Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы республикада көш бастады

1217

Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы еліміз бойынша көш бастады. Пандемия кезінде орын алған қиындықтарға қарамастан, қоғамдық денсаулық басқармасы мемлекеттік бағдарламалар көрсеткіші бойынша ауқымды жұмыс атқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында былтыр атқарылған жұмыс қорытындысы мен биылға арналған міндеттер мәлім болды.

Мәселен, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд теңге бөлінген болса, 2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар төрт нысаналы индикаторға бағытталған.

Олар азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 73,21 жасқа дейін арттыру мен жүрек-қан тамыры, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан және қант диабетінен мезгілсіз қайтыс болғандар санын 18,86%-ға дейін төмендетуге жұмсалған.

Сондай-ақ, ана өлімін 17,1%-ға дейін азайту, 1 мың тірі туғанға шаққандағы нәресте өлімін 10,1%-ға дейін төмендету көзделген.

Осылайша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен өңірдегі медицина саласын дамытуға барынша күш салынған.

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, ең бірінші кезекте ана мен бала саулығы, жансақтау және ота жасау мен жедел жәрдем қызметін күшейтуге басымдық берілген.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында 2,5 млрд теңгеге 205 дана медициналық техника сатып алынған.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 9 фельдшерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның 5-уі пайдалануға берілген.

Сонымен қатар биыл төрт емдеу нысаны ашылмақ. Өңірде 73% медициналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған.

Қазіргі таңда облыс бойынша 2 медициналық ақпарат жүйесі (ДАМУМЕД, КӨМЕК) жұмыс жасауда.

Облыс бойынша дәрігер мен орта буынды медициналық қызметкерлердің жұмыс орнын компьютерлік техникамен жабдықтау үлесі — 100%.

Айта кетейік, облыс бойынша толықтай электрондық денсаулық паспорттары жасақталған. 400 мыңға жуық адам мобильді қосымшасын пайдаланады.

Жыл соңында 10,5 мыңнан астам түркістандық дәрігердің қабылдауына жазылған.