Бүгінгі жастар неге қызығады?

1823

Қазір жаңа технология заманы. Интернетсіз өмірді елестету мүмкін болмай қалды. Жастардың көп қызығатыны – ІТ технология саласы. Осы орайда,  Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы жастардың қызығушылығына орай бейімдеп жатыр. Орталық жанынан «Робот-техника және конструкциялау» курсы ашылды. Аталған курс ІТ-технологиялар бағытын дамыту, робот-техникалық іс-шараларда жобаларды сәтті жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда. Карантин талаптарына сай орын саны шектеулі. Қатысу тегін. Қазір ниет білдірушілер конкурспен қабылдануда.  Аптасына алты күн оқытылады.
Мемлекеттік жастар бағдарламаларын насихаттауда «Жастарға қызмет» деген бөлім аштық. Кәсіпкерлік, қайтарымсыз субсидиялар, тұрғын үй, «Нұрлы жер» бағдарламасының ішінде қаншама бағыттар бар. Көп жастар оның бірін білсе, бірін білмейді. Сосын пробацияда жүрген, сотталған жастар жұмысқа кіре алмайды. Сол жастармен де жұмыс жүргізуді орталық мамандары қолға алып отыр.
Тағы бір ескерілетіні, қала жастары және жасөспірімдердің 46,9% ақылы үйірмелерге қатысатыны айқындалды. Айта кететін болсақ, қаламызда тіл үйрететін үйірмелердің көпшілігі ақылы. Бұл жастарға қымбат, студенттердің, оқушылардың қалтасы көтермейді. Қала жастарының, оқушыларының және студенттерінің сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы тіл үйрететін ақысыз үйірмелер ашу қолға алынуда.
Сондай-ақ, жүргізілген сауалнамадан 500 респонденттің 1% ғана музейге, театрға, көрмеге баратыны анықталды. Бұл көрсеткіш өте төмен. Студенттер және мектеп оқушыларын 2 айда 1 рет музей және көрмелерге баруын ұйымдастырып, жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту қажет. Жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, музейге баруына, жаңадан жарық көрген кітаптардың кеңінен таралуына, насихатталуына жағдай жасалуда.