ЖЫЛЫНА 350 БАЛАҒА ОҢАЛТУ ЕМІН ЖҮРГІЗЕТІН ДӘРІГЕР

808
Салтанат Қонысбекова – жылына мүмкіндігі шектеулі 350 балаға оңалту емін жүргізетін дәрігер-невролог. Білікті маман неврологиялық ауруға және тірек-қимылы бұзылған балаларға реабилитациялық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Ardak.kz  Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
С. Қонысбекова 2000 жылы неврология мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтіп, бүгінгі күнге дейін дәрігер-невролог болып қызмет етуде. 1983 жылы Шымкент қаласындағы №7 мектепті алтын белгіге бітіріп, сол жылы Ленинград қаласындағы медицина институтына оқуға түседі. Аталған институтты ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Түлкібас ауданында дәрігер-педиатр болып бастаған.
Білікті маман 2018 жылдан бері қаладағы №1 Оңалту орталығында балалар неврологы болып жұмыс істейді. Абзал жан Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан келген ерекше балаларға өзінің білімі мен тәжірибесін, мейірімін төгіп, ата-аналар алғысына бөленуде.
Бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ақ халатты абзал жан әр ата-анаға ақыл кеңесін беруден жалықпайды.
Медицина саласында 30 жылдан аса еселі еңбек етіп келе жатқан Салтанат Байдуллақызының қызметі ескеріліп, облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталған.