Міндетті вакцинациядан өтпегендерді 15 шілдеден бастап тексермейтін болды

1329

Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев 15 шілдеге дейін қызметкерлерін вакциналауға міндеттелген нысандарда ешқандай тексеру жүрмейтінін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі хабарлайды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес қызметкерлерін вакциналау мерзімдері нақты әрі науқаншылдықтан ада болуы тиістігін айтқан болатын.

«Президенттің тапсырмасынан кейін кеше коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Сол жиында қызмет көрсету саласының қызметкерлерін вакциналау мерзімін 19 шілдеде нақтылау туралы шешім қабылданды. Яғни 15 шілдеден кейін аталмыш нысандарға қызметкерлері вакцина алмағаны үшін ешқандай шара қолданылмайды. Мұны міндетті вакциналау мерзімі 19 шілдеге дейін созылды деп қате түсінуге болмайды. Нақты қанша мерзімге созылатыны 19 шілдедегі ведомствоаралық отырыста белгілі болады», – дейді Ержан Байтанаев.

Сонымен, міндетті вакциналаудың мерзімі 19 шілдеде айқындалатын болды.