Шымкент қаласында орналасқан «Қазығұрт» клиникасы – халық денсаулығын жақсартуды басты мақсат етіп отырған заманауи медициналық орталық. 2021 жылы ашылған бұл клиника аз уақыт ішінде тұрғындардың сеніміне ие болып үлгерді. Ал 2024 жылдан бастап ол «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент қалалық филиалына қосылып, ұжым мүшелерінің әлеуметтік және кәсіби қолдауына жаңа тыныс берді.
Кәсіподақтың алғашқы ұйымын Утельбаева Айгерим Мухалбековна басқарып отыр. Оның жетекшілігімен ұжым биылғы «120 игі іс кәсіби акциясына» белсенді түрде үлес қосып келеді.
Клиника дәрігерлері мен мейірбикелері халыққа ғана емес, жас мамандарға да кеңес беруді дәстүрге айналдырған. Тәжірибелі мамандар медицинаға жаңа қадам басқан қызметкерлерге күнделікті жұмыстың қыр-сырын үйретіп, кәсіби жолында бағыт-бағдар сілтеп келеді. Әрбір кеңес – болашаққа жасалған инвестиция.
Қазіргі заманда дәрігер тек білімді ғана емес, технологиямен жұмыс істей білетін маман болуы қажет. Сол себепті «Қазығұрт» клиникасында тұрақты түрде шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Мұнда жас мамандар жаңа медициналық құрал-жабдықтарды пайдалану, заманауи емдеу әдістерін меңгеру, пациенттермен тиімді байланыс орнату жолдарын үйренеді.
Жас маманға қолдау – үлкен жауапкершілік. Бұл жерде тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелер жастарға тек кәсіби білім ғана емес, адами құндылықтарды да сіңіреді. «Науқасты тек емдеу жеткіліксіз, оған қамқор болу – дәрігердің парызы» деген қағиданы жас буын тәлімгерлерінен үйреніп жүр.
Клиника ұжымы медицина саласына өмірін арнаған ардагерлерді үнемі назарда ұстайды. Арнайы қабылдаулар ұйымдастырып, денсаулығын тексеруден өткізіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетеді. Ардагерлердің еңбегіне тағзым ету – еңбекке деген құрметтің айқын белгісі.
Клиника мақтанышы – нағыз отбасылық дәстүр.
Мейірбике Хашимова Тахира Шамшиддинқызы көп жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Анасының ізін ұлы – Хашимов Камылжан жалғап, жедел жәрдемде фельдшер болып еңбек етуде. «Анадан балаға жалғасқан мамандық – адалдық пен жауапкершіліктің айғағы» дейді ұжым мүшелері.
«Қазығұрт» клиникасының ұжымы ұйымдастырып отырған кәсіби кеңестер, шеберлік сабақтары, тәлімгерлік және ардагерлерге көмек көрсету шаралары – барлығы да «120 игі іс кәсіби акциясының» басты мақсатына сай келеді. Бұл тек жақсы дәстүр емес, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеретін қадам.
«Қазығұрт» клиникасы – тек емдеу орталығы ғана емес, еңбекке адалдықтың, ұрпақ сабақтастығының, кәсіби дамудың және ардагерлерге тағзым етудің айнасы.
Бұл бастама – еңбекке деген құрмет, болашаққа деген сенім, қоғамға деген жауапкершілік.