«Мен қашқан жоқпын». Ауғанстан президенті видеоүндеу жолдады

848

Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елінен кеткелі алғаш рет ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Оның айтуынша, қантөгістің алдын алу үшін Кабулдан кетуге мәжбүр болған. Ол президент сарайынан кетерде өзімен бірге қомақты қаражат алып кетті деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Отандастарым, ауған халқының басына түскен қиын кезеңдер тез арада аяқталады деген үміттемін. Елде бейбітшілік пен тыныштық орнауы керек.

Бүгін мен Біріккен Араб Әмірліктеріндемін. Елдің Қорғаныс министрлігінен көмек сұрағанда өміріме қауіп төнгенін білдім.

Тәліптер президент сарайының табалдырығында тұрғанда елден кетуден басқа амал қалмады. Батыс елдеріндегі әріптестерім кетпесем, жағдайды ушықтыратынымды айтты.

Елде қалып тәліптермен соғыс бастасам, бейбіт халықтың қаны төгілер еді. Сирия мен Йемендегі қантөгісті болдырмауды шештім. Сондықтан жағдайдың анық-қанығын білмей тұрып, шындыққа көз жеткізбей тұрып мені сынамауларыңызды сұраймын.

Елден кеткенде үстімдегі киімнен басқа ешнәрсе әкеткен жоқпын. Менің елден ақша шығарғаным жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тағы айтамын, мен қашқан жоқпын, мен жай ғана халқымның аман қалуын қаладым» деді видеоүндеуде.