«Қазақстан шенеуніктері мен Үкімет басындағы саясаткерлердің жеке ұшақтары бар ма» деген сұрақ журналист Ербол Мәндібек жариялаған ақпараттан кейін өзектілігін арттырды.
Журналист Мәндібек 2020 жылы 20 млрд теңге болатын қаржыға Үкімет мүшелері ұшақ қызметтерін пайдаланғаны жайлы айтып, ел арасында үлкен талқы болып еді.
Бұл ақпаратты ресми билік өкілдері жоққа шығарып, «негізсіз, шындыққа жанаспайды» деп жауап қатты. Алайда қымбат ұшақтарды сатып алу, жалдау тәжірибесі елімізде кеңінен қолданылатыны жасырын емес.
Мысалы 2020 жылы Президент іс басқармасы Airbus A320 Neo ұшағын сатып алған. Аталмыш ұшақтың су жаңасының құны 110 млн долларды құрайды. Бұл дегеніміз 46 млрд теңге деген сөз.
Airbus A320 Neo ұшағы Airbus A320 ұшағының жаңа үлгісі. Бұл ұшақ жайлы әрі қауіпсіз әуе көліктерінің біріне жатады. Қарапайым комплектациясының өзі 80 млн еуроны құрайды.
Кейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде де су жаңа ұшақ пайда болды деген ақпарат шықты. Ол бразилиялық Embraer 650. Құны 20 млн долларды құрайды. Бұл теңгеге шаққанда 8.4 млрд теңге болады. Әрине бұл ұшақты Airbus A320 Neoмен салыстыруға мүлде келмейді.
Алайда ақпараттарға сенсек, ҰҚК басшылығы бұл ұшақпен емес, жеті жыл бұрын сатып алған ресейлік «Superjet» ұшағын қолданады екен.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолда бар ақпараттарға сенсек Airbus 321-211 ұшағын қолданады.
Қазақстан Үкіметінің мүшелері мен сенат спикерлері көбіне Airbus және Embraer ұшақтарымен ұшатыны белгілі.
Abai.kz