Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелерімен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар жабық архив материалдарына рұқсат алып, зерттеу жұмысына кірісті, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Мемлекеттік хатшы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына қатысты.
«Оның тиімділігін қамтамасыз ету үшін базалық әдіснама бекітілді, жұмыс топтарының тақырыптық жоспарлары қалыптастырылды, жергілікті жерлерде архив құжаттарын іздеу және зерделеу мәселелері бойынша кездесулер өткізіледі», – делінген хабарламада.
Осыған орай мемлекеттік хатшы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев мемлекеттік комиссия мүшелерімен бірге АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды.
Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын «бір минут үнсіздікпен» еске алды.
Мұражай-мемориалдық кешенін аралау барысында Көшербаев мұражайдың ғылыми-зерттеу және экспедициялық жұмысына ерекше назар аударды. Сонымен қатар әйгілі АЛЖИР лагерінің тұтқындарын, одан бөлек, республика аумағындағы лагерлерде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды, олардың отбасы мүшелерін ақтау Мемлекеттік комиссияның бір жұмыс тобының міндеті екенін атап өтті.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған болатын. Оның қызметі тарихты зерделеу мен архивтік зерттеулер жүргізу жөніндегі кешенді жұмыстың негізінде жүзеге асырылады. Комиссия қызметін ұйымдастыру аясында жобалық офис, екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы және 17 өңірлік комиссия құрылып, жұмыс істеуде.