Қазақстан «қартайып» жатыр ма?

884

Алдағы отыз жылда Қазақстандағы қарттардың саны едәуір көбейеді деген болжам бар. 2020 жылдың басындағы статистика бойынша, еліміздегі қарттардың үлесі 7,7 пайыз адам екен. Олардың үлесі жылына шамамен 4-5 пайызға өсіп отыруы мүмкін. 2050 жылға қарай 65 жастан асқандардың саны 3,4 млн адам болып, әрбір бесінші қазақстандық алпысты алқымдап отырады. Дамыған елдердің басынан өткен тәжірибеге сүйенсек, бұл тенденциядан қашып құтылу мүмкін емес. Қартайтпайтын сиқырлы дәрі ойлап табылмасы анық. Бірақ халықтың жалпы үлесіндегі қарттарды азайту үшін сәбилер саны шарықтауы тиіс. Экономикаға ауырлық қылмас үшін қандай шаралар атқару керек?

Қарттар бюджетке қалай салмақ салады?

БҰҰ болжамын қарастырып көрелік. Оған сәйкес, халық саны да, ондағы қарттардың үлесі де арта түседі деседі. Мысалы, қазір әлемде 65-тен асқан адамдардың саны 702,9 млн адам. Бұл дегеніңіз бүкіл жер шары тұрғындарының 9 пайызын алады. Ал 2050 жылға қарай қарттардың үлесі 16 пайыз­дан бір шығуы мүмкін. Ал енді Қазақстандағы статистикаға көш­сек. Мұндай тенденция бізде де байқалады. Осыдан алты жыл бұрын тұрғындардың 6,8 пайы­зын, 2018 жылы 7,5 пайызын қарт­тар құраған.

Жыл соңында нақты көрсет­кіштер белгілі болады. Бірақ бір анық: биыл 15-24 жас аралығын­дағы жастар саны бұрын-соңды болмаған төмен көрсеткішке түс­ті. Өйткені 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың ба­сын­да туу көрсеткіші күрт азайған. Бірақ бұ­дан да сорақысы алдағы отыз жыл­да болуы мүмкін. 2050 жылға қарай осы жастардың алды зей­нетке шы­ға бастайды, эконо­ми­калық тұрғыда белсенділік төмен­дейді. Ал оның орнын басып, демог­ра­фиялық «шұқыр­ды» бі­тей­тін ешкім болмайды. Міне, сол кезде жұмыс­бастылар азайып, зей­нет­керлер көбейеді. Олай бол­ған жағ­дайда экономикалық ахуал не бо­лады деген заңды сұрақ туа­ды.

Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­да­бекова Қазақстан қартаюға қа­дам басып келе жатқан мемле­кет саналатынын айтады. «Қоғам­да қарттар үлесінің көбеюі табиғи заңдылық емес. Бұл елдегі туу са­ны­на қарай есептеледі. Яғни, туу көрсеткіші жоғары болған сайын қариялардың үлесі азаяды. Көбейіп жатса, демек туып жат­қандар аз. Мысалы, Орталық Азия, Африка елдерінде қарттар саны жоғары емес. Ал дамыған, туу коээфи­циенттері 0 не 0-ден тө­мен елдерде қариялар саны едәуір көп. Қазақ­станға келсек, дабыл қағуға себеп – үлестің одан ары артуы мүмкін екеніне байла­нысты. Қанша жыл­дан бері біздегі туу көрсеткіші 1,5 пайыз шама­сында болып келе жатыр. Орталық Азия мемлекет­терімен салыс­тыр­ғанда, бұл көр­сеткіш өте тө­мен. БҰҰ класси­фикациясы бойынша қартаюға қадам басып келе жат­қан елміз. 15 жасқа дейінгі және 65 жастан жо­ғары жұмысқа жа­рам­сыз адам са­нының еңбекке қа­бі­летті адам­дарға қатынасы бүгінде 40,8 пайыз. Әзірге түсіп тұрған салмақ жоғары емес. Дегенмен алда бұдан да өсе­тін бол­са, экономикалық потен­циал­ды төмендетеді. Себебі бізде ал­пыс­тан асқандардың денсау­лығы дамыған елдердегідей жақсы емес. Көбі жұмысқа жарамсыз боп қа­лады. Сондықтан жұмыс күші азаяды», – дейді сарапшы.

Экономикаға аса ауыр салмақ түсірмеудің амалы – зейнетақы жинағындағы қаражатты молайту. Мұны Қазақстан сонау 1998 жыл­дан бері ойластырып, жинақ­тық жүйеге көшкен. Екі жыл бұ­­­рын Қа­зақ­стан жинақтық зейнет­ақы жүйесінің 20 жылды­ғын атап өтті. Жалпы алғанда, жинақта ақшаның көп болғаны мем­лекеттік бюд­жеттің жүгін жеңіл­детіп, зейнетке шыққанда шы­қырлатып көбірек ақша санап отыруға жақсы. Сөйте тұра, ха­лық­тың ерікті түрде жи­наққа қаржы аударып, бола­шағын ой­лауы үшін бүгіні жақсы өтуі ке­ре­гін ескермесе болмайды. Се­бебі дәл қазір жа­ла­қыдан жала­қыға сүйретіліп жетіп отырған адамның 30 жылдан кейін алатын зейнет­ақысын ойлап жатуға ша­­масы кел­мейді.

Бізді сәбилер сақтайды

Қазір жас отбасы алғашқы ба­ланы өмірге әкелуге асық­пайтын болған. Өйткені зерттеулерге қа­ра­сақ, соңғы он жылда ерлер мен әйелдер еңбек нарығында ая­ғын нықтап басып алған соң ғана бас қосуға бел буады екен. Ана болуды кейінге шегеретін себеп – қыздар­дың білімге ұмтылысының артуы­нан. Әлбетте, білімді, білікті аза­маттардың үлесі көп болса, эко­номикалық-әлеуметтік ахуал­ға оң әсері мол болады. Бірақ ме­ди­­ци­надан белгілі болып отыр­ғаны, әйел балалы болуға неғұр­лым кеш шешім қабылдаса, соғұр­лым аз құрсақ көтереді.

Бұл пікірмен әлеументтанушы Рамазан Саттарұлы да келіседі. Сон­дықтан отбасы институтын нығайту керек деген пікірде. «Жас­тар бүгінде отбасын құруды кейінге шегереді. Өйткені білім алу, карье­ра құру, материалдық құндылық­тарды реттеуді көздейді. Яғни, неке саны азаяды, тиісінше туу көр­сеткіші де аз. Тіпті, шаңы­рақ кө­терсе де, ондағы бала саны көп емес. Осылайша, жалпы есеп­те қарттардың үлес салмағы арта­ды. Сондықтан халық қар­таюын азайту үшін отбасы құнды­лығына насихат қажет. Демог­рафияны кө­те­руге мемлекет баса назар ауда­руы тиіс», – дейді Л.Гумилев атын­­­дағы ЕҰУ социо­­логия кафед­расының до­центі Ра­мазан Салық­жанов.

Сарапшының сөзіне қосымша мынадай тенденцияны атап өтейік. Бүкіл әлемде де, оның ішін­де Қа­зақстанда да урбани­зация про­цесі қарқынды жүріп жатыр. Ал бұл дегеніміз шаңырақ санын азайта­ды. Мысалы, эконо­микалық ын­ты­мақтастық және даму елде­рінде қала халқы­ның орташа үлесі 77 пайыз шама­сын­да. Бізде соңғы он жылдың өзінде бұл көрсеткіш 58,4 пайызды құра­ған. Әлі де көбейіп жатыр. Соны­мен бірге туу көрсет­кішінің төмен болуы да дамыған елдерде бар, қай мемлекетті ал­саңыз да, бір әйелге 2,2 баладан аспайды.

Асыл әже, ғасыр әже немесе ұзақ ғұмыр

Халық қартаюымен қатар, өмір жасының ұзаруын да ескеру керек. БЖЗҚ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай ер адамдардың орташа жасы 78 болса, әйелдерде 83 болуы әбден мүмкін. Халық қартаюы мен орташа жастың егде­ленуі – бүкіл әлемде бар тен­денция. Сарап­шылардың сөзін­ше, бұған меди­цина сапасы­ның жақсаруы мен апаттық жағ­дай­лардың азаюы себеп болады екен. Бүгінде бір зейнеткерге 7 жұмыскерден келсе, отыз жылдан кейін екі есе азаяды. Бұл болса, эконо­микаға үлкен соққы. Тіпті, қауіп­тің қызыл дең­гейі десек болады. Неге де­сеңіз, зей­нет­кер­лерді ба­ғып-қағу да, эконо­миканы дамы­ту да ең­бек­ке қабілетті халық­тың мой­нына арты­лады. БҰҰ бекіт­кен жас көр­сеткіші бойынша, Қазақ­стан «қарт» сана­лады. 2014 жылы орта­ша жас ұзақ­тығы 71,44 жас болса, төрт жылда 73,15-ке өскен. Негізі, бұл көрсет­кіштің ұзаруы елдегі өмір сапа­сының жақсы екенін білдіреді. Қан­нан қаперсіз қарттық күн кешіп отыр­ғаны қуантарлық жағ­дай.

«Солтүстік, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай, Павлодар, Қа­рағанды облыстарында қарттар­дың үлесі өте жоғары. Мысалы, 100 балаға шаққанда Павлодар облысында – 43, ШҚО-да 47 қарттан келеді. Бұл тенденция жыл өткен сайын өсе береді. Әрі басқа облыстар да қо­сылады. Қазақстан қарттардың белсенді өмірді жалғастыруы үшін Қартаю жөніндегі Мадрид ха­лық­ара­лық келісімін қабылдаған. Еу­ро­па елдерінде бұл тенденциямен күре­су үшін түрлі амал қолданып көр­ді. Қарттарға жұмыс істеуге мүм­кін­дік берді. Осылайша, зей­нет­ке шықса да, экономикалық белсенді қалыптан таймайды. Жа­сы қан­шада болса да, білім ала алады. Қарттар өзін барынша да­мы­­туға тырысады», – дейді демо­г­ра­фия магистрі Аяулым Са­ғын­баева.

Қарттардың үлесін азайту үшін дүниеге келетін сәби санын кө­бейту керек дейді. Десек те, қазіргі таңда демографияға қа­тысты мем­лекеттік идеология жұмысы білін­бейді. Демо­графиялық даму­дың жүйелік мо­де­лі жасал­маған. Әр балаға беріле­тін жәрдем­ақы ынта­ландыратын деңгейде емес. Алдағы халық са­на­ғында көр­сеткіштерге қарап нақты жұмыс бағытын бел­гілеу керек. Олай болмаған жағ­дайда туу көр­сеткішінің азаюы автоматты түрде қарттар санын көбей­теді. Бұдан туатын мәсе­лелерді жоға­рыда атап өттік. Адам – қай қоғам­ның бол­сын басты құнды­лығы. Адами ре­сурсты қажет ет­кен мем­лекет бі­рін­ші ке­зекте хал­қын ойлайды. Туу көр­сеткішін көтеру, ана мен бала өлі­мін азайту, ерлер өлімі көр­сеткішін төмендету сияқты мәсе­лелер бір-бірімен ты­ғыз бай­ла­нысты. Ең­бекке жарам­ды жұрт­тың үлесі көп болған сайын мем­ле­кеттің жай-күйі де жақса­рады. Әлемдік тәжі­рибеге қарасақ, туу көрсеткіші дағдары­сын ең­сер­геннен гөрі оны дер кезінде реттеу әлдеқайда оңай әрі арзанға түседі екен.

  Жадыра АҚҚАЙЫР