Түркістандықтар сақтыққа шақыратын экочелленджді қолға алды

117
«Түркістандықтар сақтыққа шақырады» экочелленджі басталды, деп хабрлайды ҚазАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялау жөніндегі Жарлығын жүзеге асыру және коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында Түркістан облысында да тиісті шаралар қабылданып, жұмыс істелуде.
Осыған орай, облыстың зиялы қауым өкілдері де халық арасындағы алып-қашпа әңгімелерге сенбей, барынша сақтық шараларын орындап, сабырлылық танытуға шақырды.
Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт: «Дүиені дүрліктерген дерттен біз қазақы мінезімізбен, шыдамдылығымызбен, ежелден дәстүр болған ынтымақ, бірлігіміз арқылы шыға аламыз. Сондықтан баршаңызды жұдырықтай жұмылып, тиісті міндеттемелерді бірге атқаруға шақырамын», — деп сақтық шараларын жасауда немқұрайлылық танытпауға үндеді.
«Қазіргі таңда біздің өңірде ауыр дертке тосқауыл қою шаралары тиісті деңгейде атқарылуда. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері түгелдей өз үйіне қайтарылып, қашықтан оқыту жүйесіне қосылды. Әрбір тұрғын, әрбір Қазақстандық өз деңгейінде сақтық шараларының орындалуына мән берсе, бұл сынақты да артқа тастаймыз», — деген профессор Бекжігіт Сердәлі енгізілген шектеулерге қарсылық танытпауды сұрады.
«Осы дерт төңірегіндегі жалған ақпараттар, арандатушылық сипаттағы әрекеттер көптеп тарауда. Дәл осындай кезеңде тек ресми ақпараттарға сеніп, нағыз мамандардың ғана кеңесіне құлақ асуымыз керек. Бұл дерттен аман шығудың алғышарттарының бірі», — деді Республикалық «Айқын» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Тельман Бейсен.
Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байназар Әлібек: «Жаһанды жайлаған коронавирус індетіне өзіміздің ішкі иммунитетімізді күшейту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Сондықтан, дүрлігуге жол бермей, барынша сақтық шараларын сақтайық»,- деп төтенше жағдай кезінде той-томалақ, отбасылық жиындардан уақытша бас тарту керектігін жеткізді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды осында енгізіңіз