Оқушыларға жол жүру ережелері түсіндірілді

846
Ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы полиция лейтенанты Дидар Пернебек №77 А.Асқаров атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларына жол жүру ережелерін сақтау, қылмыс пен құқықбұзушылық жасамау туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұдайы жоспарлы дәріс ұйымдастырып отырады.
«Оқушылармен жұмыс жасай отырып, олардың досына айналуға тырасамын. Оларға заң талаптарын, заңға қайшы жасалған теріс қылықтардың зардаптарын, олар үшін көзделген жауапкершіліктер туралы жиі түсіндіремін. Кез — келген азамат жауапкершілік туралы білген сәтте, теріс қылыққа бармауға тырысады», — дейді Дидар Пернебек.
Дәріс барысында полиция лейтенанты оқушыларға жол жүру ережелерін түсіндіріп, жолда өзін қалай ұстауды үйретті. Сондай-ақ тәртіп сақшысы әрбір ата — анадан өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасауын сұранады.