында орнығып бірігуінің нәтижесінде пайда болған. Англия – ағылшын тілі мен англикан шіркеуінің пайда болған жері, ағылшын заңдар жүйесі әлемнің көптеген елдерінің заң жүйесіне негіз болған. Ағылшындар – заң үстемдігін мойындаған, ережелер мен заңдарды мүлтіксіз орындайтын ең «заң құрметтеуші» ұлт. Лондон қаласы – Британ империясының орталығы, ал, Англия – өнеркәсіптік революцияның тұңғыш жүзеге асып, адамзаттың жаңа экономикалық формацияға қадам басқан жері. Англия – алғаш өнеркәсіп дамыған, парламенттік демократияның негізі қаланған мемлекет.
1940-1945, 1951-1955 жылдарда Ұлыбритания Премьер-министрі болған Уинстон Черчилль: «Мен демократияның көптеген кемшіліктері бар екендігін мойындаймын және оның бір ғана артықшылығын айтсам, адамзат одан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ» деген пікір айтқан екен. Біздің жас та болса әлемдік қауымдастықта ойып алатын орынымыз бар. Еліміз үшін дамыған мемлекеттер мен ұлттардан үйренетініміз де аз емес екендігі айтпаса да түсінікті ғой деп ойлаймын. Ең алдымен өз басымның демократия жөніндегі түсініктерім де өте саяз екендіне көз жеткізгендей болдым. Жоғарыда атап айтқандай, ағылшындар – «заң құрметтеуші» ұлт. Заңның үстемдігі, қатаң тәртіпке бағыну, әрине, бұл демократияның негізі десек, қандай да болсын ауқымды, не ұсақ мәселенің шешімін іздегенде, ең алдымен, азаматтардың мүддесі, бірінші кезекте адамдарға ыңғайлы, қолайлы болу жақтары қаралып, көпшіліктің қатысуымен шешіледі
екен. Бір ғана мысал, семинардың соңғы күні Лондон қаласынан 100 шақырымдай жердегі «Кент» графтігіндегі «WYE» селолық кеңестің жұмысымен танысқан кезімізде бірнеше оқиғалар есте қалып қойды. Аталған селолық кеңеске келгенімізде, селолық кеңестің төрағасы елді мекеннің кіре берісінде күтіп алды. Кез келген жерге автокөлікті қоюға болмайтындықтан, кеңес төрағасы біздің «мини автобусымызға» отырып, селоның біраз жерін аралап жүріп, бос тұрған автотұрақты тауып, көлігімізді сонда орналастырдық. Селоның ортасында тұрған шіркеудің екінші қабатына көтеріліп, олар ұсынған кофені енді іше бастағанда, шіркеу ішінде дабыл қаққан «сигнализация» қосылып кетті. Дауысы қатты құлақты жарып барады. Шіркеу қызметкерлері мен селолық кеңес төрағасы сасқалақтап, «сигнализацияны» өшіре алмай әуре. Бірнеше минуттан кейін дабылдың дауысы өшті. Олар бұл дабылдың көптеген жылдарда бірінші рет өз бетімен қосылып кеткеніне таң қалып тұрғандарын жасырмады. Кейін белгілі болғаны, біздің топтың ішінде темекі тартатын екі азамат шіркеу аумағында темекі тартқан көрінеді. «Сигнализацияның» қосылып кетуіне де сол себеп болыпты. Ұялдық. Ыңғайсыз күй кештік.
Біз келген селоның бірнеше ғасырлық тарихы бар екен. Онымен қысқаша селолық кеңестің төрағасы таныстыра жүріп, бізді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Ол өзі зейнет жасында екеніне қарамастан, село тұрғындарының өтініші бойынша селолық кеңес төрағасы қызметін атқарып жүргендігін, ол үшін жалақы алмайтынын, арнайы кеңседе отырмайтындығын, село өміріне қатысты кез-келген мәселені село тұрғындары кез-келген кездескен жерлерінде аайта алатындығы және село тұрғындарына қатысты кез-келген мәселе көпшілік дауысымен шешілетіндігін тілге тиек етті. Мәселен, селоның ортасында орналасқан көпшілікке арналған әжетхананы алып тастау жөнінде жасалған ұсынысты, көпшілік қолдамағандықтан сол қалпында тұрғанын көрсетті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ бұл шағын мақалада осы елдің тарихына «аттап-бұттап» шолу жасағанның өзінде айтатын, үлгі алатын мәселе өте көп. Сондықтан, бүгінгі күнде «Ұлыбританияның астанасы әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне несімен қаратады, несімен ерекшеленеді, несімен үлгі бола алады» деген мәселелерге сіздердің назарларыңызды аударсам:
– Ұлыбритания – жоғары дамыған өнеркәсіптік ел. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша дүниежүзінде бесінші орында (АҚШ, Жапония, Германия, Франциядан кейін).
– Ұлыбритания алкогольдік ішімдіктердің дүниежүзілік экспортының 20%-ын (әсіресе, шотланд вискиі мен джин) береді.
– Ауыл шаруашылығы өндірісі елдің азық-түлікке деген сұранысының 80%-ын қанағаттандырады. Бұл салаға елдің барлық жұмыс істейтіндердің 3% қамтылған. Ауылшаруашылығы үшін ел аумағының 24,8% пайдаланылады.
* Англия – дәстүрлер елі:
Көне университеттер, әулеттік тас қамалдар, белгілі ағылшын пабтары, патшайым отбасы ағылшындардың ерекше мақтанышы болып есептеледі.
Ағылшындардың ең белгілі дәстүрлерінің бірі – шәй ішу дәстүрі. Қазіргі уақытта Англия дүниежүзінде шәйді ең көп тұтынатын ел көрінеді. Олар күніне 6-7 рет шәй ішеді екен және бір кездері өздерінің отары болған Үнді шайын тұтынады.
Әрбір ағылшын отбасының үйінде міндетті түрде ерекше күтімге алынған бақтары болады екен. Сөздің орайы келгенде айта кетейін, Лондон қаласында 7000-нан астам парктер мен скверлер бар екен.
Ағылшындар ең «заң құрметтеуші» ұлт екендігі жоғарыда айтылды. Бұл қанға сіңген дәстүр деп түсіну керек.
* Лондон – әлемдегі ең ірі қаржы орталығы:
Валюталық, депозиттік және кредиттік операциялар бойынша әлемде бірінші орынды иеленеді. Тек қана бір күндік валюталық операциялар көлемі 500 млрд. долларды құрайды екен. Лондонда 550 шетелдік банктер орналасқан.
Лондон – қаржылық қызмет көрсететін ең ірі нетто-экспортер (8,1 млрд доллар)
– Англия – әлемдегі ең танымал, ең көп тараған спорт түрі футболдың отаны (1863 жылғы әлем чемпионы).
– Лондон қаласы тұңғыш рет 1851-жылы Бүкіләлемдік көрмені (ЭКСПО) қабылдап өткізді.
– Лондонда ең алғаш жер асты темір жолы «метрополитен» салынды (1863 ж).
– Лондон қаласы – үш бірдей жазғы олимпиада ойындарын (1908, 1948, 2012 жылдары) қабылдап өткізген бірден бір қала.
* Лондонда оқып жүрген шетелдік студенттер жылына 1,5 млрд. мұнда келген
туристер жылына 10 млрд. фунт стерлинг қаржы қалдырып кетеді екен… Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992-жылдан бастап орнады. 1994-жылы 19-наурызда Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасында достық пен ынтымақтастық, экономикалық ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияларына, білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 1992-жылы Алматыда – Ұлыбритания елшілігі, 1996-жылы Лондонда – Қазақстан елшілігі ашылды. Ағылшынның Бритиш Петролеум, Шелл және Бритиш Газ сияқты компаниялары Солтүстік-шығыс Каспий аймағында кен барлау, оны игеру жұмыстарына 1999-жылдан бастап араласты. Қазақстанмен жасалатын тауар айналымының көлемі жөнінде Ұлыбритания Еуропа елдерінің арасында І-орын алды. 2006-жылы екі елдің арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі – 400 млн. фунт стерлингтен асты. Қазір Қазақстанда британиялық инвесторлардың қатысуымен 212 кәсіпорын тіркелген, оның 80-і бірлескен кәсіпорындар.
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов кезінде «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген екен. Еліміз – Егемен ел, Тәуелсіз мемлекет болғандығына тарихи өлшеммен қарағанда көп бола қойған жоқ. Бірақ, бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік, әлі де алар асуларымыз алда. Білімді болайық, тәртіпке бағынайық! Дамыған елдер қатарына қосылуымызға сенімді болайық!
Өрісбай КӨПЕЕВ,
Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы