Түркістан облысында 30 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмысқа тұрды

186
Түркістан облысында 62 мыңнан астам адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бағдарламаға қатысқандардың 43 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 30 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында Түркістан облысында 2 мың 844 адам оқуға жіберілді.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып табылады. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын және бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылық қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұдан басқа, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және олардың зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында микрокредит алушылар үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі.
Түркістан облысында микрокредиттеумен 940 адам, оның ішінде қалаларда – 41, ауылдарда – 899 адам қамтылды. Мемлекеттік гранттарды 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік бағдарламаның 101 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде – 498 (жастар, аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер) адам алды.
Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттік субсидияланатын жұмыс орындарын құруды көздейді. Оны жүзеге асыру аясында Түркістан облысында 13 мың 973 адам, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 4 мың 333 адам, қоғамдық жұмысқа 4 мың 308 адам жұмысқа орналастырылды, жастар практикасына 5 мың 332 адам тартылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз