Басты Әлем Макрон: Демонстранттардың ашу-ызасы «орынды»
Франция президенті Эммануэль Макрон телеарнадан үндеу жасап тұр. 10 желтоқсан 2018 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон жаппай наразылық акцияларына байланысты телеарнадан үндеу жасап, үкіметке қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 100 еуроға көтеруді және үстеме жұмысы үшін төленген жалақыға салық салмауға тапсырды.
Президент зейнеткерлер мен табысы аз адамдарды салықтан босатуға уәде берді.
Макрон «сарғылт жилет» киген демонстранттардың ашуы «орынды екенін» айтып, соңғы уақытта көптеген француздың әл-ауқатының нашарлауына өзінің де кінәлі екенін мойындады. Бірақ ол демонстрациялар кезіндегі зорлық-зомбылық пен полицияға шабуылдауды айыптады.
Францияда наразылық акцияларының басталғанына бір айға жуықтады. Ондаған мың демонстрант үкіметтен жанармай салығын көтеру жоспарынан бас тартуды талап етіп отыр. Алайда, билік жанармай салығын көтеруге алты ай мораторий жариялайтынын мәлімдеген соң үкімет саясатына қарсы акциялар күшейді. Парижде манифестанттар полицейлермен қақтығысып, дүкендерді қиратты, көліктерді өртеді. Франция БАҚ-ының мәліметінше, қарашаның ортасынан бері полиция бірнеше қалада төрт мыңға тарта демонстрантты «қоғамдық тәртіпті бұзды және бөтеннің мүлкін қиратты» деген күдікпен ұстады.
Макрон: Халықтың әл-ауқатының нашарлағанына мен де жауаптымын
Azattyq.kz