Түркістан облысының әкімдігі италиялық «ARM WIND» компаниясымен байланыс орнатты

866
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баламалы энергия өндірумен айналысатын «Arm Wind» (ENI) халықаралық энергетикалық компания басшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экологиялық мәселелерді әрдайым назарда ұстайтын өңір басшысы облыста бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.
Елімізде көмірқышқыл газының шығарылуын төмендетудің маңызы мен Түркістан өңірінің жел және күн энергиясын пайдаланудағы әлеуеті зор екенін хабарлады. Және жасыл экономика мен бизнес климатты жақсарту сынды салаларды бірлесіп дамытуға шақырды.
«Біз Түркістан облысын дамытуға қатысты барлық бастамаларға қолдау көрсетіп, бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Осында өкілдік ашып, басқа да ұсыныстарыңыз болса құп көрер едік. Әлемдік нарықта мүмкіндіктеріңіз орасан. Алдағы уақытта екі жаққа да тиімді әрі табысты жұмыс жүргізуге дайынбыз», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Мұнай, газ, электр энергиясын барлау, өндіру, тасымалдау, өңдеу және өткізу саласында белсенді дамып келе жатқан біріктірілген алпауыт компания Түркістан өңірінде жаңашылдық заман талабына сай технологияларды қолданатын ең тиімді жолдарын жүзеге асырмақ. Түркістан өңірінің нарығына енген ENI компаниясының басшылығы мұндай жобаларды жүзеге асыру энергияны пайдалану жүйесін жетілдіруге сеп болатынын айтып өтті. Бұл өз кезегінде, қоршаған ортаны ластамай, электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ENI Орта Азия өңіріндегі атқарушы Вице-президенті Лука Виньяти өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Түркістан облысында парниктік газдар мен басқа да ластаушы заттардың шығарындыларын азайту үшін жасыл технологиялар мен «таза» энергетиканы дамытуда. Климаттық тәуекелдерді түсіну жаңартылатын энергия көздерінің дамуына маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді. «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы мен ЖЭК жобаларын іске асыру бойынша инвесторлар үшін жағдайлар жасалды.
Былтыр Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының маңында жер телімінің ауданы 100 Га жерде 50 МВт күн электр стансасы үшін алғашқы жобалық аукцион өткізілді. Оған Қазақстан, Германия, Италия, Қытай, Нидерланды және Ресей сияқты 6 елден 7 компания қатысып, «Arm Wind» ЖШС компаниясы атанған болатын.