Қазіргі таңда Шымкент қаласында әкімдікпен бірлесіп, қаланы тазарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қылмыскерлерді анықтау мақсатында экстремизм және көші-қон желісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Жаппай тәртіпсіздіктің басынан бері полицияға 2716 тұлға жеткізілді. 177 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 175-і 15 тәулікке қамауға алынып, 2 тұлғаға айыппұл салынды.
«Коменданттық сағатты» бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 33 құқық бұзушы тартылды, оның ішінде 25 тұлға қамауға алынды. Бұғаттау бекеттерінде 7000 автокөлік тексерілді. Жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 8 азамат ұсталды. Автокөлікті тексеру кезінде 1 газ тапаншасы тәркіленді. Күдіктілерден 6 патроны бар 16-мм калибрлі тұмсығы кесілген қару, 5 жауынгерлік патроны бар 9-мм жауынгерлік калибрге қайта жасалған 1 травматикалық тапанша, 7,62-мм калибрлі 67 жауынгерлік патрон және 5,45-мм калибрлі 3 жауынгерлік патрон тәркіленді.
Сондай-ақ, тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының «Апорт» Сауда орталығынан ұрланған 23 дана «Айфон 11-ПРО» және 3 дана Самсунг А-25″ маркалы жаңа ұялы телефондар тәркіленді», — деді Полиция департаментіндегілер. Барлық қозғалған қылмыстық істер бойынша жаппай тәртіпсіздіктердің 52 қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта Полиция департаменті әскери бөлімдер және Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің күштерімен бірлесіп, төтенше жағдай режимінде жұмыс істеуде.
Қала шекарасында бұғаттау бекеттері қойылып, «Коменданттық сағат» жүзеге асырылуда, стратегиялық нысандарды күзету күшейтілді, қаладағы қоғамдық-саяси жағдай бақылауда. Айта кетейік, қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру мақсатында полицияның қарулы күзетінің сүйемелдеуімен «Халық», «Жусан», «Каспи» банктерінің банкоматтары толтырылуда.